Айдарбек Сапаров. «АЛПЫСТАҒЫ СОЛДАТ»
Маусым айында ғана 60-қа толған Айдарбек Сапаров өзін әлі күнге саптағы солдаттай сезінеді. Содан кейін де шығар, «солдатпыз ғой, қайда жұмсаса, сонда барамыз» деген сөзді жиі айтады.
Мұнысы дұрыс енді. Өйткені солдат бұйрықты екі етпеуі керек. Жалғыз міні – өзі біліп бірдеңе істеуге дәрменсіз. Себебін түсінесіз ғой, солдат атаулы өзіне жүктелген міндет-парыздың шеңберінен шыға алмайды. Ал кейіпкеріміздің артықшылығы сол, «шеңбер сызуға» шебер. Сондықтан біз бүгін Айдарбек Сапаровтың саясат пен аграрлық салада «сызған шеңберлерінің» ішінде не бар екеніне үңілеміз.
Араның құлағында ойнап...
Жаңылмасақ, Айдарбек Сапаров «солдатпыз» ғой деген сөзді алғаш рет 2023 жылы министр болғанда айтқан. Журналистердің бірі: «Сіз жақында ғана аграрлық салаға басшы болып келдіңіз. Айтыңызшы, министр болып тағайындалатыныңызды қашан білдіңіз? Ол кезде сіз қайда едіңіз?», – деген сұрақ қояды. Жауап мынадай болды: «Біз солдатпыз, президент қайда жұмсаса, сонда барамыз».
Былай қарасаңыз, жауапта мін жоқ. Себебі президент жұмсаса, бармай қоятын шенеунік болмайды. Оның үстіне білдей бір министрліктің тізгінін ұсынса, кез келген шенеунік ішіп отырған тамағын тастай салып, тұра жүгірмей ме?! Сондықтан кейіпкеріміздің бұл сөзін қысқа да нұсқа айтылған өте орынды жауап деп есептейміз. Дегенмен Отанды жалғыз өзі қорғағандай, солдат екенін қайталап айта берудің не жөні бар?! Өйткені отыз-қырықтың төңірегіндегі «сарыауыз шенеуніктер» болмаса, кейіпкеріміз құралыптас шенділердің бәрі де әскерге барған. Мысалы, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов бақандай үш жылын Үнді мұхитының түбінде, сүңгуір қайықтың ішінде өткізді. Бірақ «мен матрос едім, президент қай айдынға салса да, жүзе беремін» деген әкімді ешкім көрген жоқ.
Сонымен Сапаров солдат екенін тағы қай жерде айтты? Әскери борышын Германияда өтегенін мәртебе көре ме, әйтеуір, қызметіне қатысты сәл ыңғайсыздау сұрақ қойылса, болды, кейіпкеріміз «солдатпыз ғой» деп қойып қалады. Мысалы, 2024 жылы Үкімет тарап, жоғарыда ию-қию болып жатқанда, әріптестеріміздің бірі: «Министрліктен айырылып қалам-ау деген қорқыныш жоқ па?», – деп сұраған. «Ешқандай қорқыныш жоқ. Қандай қорқыныш болса да, біз әрқашан сенімді болып жұмыс істеуіміз керек», – деді Сапаров. Болды ғой, бұдан артық не керек? Жоқ, кейіпкерімізге ұдайы әлдене жетіспей тұрады. Сапаров сол жетіспей тұрған дүниені айтып, сөзін былай түйіндеді: «Біз солдатпыз, қайда жұмсаса, сонда барамыз».
Айдарбек Сапаровтың нағыз солдат екеніне көзіңіз жетсе, енді мына қызыққа қараңыз: өткенде Ауыл шаруашылығы министрінің «араның құлағына жармасқан» видеосы әлеуметтік желіні шарлап кетті. Екі кісілік араның екі басында – шаруа мен шенеунік. Шаруа үстіне қарапайым киім киген, министр – кәстөм-шалбармен. Шамасы ұйымдастырушылардың алдын ала ойластырған қарекеті болуы керек, кепкен қарағайды кесуге ыңғайлы деңгейге дейін аша ағашпен көтеріп қойыпты. Қос кісілік араны ерсілі-қарсылы «жүгірткен» екеу әп-сәтте бөрененің ұшынан қалың кітаптың қырындай тұсын «қағып» түсіреді. Ысқырған ел, улап-шулаған жұрт. Қол шапалақтап, құрмет көрсеткен қауым.
Мұны көрген әлеужелі қолданушылары не дейді? Не деуші еді, «Ара ұстау да әптәритет болған ба, солдат Сапаров тұрмақ, әйел басыммен мен де отын кесемін ғой» депті, тілі удай бір келіншек. «Пай-пай, тау қопарған екен-ә, ар жағындағылар сол үшін қол соғып тұр ма?» депті тағы бірі. Шыны керек, біз мұндай «бейдауа» пікірлерге қосыла бермейміз. Ел сұрады, министр кесіп берді, онда тұрған не бар енді?! Қайта, байқасаңыз, шаруа араның құлағын екі қолымен ұстап алып, «тыртыңдап» жатса, министр бір қолмен-ақ сырылдата салды. Бұл не? Бұл – әскери адамға тән әбжіл қимыл.
Дегенмен бір мәселе бар. Сапаровты тек «солдат деңгейінде» ғана қабылдауға болмайды. Бұл кісі шашынан қара тырнағының ұшына дейін саясаткер. Ал саясаткер әр қадамын есеппен жасайды. Ендеше, «ара мәселесі» ненің ара-жігін ашуға арналған? Кейбір білгіштер «Солтүстікке барған министр әлдекімдерге «кесіп алам» дегенді ескерту үшін араның құлағына жабысты» дейді. Бұл не сөз? Астарын келесі бөлімдерде біртіндеп ашамыз.
Қарт солдаттың «білместігі»
Айдарбек Сапаровтың өзі танитын шаруамен ара тартқаны көптің қошеметін тудырғаны рас болса, рас шығар. Бірақ кейіпкеріміз журналистермен кездескен сайын қатты ағаштың түйініне тірелген араның жүзіндей бір «ызың» шығады. Сол ызың министрдің жүйкесіне де тиіп кете ме, арты «ұрысқа» ұласып жатады. Мысалы, бұл кісі 2024 жылы журналист Мәдина Жатқанбаевамен жатта кеп «айтысқан». Ол кезде аграрлық саладағы жемқорлық мәселесі таласқа түскен еді.
Ал 2026 жылдың басында әріптесіміз Жәния Ұранхаева кейіпкерімізді ұрымтал тұстан «ұрды». Сұрақ былай: «Сіз 2023 жылы министр қызметіне келген кезде ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін көп туыстарыңыздың ешқайсысы субсидия алмайтынына уәде берген едіңіз. Алайда 2019-2020 жылдары бауырыңыз Алтынбек Сапаров бюджеттен 713,5 млн теңге алғаны белгілі. Соңғы үш жылда сіздің туыстарыңыз субсидия алды ма?».
Былай қарасаңыз, мұнда тұрған не бар? Кейіпкеріміз министр болмай тұрғанда, бауыры субсидияны күреп алыпты. Енді бұл кісі министр болғаннан кейін «туыстарым соқыр тиын алмайды» деп уәде беріпті. Болды ғой, ар жағын қалай айтам десе де, өзі біледі. Әйтсе де, Айдарбек Сапаровтың сол кездегі сөзі – солдаттың саңқылдаған дауысынан гөрі, сауысқанның шықылығына көбірек ұқсап кеткен.
«Мен осы сұраққа талай рет жауап бердім, интернетті, YouTube-ті шолып шығыңыздар. Менің оған ешқандай қатысым жоқ екенін өздеріңіз жақсы білесіздер. Еш жерде құрылтайшы емеспін. Олар өз жұмыстарын өздері біледі. Серіктестер, пайшылар бар. Сол пайшылардың біреуі наразылық танытып немесе шағым айтқанын естідіңіздер ме? Барлығы өз жұмысын жоғары деңгейде атқарып жатыр. Мен қатыспаймын, білмеймін және білгім де келмейді», – дегенеді бұл кісі.
Міне, осы кезде «қайдағы мен жайдағыны» қозғап, «бәле» іздейтін журналистерді жақтырмағандар да кездескен. Ал соңы не болды? Әйбат болды! Айдарбек Сапаровтың ағасы – Қайырбек Сапаровқа тиесілі «Булаев Астық» элеваторы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 234,7 млн теңге пайда тапқан. Бұл жөнінде «сүйінші сұрап», хабар таратқан «Курсив» медианың дерегінше, Қайырбектің қамбасынан былтыр түскен табыс 2024 жылмен салыстырғанда, 30,9 пайызға өскен екен. Мұндағы маңызды мәселе, кейіпкеріміз «білмеймін» деген сөзді ақпанда айтқан, ал бауырының табысы туралы дерек тамызда тарады.
Сонда бүкіл аграрлық саланың кіріс-шығысын жіпке тізіп отырған министр бауырының өткен жылы неше пайда тапқанын білмей қалған ба? Әлде білуді жөн деп санамаған ба? Ең құрса, «Субсидиясын қайдам, бірақ табысы тәуір» дей салса, журналистер дәл бүгінгідей шуламас еді ғой. Ең қызығы, Қайырбектің табысты қамбасы туралы ақпар мен Айдарбектің «ара тартқан» видеосы іркес-тіркес тарады. Ендеше, мұнда қандай мән бар? «Сендер айта беріңдер, мен «кесе берем» дегенді меңзегені ме, әлде «қолдарыңнан келсе, кесіп алыңдар!» деген түрі ме? Мұны кім қалай түсінсе де, өзі біледі. Ал біз кейіпкерімізді тыңдап, интернет пен YouTube-ке шолу жасаймыз.
Солтүстікті Сапаровтар «ұстап» тұр ма?
Осы сараптаманы жазарда министрге сауал жіберсек пе деп бір ойладық та, артынан айныдық. Себебін сезіп тұрған шығарсыз, өзіне ұнамайтын сұрақ естісе, министрдің «түрі түтігіп» шыға келеді. Оның үстіне «қағазды былғап», хат жөнелткенде, «интернеттен қарап алыңдар» деген жауап келмесіне кім кепіл?! Міне, сондықтан енді Сіз бен біз болып, интернет ақтарайық.
Әңгімені мынадан бастаған дұрыс секілді. Кейіпкеріміз Солтүстік Қазақстан облысының Мағжан Жұмабаев ауданында өмірге келген. Мектепті бітірген соң бухгалтерлік курстан тәлім алады да, Калинин кеңшарында есепші болады. Әскерден келген соң екі бірдей жоғары оқу орнын тамамдап, нағыз маман болып оралған еді. Алайда солдатқа қызмет дайындап отыратын заман емес, бұл кезде одақтың талқаны шығып, колхоз-совхоздың бәрі тарап кеткен. Сондықтан Айдарбек Сапаров «Ноғайбай» серіктестігіне директор болды. Міне, осы «Ноғайбай» серіктестігін есіңізге жақсылап сақтап алыңыз. Айдарбек Сапаров кейін қызметте өсіп, құлашын кең сермегеннен кейін серіктестікке оның бауыры Алтынбек Сапаров иелік еткен.
Обалы не керек, Алтынбек Сапаров серіктестіктің «сапасын» көтерді. Көтергені сол, дәнді және майлы дақылдар егумен, сүтті бағыттағы ірі қара өсірумен, сондай-ақ тұқым шаруашылығымен айналысатын «Ноғайбай» ЖШС өркендеп, өсіп, «балалады». Яғни «Ноғайбай» серіктестігінен «Ноғайбай» шаруа қожалығы «туды». Қос «Ноғайбай» айналасы 2 жылдың ішінде үкіметтен 713,5 млн теңге субсидия алғанын естігенде, журналистердің «төбе шашы тік тұрған». Міне, ағайынды Сапаровтардың табысты бизнесіне қатысты әңгімелер алғаш рет осы кезде шықты. Бірақ кейіпкеріміз әдеттегідей, «қатысым жоқ, білмеймін» деп құтылған. Ал шындығында, Алтынбектің субсидияны сыпырып алғаны мен Айдарбектің АШМ-ге бірінші орынбасар болып баруы 2019 жылға сәйкес келеді.
«Алтынбектің астығы Қайырбектің қамбасында сақталады» деген әңгімені Солтүстік жұрты бұрыннан айтатын. Дегенмен бұған қарап, Сапаровтар әулеті Алтынбек пен Қайырбектің «аузына қарап» отыр екен деген ой тумауы керек. Айналасындағы жұрттың бәрі жанталаса жұмыс істеп жатқаннан кейін Айдарбектің әйелі де үйде тегін отыра алмаған сияқты. Ботакөз Сапарованың «Сейпил Малик» деген шаруа қожалығы бар. Аты орысша екен демесеңіз, алдыңғы сөзі қайын атасының атымен сәйкесіп тұр. Сондықтан министрдің әйелін әулеттің сыйлы келіні деп болжауға болатындай. Алайда «Сейпил Малик» қожалығына қатысты дерек тапшы. Соған қарағанда, «Басқасы басқа, сен қоя тұршы, онсыз да біз туралы айтып жатқандар көп» деп кейіпкеріміздің өзі қосағын «ауыздан қағып» тастады ма, кім білсін!
Бұлай ойлайтын себебіміз, Сапаровтар әулетінің аграрлық салада «сызған шеңбері» жергілікті тұрғындардың «тынысын тарылтып» бара жатқандай көрінетіні бар. Мысалы, Айдарбек Сапаров Солтүстік Қазақстан облысының әкімі қызметінен кетіп, орнына Ғауез Нұрмұхамбетов барғанда, журналистердің бірі жаңа әкімге былай деп сұрақ қойған: «Өндірушілердің осындай өкпесі бар. Ауыл шаруашылығы министрінің туыстары солтүстіктің жерін басып алған дейді, осы рас па?».
Жауап қалай болғанын ішіңіз сезіп отырған болар...
«Нұрсұлтанның әкесі» және құдандалық сыры
Саясаткерлігі шығар, кейіпкеріміз – қатарынан бірер қадам алда жүретін кісі. Мәселен, ілгеріде шенділердің көбі Нұрсұлтанды «папа» тұтып, оған «бала» болудың әуресімен «таңын жырта» шапқылап жүргенде, Айдарбек Сапаров ұлына Нұрсұлтан деген ат қойды да, Нұрсұлтанға «әке» болып шыға келді. Сол Нұрсұлтан қазір не істейді? Не істеуші еді, ол да ауыл шаруашылығымен айналысады. Түсінген адамға Нұрсұлтан Сапаров пен Нұрсұлтан Назарбаевтың «болашақты бағдарлау межесі» ұқсас көрінеді. Өйткені кіші Нұрсұлтан – «НҰР-АГРО 2050» дейтін серіктестік құрылтайшыларының бірі. Қызығы, «бұл серіктестік Айдарбек Сапаров АШМ-ге тұяқ іліктірген соң, екі айдан кейін тіркелген» дейді, интернет деректері. 2050-ді меже қылған жігіттің серіктестігі 2019 жылы, яғни бір жылдың ішінде ғана 102,8 млн теңге салық төлепті. Соған қарағанда, табысы да аз болмағанға ұқсайды.
Айдарбек Сапаровтың Солтүстікке «сұлтан» болуының сырын жекжаттық жақындықтан іздейтіндер де аз емес. Мұндай пікірлерге біз қосылмаймыз, дегенмен құдандалыққа қатысты «интернет деректерін» де осы жерге қыстыра кетпесек, кейіпкеріміз «Жас Алаш» журналистері YouTube көрмейді екен» деп бізді «жазғыруы» мүмкін. Ендеше, тыңдаңыз, министрдің үкілеп өсірген қызы – Сұлушаш Сапарова Әділхан Арыстанов деген жігітке тұрмысқа шыққан. Ал Әділхан Арыстанов деген кім? Ол – Арыстан Нығматулиннің баласы. Ал Арыстан Нығматулин – Нұрлан Нығматулиннің туған ағасы. Яғни Нығматулиндер мен Сапаровтар – құйрық-бауыр жесіп, төс қағыстырған мыңжылдық құдалар.
Ал Әділханның екі жаққа да тең қарайтын әдептілігі бизнестегі қадамдарынан байқалады. Дмитрий Шишкиннің екі жыл бұрын айтқан дерегінше, бұл жігіт – «Agro Lab» ЖШС құрылтайшыларының бірі. Сондай-ақ 2020 жылдан бастап «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жетымшоқы СП» ЖШС-ын басқарады. Алдыңғысының қайынжұртына, кейінгісінің өз туыстарының бизнесіне қатысы бар. Айдарбек Сапаровтың күйеубаласы қанша табыс табады деп тереңдегіміз келмейді. Тек бір ғана дәйек айтайық: «Agro Lab» ЖШС 2019-2023 жылдары аралығында ғана 761,5 млн теңге салық төлеген...
Саясатты терең білген адамның ұл-қызы да өмірден өз орнын табады ғой, негізі. Жуырда ғана кейіпкеріміздің тағы бір ұлы – Айсұлтан Сейпеловтің Шортанды ауданының әкіміне орынбасар болғаны туралы ақпар тарады. «Сапаров» деген сөзді естісе, «селк ете» қалатын журналистер сұрау салған ба, әйтеуір, Шортанды ауданының әкімдігі «конкурстық рәсімдер кезінде үміткердің Ауыл шаруашылығы министрінің ұлы екенін білмедік» деп жауап берген көрінеді. Былай қарасаңыз, рас қой, үміткер дегеніңіз қазір «иттің басынан көп», оның қайсысы кімнің баласы екенін тексеріп отыратын уақыт қайда?! Әлде Айдарбек Сапаровтың өзі «Білмедім деген – бір сөз. Мен құсап, «білмей» қалыңдар» деп ақыл үйретті деп ойлайсыз ба?!
Түйін
Шенеуніктердің шинелін «шешкенде», басқарған саласындағы былықтарды да су бетіне шығаратынбыз. Ал Сапаровқа келгенде, сәл басқаша ой өрбітуге тура келді. Өйткені кейіпкеріміздің өзі «керегіңді интернеттен тауып ал» деуге құмар кісі. Сондықтан біз «тауып алған» дүниелерімізді плацтағы солдаттай сапқа тіздік те, маңызды дегендерін «төбесінен» түртіп-түртіп шықтық. Алайда бұған бола, Айдарбек Сапаров бізге өкпелемеуі керек. Себебі мақаламыздың жартысы – ауыл шаруашылығына арналды. Бұдан шығатын қорытынды – аграрлық саланың дамуына Сапаровтар әулеті «салмақты үлес» қосып жатыр деген сөз. Ал енді мұның несі жаман?!
Айтпақшы, «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» деген тәмсілді білесіз. Солдат екенін елдің есіне жиі салмаса, көңілі көншімейтін министрдің көкейінде де сондай бір «қиял» жатыр ма деп топшылаймыз. Мейлі ғой, арман мен қиялдың түбі – бір, «Әр кәллада бір қиял» деген сол...
Сансызбай НҰРБАБА