Әйелі мен үш жасар қызын аяусыз сабаған талдықорғандыққа үкім шықты
Жетісу облысында қоғамды дүр сілкіндірген іс бойынша сот үкімі жарияланды.
Талдықорған қаласының тұрғыны өз әйелі мен үш жасар қызын аяусыз соққыға жыққаны үшін төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
Оқиға биыл ақпан айында болған. Әлеуметтік желілерде денесі көгеріп, жарақат алған үш жасар қыздың видеосы таралып, жұртшылықтың ашу-ызасын тудырған еді. Кейін белгілі болғандай, балақай өз әкесінің қолынан жапа шеккен. Бұған қоса, бүлдіршін бұған дейін шетелде бауыр трансплантациясы бойынша күрделі отадан өткен.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, күйеуі мас күйінде өзін де, қызын да ұрып-соққан. Дәрігерлер баланың денесінен зорлық-зомбылық белгілерін анықтаған соң полицияға хабарлаған.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті оқиға болған күні ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Алғашында іс Қылмыстық кодекстің 106-бабы («Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру») бойынша тергелгенімен, кейін 110-бапқа («Азаптау және ұрып-соғу») қайта сараланған.
Нәтижесінде Талдықорған қалалық соты айыпталушыны кінәлі деп танып, төрт жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.