Әлеумет

«Әйелді аңдып, маза бермеген»: Қызылордада сталкинг жасаған ер адам қоғамдық жұмысқа тартылды

Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы (Сталкинг) бойынша 100 сағат қоғамдық жұмысқа тартылған қала тұрғыны алынды.

Фото: Жас Алаш / ЖИ

Сот материалдарына сәйкес, ер адам бірнеше жыл бойы бір әйелді оның қарсылығына қарамастан жүйелі түрде аңдып, мазалаған. Ол жәбірленушіге қайта-қайта телефон соғып, хабарламалар жіберіп, өзінің сезімін білдіруін тоқтатпаған.

Сонымен қатар әйелдің үйі мен жұмыс орнына барып, оның тыныштығын бұзуды жалғастырған. Мұндай әрекеттерден кейін жәбірленуші құқық қорғау органдарына арызданған.

Сот үкімімен азамат Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-1-бабы бойынша кінәлі деп танылып, оған 100 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды. Сондай-ақ оған пробациялық бақылау белгіленді.

Қазіргі уақытта сотталған азамат Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебіне алынып, сот белгілеген қоғамдық жұмыстарды атқаруда.

Сайт Әкімшілігі