Оқиғалар

«Әйелдерден ерлердің саны көп»: ОСК «Әділет» партиясынан кандидаттар тізімін тіркеді

Бүгін Орталық сайлау комиссиясы «Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттарының сайлауына қатысатын партиялық тізімді тіркеді.

Фото: ашық дереккөз

Дереккөзге сүйенсек, тізімде 186 кандидат бар. Кандидаттардың арасында әр саланың өкілдері, атап айтқанда, заңгер, ғалым, кәсіпкер, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, цифрландыру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, мәдениет пен қоғамдық қызметтердің өкілдері бар.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, «Әділет» партиясының кезектен тыс өткен III съезінде Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімі бекіген еді.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 8 қыркүйекте Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірпалаталы парламент моделіне көшу жөніндегі ұсынысын жариялады.

Фото: ашық дереккөз

Президенттің пікірінше, Құрылтай депутаттарын партиялық тізім арқылы сайлау әлемдік парламенттік тәжірибеде кеңінен қолданылатын әрі тиімді тәсілдердің бірі.

Арада тоғыз ай өткен соң, 2026 жылғы 5 маусымда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңға қол қойып, жаңа парламенттік модельдің құқықтық негізін бекітті.

Заңға сәйкес Құрылтайдың ұйымдастырылу тәртібі, заң шығару қызметі, депутаттардың мәртебесі мен өкілеттіктері белгіленді. Сондай-ақ Құрылтайға вице-президентті, премьер-министрді, Конституциялық сот судьяларын, Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палатаның мүшелерін тағайындауға келісім беру, Президенттің ұсынысымен Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және қызметтен босату, судьялардың қолсұғылмаушылығын қарау, Президент сайлауын тағайындау, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептерін бекіту сияқты конституциялық өкілеттіктер берілді.

Сайт Әкімшілігі