Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекасының шарттары өзгереді
Әйелдерге арналған "Ұмай" ипотекалық бағдарламасының бастапқы жарнасын төмендету тетіктері әзірленіп жатыр.
Жаңа шарттарды 2027 жылы жариялау жоспарланған. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте Өнеркәсіп және құрылыс комитетінің төрағасы Бақытжан Жүнісбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір бағдарламаға қатысты қаржылық модель "Отбасы банкімен" бірлесіп әзірленіп жатыр.
Комитет төрағасы жаңа тетіктерді келесі жылы таныстыру жоспарланып отырғанын айтты. Ал Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков бағдарламаға сұраныстың артуы мен кезектің пайда болуына түсініктеме берді. Оның сөзінше, сұранысы жоғары бағдарламалар мен қаржы өнімдерінде мұндай жағдай жиі кездеседі.
Вице-министр қосымша қаржы бөлінсе, бағдарламаның ауқымын кеңейтіп, сұранысты азайту жолдарын қарастыруға болатынын жеткізді. Қосымша құралдар бюджет пен нарықтың мүмкіндігіне қарай әзірленбек.