АЙҒЫР АДАМ
Күйеуіне қылымсығанда, «айғырым» деп еркелететін әйелдер әдіра қалды. Өйткені білесіз ғой, әсілі мұндай әңгімелер оңаша жерде, тас қараңғыда айтылады.
Ал Айдарбек Қожаназаров «тапайдың тал түсінде» Respublica партиясын айғырға теңеді. Respublica мен «Ақ жол» арасындағы «ерегесте» есектен басқаның бәрі аталды. Бұл нені білдіреді? Демек, сайлау «сұрапыл», тартыс «сойқан» болады деген сөз. Осыны ескеріп, партия төрағаларын «Қыжыртпаның» дастарқанына кезек-кезек шақырғанды жөн көрдік. Шақырғанда, қой сойып, бас тартады дейсіз бе, өздерінің аузынан шыққан ащы-тұщы сөздері мен істерін қосып, қатырып тұрып «қуырдақ қуырып» береміз. Сонымен бүгінгі қонағымыз – Айдарбек Қожаназаров.
Депутаттар мандатын өткізіп беріп, Парламентте құлаққа ұрған танадай тыныштық орнағанда, қос партия арасында күтпеген жерден «төбелес» басталып кетті. Негізі алғашқы «соққыны» Respublica партиясы жасаған секілді. Себебі 4 шілде күні өткен съезде партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков өздерін «кәсіпкерлердің үні» санайтын жандарды сынай келіп, былай деген: «Ондаған жыл бойы екі орындықта отырып, өзіңді абыройлы арғымақ қылып көрсете алмайсың, іс жүзінде кішкентай сәндік пони ғанасың».
Байқасаңыз, бұл жерде «Ақ жол» деген бір ауыз сөз жоқ. Бірақ Құспековтің сыны кімге бағытталғанын «ақжолдықтар» да, басқалар да түсінді. Түсінгені сол, «Ақ жолдың» ақсақалы Қазыбек Иса Respublica-ның сынын «пілге үрген кәнденмен» салыстырды. Демек Құспековке сенсеңіз, «Ақ жол» – пони, Исаға нансаңыз, Respublica – кәнден. Сонда мұның қайсысы дұрыс? Шіркін, Қожанасыр «тірі» болса, «сенікі де жөн, сенікі де жөн» деп екеуіне төрелік айтар ма еді, кім біледі. Бірақ бізге Қожанасырдан гөрі Қожаназаровтың пікірі қызығырақ. Екі партия арасындағы «жаға-жыртыс» бүкіл жұртқа жайылғанда, қаумалаған журналистерге қарап тұрып, Айдарбек Қожаназаров былай деді: «Өзімізді бәйгеге лайықты ақалтеке бар, Қостанай тұқымы ма, Адай тұқымы ма, басқа ма, айғырға теңеп отырмыз».
Былай қарасаңыз, бұл жерде де «Ақ жол» деген бір ауыз сөз жоқ. Алайда Respublica партиясының төрағасы дәл осы сөзімен-ақ «ерегескен» тарапты «етпетінен» түсірді. Қалайша? Қалайша деріңіз бар ма, Азат Перуашев төрағалықтан кетті ғой. Әйтпесе, «сен айғыр болсаң, мен де – айғыр, келсең – кел» деп ар жақта айбат шегіп, Азат тұрса, жұртшылық қос айғырдың «армансыз шайнасуына» куә болмас па еді?! Ал Дания Еспаева дәл осылай айта ала ма? Әрине, айта алмайды. Көрдіңіз бе, қарсыластың әлсіз тұсын Қожаназаров қалай табады?!
Дегенмен осы айтыс-тартысты, партиялар арасындағы бәсекеден гөрі, шайпау әйелдердің ұрсысына ұқсатқандар көп. Саясаттан хабары бар ел «Бірін-бірі пони мен кәнденге теңегісі келсе, оны Мәжілісте отырғанда айтуы керек еді. Парламентте бір үйдің баласындай тату тұрып, енді былай шыға «шәуілдескендері» – екіжүзділік. Бұлар бар ма, бұлар тура «Сенің күйеуің – ішкіш», «ал сенің күйеуің – жүргіш» деп көшені басына көтеріп, ұрсысатын әйелдерден аумайды» деп «көсемсиді».
Айтқан ел айта берсін, бізге Қожаназаровтың «айғырлығы» ұнайды. Қанша дегенмен «қонағымыз» ғой, енді осы сөзді неге айтқанын тәпсірлеп көрейік. Біріншіден, Айдарбек Асанұлы еңбек жолын 23 жасында «ТұранӘлемБанкінен» бастаған. Отызға толмай, бірталай басшылық қызметтердің құлағын ұстады. 2023 жылы еліміздегі ең ықпалды бизнесмендердің сапынан көрінді. Демек, Қожаназаров кәсіпте – айғыр.
Екіншіден, бұл кісі «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінде төрағаның орынбасары, «Иволга-Холдинг», «Олжа Агро» секілді серіктестерде директор болған. Яғни, мал таниды. Жылқының бәрін «ат» деп ойлайтын кейбіреулердей емес, айғырдың «не істейтінін» біледі.
Үшіншіден, Айдарбек Қожаназаров – Көкпар федерациясының президенті. Естіген шығарсыз, көкпаршылардың дені додаға белі жуан айғыр мінеді. Азынаған айғыр алысқа шаппаса да, кез келген топқа кеуделеп кіреді. Қырда көкпаршылар қиқуласа, Парламентте отырып Қожаназаровтың тақым қысатыны содан.
Төртіншіден, көкпар көріп жүріп «көп нәрсе» үйренген бе, Қожаназаров Respublica ішінде «айғыр» екенін тағы да дәлелдеді. «Ақ жол» мен «Ауылдың» төрағалары ауысып жатқанда, «айғыр адамды» ешкім орнынан қозғай алған жоқ. Демек, бұл кісі 2029 жылға дейін партия тізгінін уысында ұстап, әлі талай бәсекелестерімен «шайнасады».
Бесіншіден, Қожаназаров – жаңа партияның іргесі қаланып жатқанда-ақ ішкі додада оза шапқан айғыр. Тек бір мәселе ғана бар, Respublica құрылғанда, жалдамалы журналистердің «Сырымбек Тау, Сырымбек Тау!» деген дауысы тау-тасты түгел «жаңғыртқан». Сол кезде ардагер журналист Арман Сқабыл: «Айналайындар, тау тұрмақ шың болса да, әдеп сақтасаңдаршы, үгіт-насихат әлі басталған жоқ қой», – деп әріптес іні-қарындастарына «ұрсып тастағаны» есімізде. Осы жерде Арман Сқабылдың «Ақ жол» партиясының хатшысы екенін де айта кетейік. Бірақ Сырымбекке кедергі «Ақ жолдан» емес, басқа жақтан келді. Орталық сайлау комиссиясы Сырымбек Тауды кандидат ретінде тіркемей, жігерін құм қылды. Осыны ескерсек, Айдарбек Қожаназаровтың қалай «азынап» алға шыққаны түсінікті бола түсетін сияқты.
Бір қызығы, Respublica – тең төрағасы көп партия ретінде тарихта қалуы керек. Кезінде Сырымбек Тау, Айдарбек Қожаназаров, Руслан Берденов, Динара Шүкіжановаларды есептемегенде, Қуаныш Шоңбай мен Нұрлан Қоянбаев та осы партияның тең төрағасы болған. Ұзын-ырғасы – сегіз тең төраға. Егер олардан ОСК тіркемеген Сырымбек Тауды алып тастасақ, жетеуі қалады. Сол жетеуден ішінен оза шапқан Қожаназаровтың жетістігін Сіз қалай жеңіл-желпі жеңіс дей аласыз?!
Енді негізгі мәселеге көшейік. Бес бие қайтаратын айғыр бар, он бие қайтаратын айғыр бар. Бірақ айғырдың «абырой-беделі» қанша бие қайтарғанымен ғана өлшенбейді. Текті айғыр үйірін өргізіп-жусататын өрісін қориды. Қияға салса – қасқырға жем, шығандап кетсе – ұрыға олжа болатынын біледі. Міне, осы мәселеге келгенде, Қожаназаровтың ойы сәл қожырап кеткендей көрінеді. Оны қайдан білеміз? Жоғарыдағы сөзін сәл қысқартып айтсақ, «Бәсекеде өзімізді айғыр сезінеміз» деген мән шығады. Ал бәсеке деген не? Бәсеке деген – сайлау. Сайлауға жалғыз Respublica мен «Ақ жол» түспейтінін білесіз. Сонда бүкіл партиялардың ішінде Respublica өзін айғыр сезініп тұр ма?
Айғырлық «өктемдікпен» қарасаңыз, дұрыс шығар, бірақ саяси өлшемнің таразысына салсаңыз, өте қатерлі сөз. Неге? Негеңіз не, құдай-ау, халық білетін «айғыр партия» бізде біреу ғана ғой. Баяғыда, ол «Отан» болатын. Кейін «Нұр Отанға» айналды. Өйткені партияның басында «құйрық-жалы төгілген» Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі тұрды. Қаңтардан кейін «Жаңа Қазақстан» орнағанда, «Нұр Отанның» ноқтасы «AMANAT-қа» ауысты. Өз тарихында «AMANAT» ешкімді алдына шығарған жоқ. Керісінше, өзге партиялар үйірінен бөлініп қалған жабағыдай «AMANAT-ты» айналсоқтап жүрді. Енді сол бас партия «Әділетке» қосылды да, бүкіл «айғырлық» міндет-парызын «өз қолымен» өткізіп берді. Демек, айғырлық статус – «Әділетте».
Ендеше, Қожаназаровтың сөзі – не сөз? Біз мұны саясаткерлерден емес, мал баққан шаруадан сұрадық. «Жас Алаштың» тұрақты оқырманы, қора-қора қой, үйір-үйір жылқы өсіретін Жұмасейіт көкемізбен әңгімеміз былай өрбіді:
Жұмаға, қараңыз, егер жас айғыр өзін бас айғыр санаса, не болады?
Сәурік пе, не бәле?
Сәурік болғанда, белгілі айғыр ғой, «үйірге түскеніне» 3-4 жыл болған.
Енді?
Енді сол, жалғыз айғыр – өзіммін дей ме, бірдеңе...
Сен бері қара, сәурік боп әлсіздік танытса, кексе айғырлар үйірін тартып алады, болмаса шоқтықтан айырады. Ал маған ұнамады бар ма, өз обалы өзіне, ат қылып қыстырып, малшыларға мініске беремін...
Сансызбай НҰРБАБА