Оқиғалар

"Айқап" – ұлттық сананы оятқан басылым

"Айқап" журналының 115 жылдығына орай

Фото ашық дереккөз

ХХ ғасырдың басы қазақ халқы үшін маңызды тарихи кезеңнің бірі десек, жер, оқу-ағарту, ел басқару, сот ісі, мәдениет және халықтың әлеуметтік жағдайы сияқты көптеген мәселелерді халыққа жеткізіп, қазақ зиялыларының ой-пікірін жариялаған басылымның бірі – "Айқап" журналы болды.

"Айқап" журналы 1911–1915 жылдары Троицк қаласында жарық көрді. Журналдың редакторы әрі ұйымдастырушысы Мұхамеджан Сералин болды. Басылым бетінде қазақ қоғамының өзекті мәселелері талқыланып, сол кезеңдегі қоғамдық ойдың қалыптасуына әсер етті.

Журналдың ұлттық санаға әсерін тек оның қандай тақырыптарды көтергенімен ғана емес, нақты мақалалары арқылы да түсінуге болады. Осы тұрғыдан Ахмет Байтұрсынұлының "Тағы да народный сот хақында" атты мақаласы "Айқап" журналының 1911 жылғы № 6 санында жарық көрді. Мақаланың негізгі тақырыбы – қазақ қоғамындағы сот ісі, халық соты және сайлау мәселесі. Автор сол кездегі қоғамда қалыптасқан жағдайды талдай отырып, халықтың сайлау мен сот жүйесінің мәнін дұрыс түсінуі керек екенін айтады. Мақалада билердің орнына сайлау арқылы енгізілген "народный сотқа" байланысты мәселелер қозғалады. Мақаланың ерекшелігі Ахмет Байтұрсынұлы "сот дұрыс па, бұрыс па?" деген сұрақпен ғана шектелмей, оның қоғамдағы себептеріне назар аударады. Автордың пікірінше, мәселенің бір себебі – халықтың сайлаудың мағынасын толық түсінбеуі. Яғни сайлау халықтың пайдасы үшін жасалуы керек болса, кей жағдайда ол жеке адамдардың немесе белгілі бір топтардың мүддесіне айналып кеткен. Автор осы арқылы қазақ қоғамындағы рушылдық, талас-тартыс, жеке мүддені жоғары қою сияқты мәселелерді сынайды. Бұл жерде Ахмет Байтұрсынұлының сыншыл көзқарасы анық байқалады. Ол қоғамдағы кемшілікті жай ғана айтып қоймай, оның халықтың өміріне әсерін түсіндіруге тырысады.

Мақалада билер мәселесіне де көңіл бөлінеді. Ахмет Байтұрсынұлы бұрынғы билердің қоғамдағы орнын толық жоққа шығармайды, бірақ сол кездегі билік жүргізу тәртібіндегі кемшіліктерді көрсетеді. Ахаңның ойынша, сот белгілі бір адамның жеке қалауына емес, нақты қағидаға және әділдікке сүйенуі керек. Мақала соңында қазақтың әдет-ғұрып заңдарын жинап, реттеп, қажет болса шариғат пен заң талаптарымен толықтырып, ортақ қағида жасау туралы ұсыныс айтылады. Осы жерден автордың негізгі мақсаты байқалады. Ол халыққа тек сын айтып отырған жоқ, мәселенің шешу жолын да ұсынуға тырысады. "Тағы да народный сот хақында" публицистикалық мақаласы қоғам үшін маңызды мәселені көтереді. Мақалада талдау, сын, пікір және ұсыныс қатар кездеседі. Ахмет Байтұрсынұлы халықтың кемшілігін ашық айтып, оны түзетуге шақырады. Мысалы, автор сайлау мәселесіне байланысты халықтың оны дұрыс түсінуі қажеттігін көрсетеді. Бұл арқылы оқырманды өз қоғамына сын көзбен қарауға үйретеді. Мақала тілінде сол кездегі қоғамдық-саяси ортаға тән сөздер кездеседі. "Народный сот", "сайлау", "би", "қағида", "шариғат", "низам" сияқты ұғымдар мақаланың негізгі мазмұнын ашуға көмектеседі. Сонымен бірге автордың ойы нақты әрі дәлелді түрде беріледі.

Мақаланың ең маңызды тұсы – оның ұлттық санаға әсері. Бір қарағанда, мақала тек сот пен сайлау мәселесі туралы сияқты көрінгенмен, астарында халықтың қоғамдық сауатын көтеру идеясы жатыр. Ахмет Байтұрсынұлы халық өз қоғамындағы мәселелерді түсінбейінше, оларды өзгерту қиын екенін көрсетеді. Адам елдегі басқару жүйесін, сот ісін, өз құқықтарын түсінуі керек. Бұл – сол кезең үшін өте маңызды ой. Ұлттық сана тек халықтың тарихын немесе тілін білумен шектелмейді. Ол адамның өз қоғамындағы жағдайға жауапкершілікпен қарауынан да көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, Ахмет Байтұрсынұлының мақаласы қазақ оқырманын саналы болуға, қоғамдық мәселеге араласуға және әділдікті талап етуге шақырды деп ойлаймыз.

 Мақаланың тағы бір маңызды тұсы – автор халықты өз мәселесін өзі түсініп, шешуге бағыттайды. Ол қоғамдағы кемшіліктерді басқа біреуден көмек күтумен емес, халықтың өз санасын өзгертуімен байланыстырады. Сондықтан мақала ағартушылық сипатқа да ие. "Айқап" журналының маңызын осы мақаладан да көруге болады. Журнал халыққа тек жаңалық жеткізетін басылым болған жоқ. Ол қоғамдағы мәселелерді талқылайтын және қазақ зиялыларының пікірін халыққа жеткізетін орын болды. Ахмет Байтұрсынұлының мақаласы арқылы "Айқап" беттерінде сот, сайлау және ел басқару сияқты қоғамдық-саяси мәселелердің де көтерілгенін көреміз. Зерттеулерде де "Айқаптың" сот мәселесіне арнайы көңіл бөлгені және осы тақырыпта пікірталастар жүргені көрсетіледі. Қазір де қоғамда әділдік, жауапкершілік, заңды білу және азаматтық белсенділік мәселелері маңызды десек, мақаланың бүгінгі мәні де маңызға ие екендігін аңғарамыз. Әрине, заман өзгерді, бірақ адамның өз құқығын білуі және қоғамдық мәселеге бейжай қарамауы сияқты құндылықтар әлі де өзекті.

"Айқап" журналы – қазақ қоғамындағы ұлттық ойдың дамуына үлес қосқан басылым екендігін бір ғана Ахмет Байтұрсынұлының "Тағы да народный сот хақында" мақаласы арқылы пайымдауымызға болады. Ахаңның қазақ қоғамындағы сот пен сайлау мәселесіне сын көзбен қарауы сол қоғамдағы әділетсіздіктің себептерінен туындағаны сөзсіз. Мәселені сынаумен ғана шектелмей, ортақ қағида қалыптастыру сияқты шешу жолын ұсынуы мақаланың басты құндылығын байқатады. Демек, "Айқап" журналы ұлттық сананы қалыптастырудағы қазақ зиялыларының шамшырағы болды.

МУХТАРХАН Асылай,

ҚазҰУ-дың 1-курс студенті.

Ғылыми жетекшісі:

фил.ғ.к., профессор Р. С. Жақсылықбаева.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Айқап