Кейіпкер

Айтжан Нұрманова, Тарих ғылымдарының кандидаты:  Қазақ даласында көрнекті ескерткіштер жасаған қолөнершілер көп болған

Қазақтың тарихы мен рухани мұрасы әр тараптан әлі күнге де­йін түгенделіп жатыр. Істелмей, қалыс қалған шаруа­­­ қаншама. Соның бірі – эпиграфияны зерт­теу.

Фото: ашық дереккөз

Тарих ғылымдарының кандидаты, белгілі шығыстанушы Айтжан Нұрманова ұзақ жылдан бері Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтында қызмет етіп келеді. Ол Қазақ­стан мен Орталық Азияның Шығыс елдерімен ерте заманнан қазіргі уақытқа де­йінгі тарихи, мәдени, сая­си-дипломатиялық қарым-қатынастары, қазақ мемлекет­тілігінің тарихы, ислам діні мен мұсылмандық білім беру жүйесі бо­йынша дереккөз болатын араб графикасындағы (араб, парсы, түркі-шағатай) жазба жәдігерлер мен қолжазбаларды зерт­теу сияқты іргелі ғылыми жұмыстармен шұғылданады. Біз бүгін ғалыммен эпиграфия­лық материалдардың маңызы және оның қазіргі жағдайы туралы сұхбат­тасқан едік.

Айтжан Шәймерденқызы, ғылыми жобаларыңыздың нәтижесінде эпиграфиялық материалдар қорын жинақтаған екенсіздер. Әуелі осы жөнінде айтсаңыз?

– Эпиграфиялық материалдарды институт жобалары аясында шыққан өңірлік іссапарлар барысында жүйелі түрде болмаса да қарастырып, зерт­теп жүрдік. Ол көбіне біздің араб жазуын оқуымызбен байланысты болды. Өңірлерде біздің араб жазуын оқитынымызды естіген жергілікті кісілер ата қорымдарына барып, құлпытастарды оқып беруімізді сұрап, тіпті кейде институтқа арнайы іздеп келіп, ескерткіштің сурет­терін әкеп оқытып алып жүрді. Аталмыш ескерткіштерді кәсіби зерт­тей бастағанымыз 2004 жылы Ақтау қаласынан Мәдени ескерткіштерді қорғау бөлімінен белгілі архитектор Мақсұт Нұрқабаевтың «Шақпақ ата», «Сейсем ата» қорымдарының эпиграфикасын зерт­теу ұсынысымен келуінен басталды. Осылайша, мемлекет­тік «Мәдени мұра» бағдарламасының аймақтық салалық бағдарламасы қолдауымен 2007-2009 жылдары осы ескерткіштерде далалық экспедициялар өткізіп, эпиграфикасын зерт­теп, нәтижесінде екі кітап-альбом жарияланды. Ал 2012-2014 жылдары атқарылған «Қазақ халқының рухани құндылықтары: дәстүрлі мәдениет­ті сақтаудағы киелі орындардың рөлі мен маңызы» жобасын орындау барысында Батыс Қазақ­стан облысына жүргізілген экспедиция барысында батысқазақ­стандық эпиграфикаға қызығушылар тобымен танысып, сол кісілердің бастаған жұмыстары негізінде Батыс Қазақ­стан өңірінің эпиграфикасын зерт­теуге арналған бірнеше ғылыми жобалар жасалынып, атқарылды. Міне, осы жобалар барысында Хан ордасы, Мәулімберді қорымы, Жантөре хан қорымы құлпытастарының эпитафиялары зерт­теліп, аударылды. Қомақты қор жиналды. Өкінішке қарай, бұл қордың жекелеген материалдары орындаушылар тарапынан мақалалар ретінде жарияланғанымен, жеке кітап күйінде жарияланбай қалды. Оған себеп, бір жағынан, ғылыми зерт­теулердің жариялануына қаржы бөлінбейтіндігі болса, екінші жақтан, уақыт тапшылығы. Жобаны орындау­ға әдет­те 3 жыл беріледі, 1-2 жыл материал жинақтауға, экспедицияларды өткізуге кетсе, оның арасында материалдарды сұрыптау, аудару, зерделеу, ол материалдарға ғылыми негіз болатын архивтік немесе тарихи басылымдар мәлімет­терін іздестіру, мақалалар жазу сияқты маңызды міндет­тер де уақыт талап етеді. Соңғы жыл қорытындылау, мақалалар жазу мен ғылыми есептер дайындап, сөйтіп, кітап күйінде дайындауға уақыт та, күш те жетпейді. Кітапты баспаға дайындау үшін кемінде бір жыл уақыт қажет екені белгілі. Тұрақты түрде жалақы алу үшін жаңа жоба өтіп, дайын тұру қажет, сонымен, жобаның уақыты біткен соң зерт­теуші мамандар келесі ғылыми жобаға кірісіп, алдыңғы жоба бо­йынша жинақталған материалдар қор болып еселеніп, жинақтала береді. Ол материалдарды кей мақалаларда салыстырмалы түрде пайдаланамыз, дегенмен толық жарияланбаған күйі қалады. Қазір Ақмола өңірі эпиграфикалық құлпытастарын зерт­теп жатырмыз. Эпиграфикалық материалдар өзіміз жинақтағанның сыртында, еліміздің әр өңірінен оқып беріңіз деген өтінішпен келген материалдармен де толығуда. Эпиграфикалық қордың жинақталып, өңделмей қалып жатқанына тағы бір себеп – мамандар тапшылығы. Бұл салаға жас арабтанушы ғалымдар келе қоймайды, экспедиция қиындықтарына шыдамайды: алыс жол, жолсыз сүрлеулер, кейде қонатын жер болмайды, жолдағы тамақ, гигиена мәселесі, кейде құлпытастар жерастына көміліп, қазып оқуға немесе шашылған тастарды көтеріп орнына қойып жинақтап оқу, кейде құлпытастар мен ішіндегі жазуларды мазар ішіне кішкене терезеден кіріп оқуға да тура келеді, өшкен тұстарын қалпына келтіру, т.б. қиындықтары бар.

Ерекше жерлердің әлеумет­тік антропологиясы контексіндегі қазақ сәулетшілері мен тас қашауларының мемориалды ескерткіштері қаншалықты зерт­телді?

– Бұл енді ғана көтеріліп, зерт­теу аумағына жаңадан қосылып отырған тақырыптар. Өзіңізге белгілі, Кеңес заманында құлпытас, мазар, зиярат антропологиясын зерт­теу тұрмақ, араб жазулы қолжазбаларды зерт­теу мүмкін болмаған. Қазіргі күні қолымызға қомақты қор жинақталды, енді соның арқасында бұл мәселе аздап қозғалып, зерт­теу мақалаларын жаза бастадық. Бұл тұрғыда жобамызға жетекшілік ететін, шығыстану саласында дүние­жүзілік жоғары беделді ғалымдар Әшірбек Мүмінов пен өзбекстандық зерт­теуші ғалым Бахтияр Бабаджанов ағаларымыздың орындары ерекше. Қазақ сәулетшілері мен тас қашау­шылары туралы тақырып бұрын-соңды тіпті көтерілмеген, кеңестік тарихнамада «мәдени ескерткіш қалдырмаған көшпелі қазақ» концепциясына сай, қазақ арасында осындай көрнекті ескерткіштер жасаған қолөнершілер болған деген сөз айтылмай келген. Бұл тұрғыда белгілі архитектор М.Меңдіқұлов 1950 жылдары жүргізген далалық жұмыстары барысында осындай қолөнершілердің болғандығын айтып, тіпті соңғы тасшы-ұсталарды фотоға түсірген болатын. Біздің зерт­теулеріміз мазарларда, құлпытастарда атын жазып қалдырған қолөнершілердің көптеген мектептері, әулет­тері болғандығын дәлелдеп отыр. Өкінішке қарай, өзі жасаған туындысына атын жазып қалдыру үрдісі барлық өңірлерде болмағанға ұқсайды. Көбіне Батыс ескерткіштерінде тасшы, ұста есімдері жазылып отырған. Орталық, Солтүстік өңірлерде ондай жазбаларды кез­дестірмедік. Дегенмен құлпытастардың жасалу, эпиграфикасының жазылу ерекшеліктеріне қарап, осы өңірлерде де тасшы, ұсталардың мектептері, әулет­тері болғандығы анық байқалады. Олардың іздерін, есімдерін табу алдымызда тұрған маңызды міндет­тердің бірі.

Араб жазулы құлпы­тас­тарды зерт­теу жұмыстары­ның қиындығы неде?

– Қандай да ғылыми-зерт­теу жұмыстарының өз қиындығы болады. Жоғарыда атап өткеніміздей, құлпытас, мазар эпиграфикасын зерт­теу де оңай жұмыс емес. Эпиграфикалық материалды жинақтаудың өз машақаты бар, біріншіден, ескі қорымдар шалғай жерлерде, көбіне жолсыз, ен далада орналасқан, оған жетудің өзі оңай емес. Ол үшін жолсыз жермен жүретін көлік, тәжірибелі жер танитын жүргізуші, жол көрсететін жергілікті жолбасшы қажет болады. Кейде таңертең ерте жолға шығып, кеш келетін болғандықтан жейтін тамағыңды, ішетін суыңды алып шығуың керек. Ал кей кез­де іздеп барған құлпытас орнында жоқ болады, не сынып шашылып кетеді, құм басып көміліп қалады, мұндайда құлпытасты қазып, сынған құлпытастарды жинақтап көтеріп, орнына қо­йып фотоға түсіріп, оқуға тура келеді. Мазарлардың ішіне кіріп жазуларын оқимыз, кейде қабырғаларына өрмелеп шығамыз. Мысалы, Шақпақ ата жерасты мешітінде сондай жағдай кез­десті. Кейде көлік бұзылады, кейде адасып кетеміз, әртүрлі жағдай ұшырасады. Мұнда арнайы айта кететін бір жайт, құлпытас эпитафиясын орнында оқып, жазып алған өте маңызды, ол жерде жан-жағынан қарап, қолыңмен ұстап, кей жерін сызып оқуға мүмкіндік болады. Фотодан көрінбей қалған тұстарын анықтап оқи аласыз. Осылайша, кей қорымнан бір тас, кейбірінен 50-100 шақты тас шығып жатады. Осылардың бәрін дәптерге жазып алып келеміз, үйге оралған соң камералдық жұмыстар: компьютерге енгізу, фотоларды сұрыптау, қазақ, орыс тілдеріне аудару, құлпытас мәліметіне синхронды құжат­тарды іздестіру, т.б. жұмыстар басталады. Кісі есімдерін оқу кейде қиын болады, ол үшін сол замандағы, сол өңірдің есімдер дәстүрін зерт­теу қажет болса, ру-тайпасын анықтау үшін аталмыш рудың шежіресін оқып, білуге тура келеді. Бұл жерде жергілікті қариялармен, ел, жер тарихын білетін кісілермен сұхбат­тар көп септеседі.

Эпиграфиялық мәтіндерді зерт­тей жүріп қандай ой түйдіңіз?

– Эпиграфикалық мәтіндерді кезінде тек қайт­қан кісінің аты-жөні, туған-өлген жылдары жазылған мәтін деген түсінікте болсақ, осы күнге де­йін тәжірибеміз көрсетіп отырғаны бо­йынша, эпитафиялық мәтіндер тарихи, әлеумет­тік, өмірбаяндық ақпарат беретін толыққанды дереккөзі деп айта аламыз. Әсіресе хандар, батырлар, билер, төрелер, т.б. тарихи тұлғалар құлпытастарының тарих ғылымына берері көп. Ол тұлғаның туған, қайт­қан жылдарын нақтылайды, атқарған қызметін, ел арасындағы беделін, тіпті шежірелік мәлімет­терін нақты көрсетеді. Біздің оқыған ең көрнекті ескерткіштеріміз – Қарағандының Ақтоғай мекеніндегі 

Әлихан Бөкейхановтың ата-бабаларының құлпытастары. Ол ескерт­кіштерде төрелердің шежіресі Шың­ғыс ханнан бастап таратылады. Батыс Қазақ­стандағы Жәңгір ханның, Есім ханның, Айшуақ, Жантөре хандардың құлпытастарын да атап өтсек болады. Астанадағы Қараөткел қорымында қаншама тарихи тұлғалар құлпытастары сақталған, Астана маңайында Ахмет төре ауылында Қоңырқұлжа Құдаймендиннің, ұрпақтарының құлпытастары сақталған. Осы сияқты қаншама батыр, билердің, сұлтандардың құлпытастары оқылды.

Келесі бір мәліметке бай эпитафиялық мәтіндер дін ғұламаларының құлпытас эпитафиялары, онда ғұламаның өмірбаяны; қай жерде, кімнің мектебінде оқығаны, ұстаздары, кімнен иджаза, яғни ұстаздық етуге рұқсат, қазіргіше диплом алғаны, қай жылдан бастап қайда және қай жерде қызметке кіріскені толығымен жазылады. Діни ғұламалардың құлпытас мәтіндері Қазақ­станның қай өңірінде, батыста, орталық, солтүстікте болсын, мәтіні осы мағыналас болып келеді. 

Тағы бір құлпытастар тобы – қазақ арасында сауда-сат­тық жасаған бұхарлық, қоқандық, худжандтық, әндіжандық, ферғаналық, ташкент­тік, т.б. көптеген ортаазиялық қалалардан келіп, қазақ арасына сіңіп кеткен саудагерлердің ескерткіштері. Бұлардың да түп-тамыры, яғни шыққан жері, атқарған қызметі, тарихын жазып қалдырған.

Ақмола мешіт­терінің метркелік кітаптарын Алматы архивінен тауып, салыстырғанда метрке мәлімет­тері қорымда жерленген кісілердің мәлімет­терімен толық сәйкес келеді. Омбы архивінен де қомақты құжат­тық материалдар алып келдік. Алда осы мәлімет­терді өзара салыстыра зерт­теу жұмыстары тұр. 

Тағы бір айтып өтетін жайт, қазақ даласында құлпытас жасаудың өзіндік мектептері қалыптасып, шеберханалар болғандығы анық. Оны құлпытастардың формасынан, безендірілу, мәтін құрастыру ерекшеліктерінен көре аламыз. Тіпті құлпытастың формалары, жоғары тұсына жазылатын Құран аят­тары әр өңірде әртүрлі. Сонымен қатар ескерткіштің бүйір тұсына, кейде артқы жағына жазылатын марсийа – жоқтау өлеңдер де әртүрлі. Батыс жақтарда құлпытастың түбір тұсына, мәтіннен соң міндет­ті түрде ру таңбасы салынса, Ақмола өңірінде ондай фактілер кез­деспеді, яғни мәтін ішінде ру-тайпасын жазып кеткенімен, таңбасы салынбайды.

Қазақ құлпытастарындағы Құран аят­тары мен хадистерді зерт­теу – ашылма­ған тақырып сияқты. Бұл шаруа­­­ның бастамасы қалай?

– Иә, бұл да бір күрделі зерт­теуді қажет ететін тақырып. Әр өңірде құлпытасқа жазылатын, кеңінен таралған аят­тар бар, ол енді құлпытас жасаушы шеберлердің мектебіне байланысты болар деп ойлаймыз. Осы 20 жылдан астам уақыт эпиграфикалық мәтіндерді оқып жүріп, өзіміздің жұмысымызды жеңілдету үшін жиі кез­десетін аят­тардың, хадис үзінділерінің, марсийалардың анықтамалығын жасап алдық. Ол жыл сайын, жаңа өңір құлпытастарын зерт­теген сайын толығып отырады. Араб тіліндегі аят­тар негізінен сауат­ты жазылған, тек ке­йінгі Кеңес уақытында 1960-1670 жылдарда жасалынған құлпытастардың бетінде ғана, арабша сауат­ты кісілердің азаюына, әріп таңбаларының өзгеруіне байланысты қате жіберіліп жазылғаны ұшырасады. Ерекше назар аударатын тұсы, құлпытас мәтінін араб графикасымен жазу дәстүрі Ақмола өңірінде 1970 жылдарға де­йін сақталған. Құлпытастың материалы өзгерген, яғни бұрындары табиғи тастан, құмтас, гранит, мрамор, т.б. тастардан жасалса, Кеңес заманында бетоннан, тіпті темірден құйылып жасалынған. Солардың бетінде де мәтін тек араб графикасымен басылған, аздаған ескерткіштер бар аралас араб, кирилл жазуымен жасалынған, басымы араб жазуымен таңбаланған. Бұл бір ерекше уникалды құбылыс, шетелдік әріптестеріміздің айтуынша, тіпті Өзбекстан, Кавказ мұсылмандары ішінара болмаса, таза араб жазуымен таңбалауды сақтамаған. Болжауымызша, Ақмола төңірегінде құлпытас жасайтын шеберлер орталығы болған, ал Кеңес дәуірінде темірден құйыл­ғанына қарағанда қаладағы машина-темір зауыт­тарында жасырын құлпытас құюмен айналысқан кісілер болғанға ұқсайды. Бұл өз кезегінде ақтаңдақ, жаңа бір зерт­теу тақырыбын алдыға қойып отыр, яғни бұл – Ақмола өңірінің ұста-тасшылар мектебінің тарихын зерт­теу. Әзірге бұл жөнінде қолымызда еш мәлімет жоқ, сүрлеуі ашылмаған, тың тақырып.

Тастағы эпиграфиялық мәтіндерді тек жеке мәлімет­тер емес, сол жердің сая­си, діни, рухани идеологиясы деуге толық негіз бар. Мұны қалай тарқатар едіңіз?

– Әрине, жоғарыда атап кеткендей, хан, сұлтан, төре, би, батырлардың эпитафиялық мәтіндерінен қоғамның сая­си-әлеумет­тік жағдайын, ұстанған идеологиясын анық байқауға болады. Яғни хан-сұлтандардың эпитафияларында биліктің легитимдігі дәлелі ретінде Шыңғыс ханнан тараған ата-бабалары шежіресін келтірсе, біртұтас қазақ мемлекет­тілігі идеологиясы ретінде «Абылай хан ұрпағы», «Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайыр ұлы немесе немересі» деген сөз тіркестерімен хандық билік заңдылығын шегелеп көрсетеді. Тіпті сұлтандардың қай өңірде, қай руларды басқарғанын жазып кетеді. Ал дін ғұламаларының эпитафиясынан қазақ даласының қай өңірінде, қай қаласында мектептер болғаны, ұстаздық еткен ғұламалар, олардың дәріс алған мектептері, елдері түгел көрсетілген. Хивада Бұхарада 15-20 жыл оқыды, Қазаннан, Уфадан, т.б. келген ұстаздардан тәлім алды деп жазылады, тіпті ұстаздарының есімі де аталады. Діни ғұламалардың көрген қуғын-сүргін, қиыншылықтарын да осы құлпытас мәтінінен таба аламыз. 

Шығыстану орталығында 1992 жылы еңбек жолыңызды бастап, 1996 жылы құрылған Шығыстану институтында 30 жылға жуық уақыт­тан бері тұрақты қызмет етіп келесіз. Шығыстану институтының қыр-сырын сізден артық кім айта алады?! Институт­тың жетілдіруді қажет ететін тұстары қандай және алда қандай жоспарлары бар?

– 1992 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетін тамамдағаннан бері алдымен Шығыстану орталығы, 1996 жылдан бері Шығыстану институтында ғылыми қызмет жасап келемін. Бірінші басшымыз Ерден Қажыбековтің, директорым әрі ғылыми жетекшім Меруерт Әбусейітова­ның, университет­те деканым болған ұстазым Әбсаттар Дербісәлінің, қазіргі директор Д.Мәсімханұлының тұсында да қызметімізді жалғастырып отырмыз. Әрине, осы жылдары көптеген өзгерістер болды, 1992 жылдан бірге жұмыс жасаған әріптестеріміздің біразы бақилық болса, кейбірі басқа мекемелерге ауысып, қызмет­терін атқарып жүр. Институт­тың ғылыми-зерт­теу бағыт­тары, әрине, заман талабына сай, ғылымның сұранысына қарай өзгеріп тұратыны даусыз. Дегенмен заман өзгерсе де өзгермейтін классикалық шығыстанулық зерт­теулер бағыты бар. Ол біріншіден, шығыстық қолжазбаларды зерт­теу болса, біздің де зерт­теп жүрген тақырыбымыз – эпиграфияны зерт­теу сая­сат­тан тыс, өзгермейтін классикалық шығыстанулық зерт­теулер саласына жатады. Алдағы жоспарымыз – еліміздің кең даласында шашылып, бұзылып, қараусыз жатқан мәдени ескерткіштерімізді барынша санатқа алып, зерт­теп, аударып, жариялап, көпшіліктің қажетіне жарату. Әлі де күнбе-күн жан-жақтан «құлпытас оқып беріңіз, ата-бабамызды іздеп жүрміз» деген хабарлар келіп жатады. Яғни халықтың сұранысы бар әрі мәдени, рухани тарихымызға қосар үлесі зор тақырып.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбат­тасқан

 Күлпара Жұмағали

Сайт Әкімшілігі