Саясат

Азаматтық алу үшін робот жасай білу керек пе?

Қазақстан жетіспейтін мамандықтардың орнын азаматтық беру арқылы толтырмақ па? Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 3-қаңтар күні бірқатар мамандық иелеріне азаматтық беруде жеңілдік жасалатын заңға қол қойды.

Jasalash.kz
«Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы тұлғаларға арналған кәсіптер мен талаптардың тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2005 жылғы 6 маусымдағы № 1587 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңды Ақорда ресми түрде жариялады.Жаңа заң бойынша енді біраз мамандық иелеріне азаматтық алу жеңілдетілген тәртіппен жүреді. Бірақ, бұл мамандықтардың қай-қайсысы да оңайлықпен қолға түсе қоймайтын дәреже деуге болады. Өйткені, дәрігерден басталып ауылшаруашылық, техника саласындағы арнайы маманға дейін жасалған ұзақ тізімнің бәріне ортақ бір талап – халықаралық деңгейдегі сертификаты немесе бірнеше жылдық тәжірибесінің болуы. Оның сыртында, қаншама ғылыми атақ пен дәреже. Мәселен, спортшыларға қойылатын талаптың ең қарапайымы – халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы. Бұл жарайды, алуға болатын атақ делік, ал, анау-мынаудың қолы жете бермейтіні – «олимпиадалық спорт түрлерінен Әлем кубогының финалында бірінші орынды иелену» деген талап.Жалпы, спортта үздік дәрежеге жетуге болар, ал, «Роботтарды бағдарламалау және модельдеу тәжірибесін» игеру мыңға, миллионға шаққанда бір адамға бұйыра ма, жоқ па? Бұйырса да, осындай мамандықты меңгерген тәжірибелі маманды азаматтық берем деп қызықтырудың сәті түсе қояр ма екен? Тағы бір пунктте айтылған «әлемнің алғашқы 100 (жүз) академиялық рейтингісі бар жоғары оқу орындарында кем дегенде бес жыл жұмыс тәжірибесі» бар азаматтардың бірқатары Қазақстанға о баста ет қызулықпен келіп қалып, арада екі жыл өтер-өтпесте келген жағына қайтадан қашып кетпеп пе еді?.. Осы жағын ескергенде, «роботтармен жұмыс істейтін, кемінде 3 жылдық тәжірибесі бар мамандарға» (мұндай «қолжетімсіз» талаптарды әр пункттен кездестіруге болады) азаматтық алудағы жеңілдіктер жасау арқылы, бүкіл оралмандарға жақсылық жасап жатырмыз деп айта аламыз ба?Азаматтық алудың азабы туралы бұған дейін де аз жазылған жоқ. Солардың қай-қайсысын қарасаң да, қаптаған пара, бітпейтін қағаз, иілгіш, өзгеруге бейім екіұшты заң… Осыны реттеп алмай жатып, Қазақстан түгілі әлемнің дамыған қай елінде де үлкен сұранысқа ие мамандарға азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен беру арқылы сырттан келетін қазақтардың санын көбейту мүмкін болмасы анық.Статистика комитетінің ақпаратына сүйенсек, 2018 жылы елге 14543 (31-желтоқсан күнгі ақпарат) адам көшіп келген. Ал, елден көшіп кеткендер саны бұдан екі еседен көп – 35 968 адам. Демек, Қазақстандағы халық саны тек табиғи өсім (туу) арқылы ғана өспесе, көші-қон саясаты арқасында көбеймейтіні анық. Бәлкім, Қазақстан билігі сырттағы 7 миллионға жуық (шамамен) қазақтың мамандығын анықтап болғанша күте тұруға тура келетін шығар...Фото: turkystan.kz
Қуаныш Қаппас
Тегтер: Без Тега