Сараптама

«АЗАТ ҚЫШҚЫЛЫ»

Бұдан он-он бес жыл бұрын «Жас Алашта» оқырмандардың ерекше қызығушылығын тудырған «Қыжыртпа» айдарын қайтадан тірілтеміз. Бірақ айдарды тірілту үшін біреуді «өлтіру» шарт емес.

Фото: Ғалым Смағұлұлы карикатурасы

 Саяси аренада «қаңғалақтап» жүріп, оң жамбасқа кеп қалған кейіпкерді тақыр жерге аунатып алу – «Қыжыртпаның» негізгі міндеті. Ал соңғы кездері Азат Перуашев ақпараттық әлемнің «астын-үстіне» шығарғанын байқаған боларсыз. Міне, сондықтан біз бұл жолы «Ақ жолдың» кешегі төрағасын ала шаңның ішінен «аршып» алдық та, «Жас Алаштың» жасыл кілеміне «сүйреп» әкелдік. Ендігі шаруаның жөні былай: алдымен «Азот қышқылы мен Азат қышқылының қайсысы қышқылырақ?» деген сауалға жауап іздейміз де, сосын дереу «жұмысымызға» кірісеміз...

Фото: ашық дереккөз

Түбіне «түтіні» жетті ме?

Азот қышқылы, HNO3 – тұншықтырғыш, иісі бар, түссіз, сұйық зат. Таза күйінде тығыздығы 1,51 г/см3. Ол – 42oС-та мөлдір кристалға айналып қатады. Ауада су буымен майда тамшылар түзеп «түтіндейді». Азот қышқылы жарық әсерінен біртіндеп ыдырайды...

Міне, азот қышқылының химиялық сипаттамасы осылай басталады. Бірақ күнде қасында жүрмегеннен кейін Азат Перуашевті «иісі бар», «түссіз» деп айта алмаймыз. Бірақ анау «түтіндегіш» дейтін сипаты кейіпкеріміздің кейбір қылықтарына келетін сияқты. Өздеріңіз де білесіздер ғой, өткен жылы Перуашев Парламентте отырып, аздап «түтіндеткен». Аздап дегеніміз – жұмсартқанымыз, әйтпесе, аяқасты қышқылы көтерілген кісі құсап қатты айтты: «Шенеунік мырзалар, сіздер үшін мен ұялып отырмын. Бір рет болса да, жылы кеңселерден шығып, кәсіпкердің немесе тұтынушының орнына барып тұрып көріңіздер. Сіздер әлдебір «Штрафстанды» құрып жатырсыздар. Ал «Ақ жол» қалыпты нарықтық экономиканы жақтайды. Біз дұрыс шешімдерге жетпейінше, қарсы дауыс береміз».

«Шенеунік мырзалардың» маңдайынан шып-шып тер шықпаса да, халықтың арқасы жібіп, мерейі тасыды. Өйткені Азаттың «Штрафстаны» айыппұлы еселеп артқан елдің қазіргі күйіне қатты ұқсайтын. Содан да шығар, кейіпкерімізге разы болған жұрт көк жәшіктен сөйлеген депутаттармен айдалада отырып «ұрсысатын» әдет тапты, «Айтсаң, Азат құсап айт, әйтпесе қоя сал!» дейтіндер көбейді.

Өкінішке қарай, Азаттың айтқыштығы екі айға жетті ме, жетпеді ме, ел көңіліне жаққан кейіпкеріміздің өзі алдыңғы пікірінен айнып қалды. «Ақ болды, көк болды» деді, «Менікі қате болды... енді қайталамаймын» деді. Азат Перуашев неге бұлай құбылды? Өйткені президент Қ.Тоқаев: «Елге түрлі жанама ат беру – ақылға сыймайтын қадам. Кейбір шетелдіктер жоқ жерден біздің жетістіктерді дәріптеуге тырысса, қазақстандықтардың кейбірі, керісінше, ел имиджін төмендетуде. Бұл – түсініксіз әрекет», – деген.

Президенттің «түсініксіз әрекет» деген сөзі, «бұл түтінің – қай түтін?» дегенмен бірдей естілді. Осы сөзден жүрегі ұшып кетті ме, кейіпкеріміз бәрін ысырып қойып, ақталуға көшті. Онысы «Ауызға келген түкірік, қайта жұтсаң – мәкүрік» дегеннің керімен бірдей шықты. Әйтпесе, Азат Перуашев – алтыншы сыныптың оқушысы емес, білдей бір партияның төрағасы. «Айтылған сөз – атылған оқ», қателессем, мойныммен көтеруге даярмын. Штраф салсаңыздар, оны да төлейін. Бірақ енді аузымнан шыққан сөзімді қайта жұтпай-ақ қояйыншы» десе, «түтіндеген» Азаттың астына ешкім «от қоймайтын» шығар, не көрініпті?!

Қызығы, кейіпкеріміздің «түтіні» әлі сейілмегенін кешегі жағдай көрсетті. Неге екенін, президент Алатау қаласын дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Қазақстанға «жаңа атау бергісі» келетіндерді кезекті рет сынады. Азат тағы да ақталып әлек болды. «Сонда депутаттың «түтіні» әлі қанша жыл бойы «бықсуы» мүмкін?» деген сұрақ алдыға шыққан. Алайда мұны жұрт аса талқылап үлгермеді. Қазақстанның саяси әлеміне «Әділет» келіп, келе сала «Аманат» партиясымен «жұптасып», біреу құттықтап, біреу «көрімдік» беріп, ырду-дырду болып жатқанда, Азат Перуашев партия төрағалығынан өз еркімен кететінін хабарлады. Өзгелер бірігіп жатқан сәтте, Азаттың төрағалықтан ажырауы – қазіргі саяси үдерістің ыңғайына кереғарлау көрінген. Сондықтан білгіштердің бірқатары «Азаттың «түтіні» өзінің түбіне жетті» деген тоқтам жасады. Ал енді біреулер «Мәселе Азаттың сөзінде емес, көзінде» дейді. Бұл не сөз? Оны түсіндіру үшін азот қышқылының тағы бір сипатына тоқталуға мәжбүрміз.

Фото: Ақ жол партиясы

Қышқыл көзден шыққанда...

Жоғарыда айтқанымыздай, байқамасаңыз, азот қышқылының тұншықтырғыш қасиеті бар. Мұны химия өнеркәсібінде жұмыс істейтін мамандар жақсы білсе керек. Ал Азат қышқылының артықшылығы – кейде өзгені емес, өзін «тұншықтырады». Естеріңізде ме, естеріңізде жоқ па, баяғыда үш еркек «ебіл-дебілі» шығып, бір күнде жылаған. Бұл – 2019 жылы өткен «Нұр Отанның» съезіндегі оқиға.

Билікті өз еркімен берудің қиындығы ми талшықтарына әсер етті ме, әлде тақты берем дегенде, «тақымы қалтырай» жөнелді ме, әйтеуір Назарбаев көзінен ыршып кеткен ыстық тамшыларды алақанымен «қағып-қағып» жіберген. Бұған экранға телмірген елдің бәрі куә болды. Назарбаевтың жылағанын көріп, көңілі босады ма, әлде биліктен өзі де кететінін жан-жүрегімен сезінді ме, Бекболат Тілеухан жанарынан аққан жасты сақалына жеткізбей, алақанымен «көсіп» алды. Ал Перуашев ше? Азаттың жылауы мүлде басқаша шықты. Журналистерге сұхбат беріп тұрғанда, «тұншыққан» адам құсап, мұрны бырқ ете қалды да, дереу теріс айналып кетті. Бірақ теріс айналған депутатты қайтадан бері айналдырып алып, ешкім жүзіне үңілген жоқ.

Ал жұрт бұдан не түсінді? Ештеңе де түсінбеді. «Дендері сау ма, жамандық шақырғандай, бейуақта жылағаны несі?!» деп қараша жақтырмады. Егер шынтуайтына келсек, алдыңғы екеуінің «еңіреуін» түсінуге де болатын сияқты. Мемлекетті 30 жыл билеп-төстеген, қарсы шыққан саяси күштерді «қан-жоса» қылып талқандаған президент өзінің қарға емес екенін ұққан секілді. Қарға болса, «300 жыл отыра беремін» деуі де әбден мүмкін еді. Демек, адам – пенде. Ал пенденің күні санаулы. Сондықтан тізгінді Тоқаевқа берерде өңменінен тоқ жүріп өткендей күй кешіп, адам болып туғанына «өкінген» шығар, кім біледі...

Бекболаттың да жөні бөлек. Қазақтың күміс көмей әншісі сол тұста «Нұр Отанның» бұлбұлына айналған. Әншінің Нұрсұлтан дегенде шығарға жаны жоқ еді. Сондықтан кейінгі билікпен «бір дастарқан» басында отыра алмасын сезген шығар деп ойлаймыз. Оған себеп, Қаңтарда шекараның сыртына шығып кеткен Бекболат көпке дейін төбе көрсетпеді. Кейін Анадолының суына «аяғын матырып» отырып бірер журналиске сұхбат берген. Анда-санда той-томалаққа келіп кететінін көз көріп жүр. Соған қарағанда, саясаттағы «талқаны таусылғанын» «Нұр Отанның» съезінде-ақ сезген-ау деп болжауымызға болатын секілді. Ендеше, жыламағанда қайтеді, енді?!

Ал Азаттікі не сән? Кейбір сарапшылар «Нұрсұлтан мен Бекболат жылағанда, Азат ішек-сілесі қатып күлуі керек еді» дейді. Неге? Себебі кеткендер – «Нұр Отанның» төрағасы мен бұлбұлы. Билік партиясының күні батса, «Ақ жолдың» таңы атуы мүмкін. Егер партиялар арасында шынымен бәсекелестік болса, Азат күліп отырып, осыған күш салуы тиіс еді. Ал кейіпкеріміз, керісінше, кеткендермен қосыла жылады. Бұл нені білдіреді? Не білдіретінін итім білсін, бірақ Азатты да ақтайтындар бар. Олардың ойынша, Перуашев жыламаған, тек қышқылы қатты көтерілгенде, «қышқылтым сұйықтық» аузынан емес, мұрны мен көзінен шығып кеткен...

Фото: ашық дереккөз

«Ақ жолдағы» қышқылдар

Азот қышқылының тағы бір қасиетін осы жерде айтпасқа болмай тұр. Қараңыз, химиктер былай дейді:

«Азот қышқылы алтын, платина, тантал, родий, иридийден басқа металдардың бәрімен әрекеттесіп, олардың нитраттарын немесе оксидтерін түзеді».

Көрдіңіз бе, азот қышқылын қанша жерден мықты қышқыл десеңіз де, жоғарыда аталған әлемдегі ең қымбат металдармен әрекеттесе алмайды. Мысал үшін ғана айтайық, әлемдік нарықта родийдің 1 грамы - $8 050 – $8 400 арасында саудаланса, танталдың 1 грамы - $1650 – $1750 аралығында ауытқиды. Мұны неге айтып отырмыз? Өйткені «Ақ жолдың» әу бастағы жолы – ақ, мақсаты – нық еді. Себебі партияның басында әлемдегі қымбат металдар секілді қазақтың мықты жігіттері тұрды. Қоғамда «Жас түркілер» атанған саяси күш Назарбаевты төсегінде тыныш ұйықтатпады. Тыныш ұйықтатпағаны сол, елдегі жалғыз демократиялық партия 2004 жылы өткен Мәжіліс сайлауында Дариғаның «Асарын» ауызға ұрып жіберді. Бірақ оны билік мойындамай, қысастық жасады. Өкініштісі, биліктің іштен іріту операциясы жүргенде, Әлихан Бәйменов пен Людмила Жуланова «арзан қышқылға еріп» кетті де, «Ақ жолды» оппозициядан бөліп алды. Ал «Нағыз Ақ жолды» билік тіркемеді. 2006 жылы партияның бас идеологы, біздің тілмен айтқанда, «ең қымбат металы» – Алтынбек Сәрсенбаев қастандықпен өлтірілді. Билік біртіндеп, қуғынға салып, озбырлық жасап, «Жас түркілердің» ту-талақайын шығарды.

Байқасаңыз, «Ақ жолдың» осы алмағайып кезеңі мен «тектік шежіресінде» Азат Перуашевтің есімі бір мәрте де кездеспейді. Неге? Өйткені қымбат металдармен әрекеттесе алмайтын азот қышқылы секілді кейіпкеріміз де «Жас түркілермен» тіресу былай тұрсын, тілдесуге дәрменсіз болатын. Ол тұста президент әкімшілігінде консультант, «Қазақстан алюминийі» АҚ директорының орынбасары сынды жұмыстарды атқарып, «өзімен-өзі» жүрген. Қысқасы, оппозицияны талқандаған билікке «Ақ жолдың» бар-жоғы енді бәрібір еді. Бірақ бар-жоғы бәрібір партияны да басқаратын әйтеуір біреу керек болатын. Сол «әйтеуір біреу» – Азат Перуашев болып шыққанын білесіз.

Азат басқарған жылдары «Ақ жолдың» қай жолмен жүргені де жұрттың көз алдында. Соңғы төрт-бес жылдың ішінде екі бірдей орынбасарының «қышқылы көтеріліп», үлкен даудың ортасында қалды. Кейіпкеріміздің орынбасары Дмитрий Васильев «Ұлттық гвардияның генералы Константин Воронкинге пара берді» деген айыппен істі болды. Тағы бір орынбасары Азамат Әбілдаев Ресейдің Украинаға шабуылын жақтап, Путинді мақтап, ақырында дау-дамаймен партиядан кетіп тынды. Оны айтасыз, 2024 жылдың тамыз айында «Ақ жол» партиясының «қышқылы» ернеуінен асып төгілді ғой.

«Депутат Асқар Садықов мандатынан неге айырылды?» деген сұраққа Азат Перуашев адам ұялатын жауап айтты. Оған сенсек, Садықов Парламентте жұмыс істейтін әйел адамға сексуалды сипатта хаттар жазып, харассмент жасаған. «Ойбу, құдай-ай, «Ақ жолдың» айналдырған алты депутаты бір-біріне харассмент жасап жүр ме?» деген «таңданыс» сол тұста туған. Кеткен депутат та қарап қалмады. «АзатПеруашев өзінің орынбасарының жемқорлығын жасырып қалмақ болып, халық назарын басқаға аударды» деді. Осыған «ерегескені» шығар, Азат Перуашев дауға қалған депутат пен әлгі әйел арасындағы екеуара жазба делінген әңгіменің скринін әлеуметтік желіге салып кеп жіберіп, күлкіге қалды. Өйткені кейіпкеріміздің бұл әрекеті депутаттың харассментіне дәлелден гөрі өз басына тиген таяққа көбірек ұқсады. Себебі жұрт дап-дардай басымен біреулердің әңгімесін желіге жариялаған төрағаның еркектік қасиетіне күмән келтірді. Еркек екені сонда «есіне түсті» ме, Азат Перуашев желіге салған «дәлелін» өшіріп тастады. Әйтеуір, ию-қию жағдай, ырың-жырың әңгіме...

«Ақ жолдың» 15 жылдық тарихындағы осы оқиғалар партияның ендігі «шежіресіне» алюминий әріптермен болмаса да, азот қышқылымен әрекеттесетін кез келген «арзан металмен» таңбаланатын шығар деп топшылаймыз.

P.S. «Кеткен адамды тепкендей болдыңдар-ау» дейтін оқырмандардың да кездесу мүмкіндігін жоққа шығармаймыз. Ендеше, ондай жандардың көңіліндегі «тебудің» де жөн-жосығын түсіндірейік. Азат Перуашев төрағалықты өткізгені болмаса, билікті төңіректеп әлі біраз жүруі мүмкін. Ертең партияның мүшесі ретінде Құрылтайдың бір бұрышында отыруы да ғажап емес. Тіпті партиядан «аласталып», Парламенттен «жер аударылса» да, бұрынғы партияласы Бәйменов құсап квазимемлекеттік секторда әлдебір қызметтің құлағын ұстап, «түтіндетіп» отыра береріне бек сенеміз. Өйткені өзі де бір кездері сол «ауылдан» келген.

Ендігі мәселе мынада: «Кез келген, тіпті ең озық басшылықтың өзі уақытылы жаңарып отырмаса, монополияға айналады. Ал монополия балама идеяларды қабылдамайды, өзгенің бастамаларын тұншықтырады, ақыр соңында тұлғаға табынушылыққа ұласады...», – депті Перуашев төрағаның кабинетін өткізіп берерде. Осы пайымның ішіндегі Сіз бен бізге таныс сөз – «тұншықтырады» дегені ғана. Қалғаны бөтен. Неге бөтен? Өйткені «тұлғаға табынушылық» туралы меңзеуі кімге арналған? Назарбаевқа ма? Назарбаевқа қарата айтса, ол кеткенде неге жылады? Әлде Тоқаевтың 7 жылын меңзеген түрі ме? Онда өзінің 15 жылын қайда қоямыз? Көрдіңіз бе, Азаттың әжептәуір салмақты сөздері артынан осылай «қышқылға» айналып шыға келеді. Ендеше, Сізде – не кінә, бізде – не айып?!

Сансызбай НҰРБАБА

Сайт Әкімшілігі