Қоғам

Әзербайжанда әйел адам намаз оқып отырған күйеуін пышақтап өлтірген

Әзербайжанның Абшерон ауданындағы Масазыр елді мекенінде ер адамның өліміне қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Полиция күдікпен марқұмның әйелін ұстаған.

Фото: ашық дереккөз

Жергілікті ақпарат құралдарының мәліметінше, қайғылы оқиға Мурад Мирзоев көшесіндегі үйлердің бірінде болған. Алдын ала дерек бойынша, 1978 жылы туған Эльсафа Рагимов таңертең әйелімен жанжалдасып қалған.

Кейін ерлі-зайыпты арасындағы дау басылған. Рагимов намаз оқу үшін басқа бөлмеге кеткен сәтте әйелінің оның арқасына пышақ сұққаны және ер адамның сол жарақаттан көз жұмғаны айтылады.

Ерлі-зайыпты бұл үйде шамамен он жыл тұрған. Олардың екі баласы бар екені хабарланды. Сондай-ақ отбасы діндар болғаны айтылған.

Оқиға туралы полицияға алғаш болып осы аумақта жылжымайтын мүлікпен айналысатын риелторлар хабарлаған.

Полиция жүргізген жедел іс-шаралар барысында қылмыс жасады деген күдікпен 1983 жылы туған А. Алиева ұсталды. Ол тергеу органдарына тапсырылған.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу жүріп жатыр.

Сайт Әкімшілігі