Әлеумет

БАҚ: Украина мен Еуроодақ арасы суып кетті

«Еуроодақ – Киевтің соңғы досы, сондықтан Зеленский «ауызын жапқаны дұрыс». FT мәліметінше, еуропалық шенеуніктер Украинаның ЕО-ға мүмкіндігінше тезірек кіру жоспарларына осылай жауап берген.

Фото: ашық дереккөз

Еуропалық Одақ Украинаның блокқа жеделдетілген тәртіппен мүше болуына қарсы шығуы, ал Вашингтонның Киевті алдағы уақытта қолдау мәселесінде екіұдай күйде болуына байланысты Украина президенті Владимир Зеленскийдің одақтастарымен қарым-қатынасы нашарлаған. Бұл туралы Financial Times газетіне Еуроодақ елдері басшыларының 23-24 сәуір күндері Кипрде өткен саммиті қорытындысы бойынша сөйлескен дереккөздер хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, Украинаның жоғары лауазымды тұлғалары Еуроодақ пен АҚШ-тан келген серіктестермен кездесуді Еурокомиссияны блоктың кеңею қарқыны үшін сынауға және Украинаның мүшелігін жеделдетуді талап етуге пайдаланған. Олардың сөзінше, Украина ресми өкілдері Украинаның ұйымға мүше болуы Брюссельдің өзіне де қажет екенін айтқан.

Украина 2022 жылдың жазында, Ресей әскерлерінің ауқымды басып кіруі басталғаннан төрт ай өткен соң Еуропалық Одаққа мүшелікке кандидат мәртебесін алған болатын. Зеленский Украинаны блокқа 2027 жылдың өзінде-ақ қабылдауды талап етіп келеді. Еурокомиссия өкілдері Украинаның алдымен номиналды мүше болып, қажетті реформалар жүргізілгеннен кейін ғана біртіндеп түрлі жеңілдіктерді пайдалана бастауын қарастырған. FT мәліметінше, ұйымның негізгі мемлекеттері саналатын Франция мен Германия да мүшелік процесінің кезең-кезеңімен өтуін және кем дегенде тоғыз жылға созылуын қолдайды. Зеленский сәуір айында Украинаға символикалық мүшелік қажет еместігін, ел Еуроодақтың толыққанды мүшесі болғысы келетінін айтқан еді.

Газета дереккөздерінің айтуынша, Кипрдегі саммитте Еуроодақтың бірнеше лидері Зеленскийдің үмітін сейілтуге тырысқан. «Ол кейбір ащы шындықтарды естуге мәжбүр болды. Бұл ол ойлағандай оңай болмайды», – деді дереккөздердің бірі. Басылым сұхбаттасушылары Украина ЕО-ға кіру үшін талап етілетін реформаларды, әсіресе заң үстемдігі мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес сияқты маңызды салаларда өте баяу жүргізіп жатқанын айтады.

Еуроодақ елдерінің бірнеше дипломаты Зеленский төрт жылдық соғыстан кейін қандай қысымда отырғанын жақсы түсінетіндерін, сонымен бірге Еуропалық Одаққа мүше болу үшін соған лайықты болу талап етілетінін атап өткен.

FT сұхбаттасушылары АҚШ Украинаға тікелей әскери және қаржылық көмекті тоқтатқаны, ал Ресеймен бейбіт келіссөздер процесі әлдеқашан тығырыққа тірелгені себепті, қазіргі уақытта Еуроодақ Киевтің негізгі серіктесі болып қалғанын баса айтты.

Сайт Әкімшілігі