Қоғам

Экс-депутат Бақытжан Базарбек көлігімен қағып кеткен ер адамның жағдайы белгілі болды

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбекпен болған жол апатынан зардап шеккен Нұржігіт 24 күннен кейін есін жиды. Бұл туралы Базарбек Instagram парақшасында хабарлады.

Фото: әлеуметтік желіден

Оның айтуынша, Нұржігіт есін жиып, жақындарын тани бастаған. Ол анасын, әйелін, балаларын, ағалары мен басқа да туыстарын таныған. Қазір зардап шеккен азамат Таразда ем қабылдап жатыр. Онымен реаниматолог Ғамзат Мұсаев бастаған анестезиология және реанимация бөлімінің мамандары жұмыс істеуде.

Дәрігерлердің айтуынша, Нұржігітке әлі де қарқынды ем қажет. Оған Денсаулық сақтау министрлігі де қажетті қолдау көрсетіп отыр. Бақытжан Базарбек дәрігерлерге және Нұржігіт пен оның отбасына қолдау білдірген қазақстандықтарға алғыс айтты. Сонымен қатар БАҚ өкілдерін науқастың жағдайы туралы ақпаратты бұрмаламауға және расталмаған мәлімет таратпауға шақырды.

Еске салайық, жол апаты 15 тамызда Жамбыл облысындағы Батыс Еуропа – Батыс Қытай тасжолында болған. Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігі жолдың жүріс бөлігінде тұрған 36 жастағы ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Кейін Бақытжан Базарбек жол апатына қатысқанын растады.

Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Сайт Әкімшілігі