Бақытжан Базарбек жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді
Экс-депутат Бақытжан Базарбек Жамбыл облысында жаяу жүргіншіні қағып кеткен жол апатына қатысты алғаш рет пікір білдірді. Оның айтуынша, тергеу әлі жалғасып жатыр.
Базарбек пен жұбайы істің мән-жайын жария етпеу туралы міндеттеме берген. Қазір қажетті сараптамалар жүргізіліп жатыр. Базарбек үшін қазіргі таңда ең маңыздысы - зардап шеккен 36 жастағы ер адамның жағдайы екенін айтты.
Ол жәбірленушінің жақындарының жанында болып, отбасына көмектесіп жатқанын жеткізді. Сондай-ақ дәрігерлерге шұғыл медициналық көмек көрсеткені үшін алғыс білдіріп, тергеу аяқталғанша әлеуметтік желідегі түрлі нұсқаларға сенбеуге шақырды.
Бұған дейін жол апаты Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында болғаны хабарланған еді. Апаттың мән-жайын тергеу органдары анықтап жатыр.