Қоғам

Бала бақыты – отбасы татулығында

Отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылықпен елімізде күрес жүргізіліп келе жатқанына көп жылдан асты.

Jasalash.kz

Алайда бұл сорақылықтың зардабын тартып келе жатқан отбасылар әлі де азаймай тұр.

Нақты статистикаға сүйенер болсақ, соңғы 2 жарым жыл ішінде отбасылық зорлықтың салдарынан 300 қылмыстық оқиға адам өлімімен аяқталған. Ал физикалық соққы алғандардың тізімі бұдан да көп цифрды көрсетеді. Яғни ауыр зардап шеккендер саны 878 адам болса, орташа зиян келтіру бойынша 808 факті тіркелген. Соның ішінде еліміз бойынша тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты шағымдардың басым бөлігі Астана, Алматы, Шымкент, Павлодар, Қарағанды, Қостанай қалаларынан көп түсетін көрінеді.

Отбасылық зорлық-зомбылықтың көбеюіне қатысты елімізде арнайы шаралар жүргізіліп, жәбірленушілерге қорған ретінде 36 дағдарыс орталығы құрылған болатын. Дағдарыс орталықтарының мәліметіне сәйкес, орталықта тұратындардың 61 пайызын балалар құрайды-мыс. Яғни жылына 500 мың әйел зардап шексе, оның әрқайсында 1-2 баладан бар деп есептесек, бір миллионнан астам бала сәтсіз көріністің куәсі немесе жәбірленушісі болды деген сөз.

Ал егер тиран күйеу, не тиран әкеден қалай қорғану керек деген сұраққа келсек, Алматы қалалық полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің аға инспекторы Ақбота Әбілқасымова: «Біз әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, агрессорлармен профилактикалық жұмыстарды жүргізу, психологиялық және құқықтық көмек көрсету секілді мақсаттар бойынша жұмыс істейміз. Сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісін тоқтату мен тәртіп бұзушыны жауапкершілікке тарту үшін полицияның «102» телефон нөміріне немесе «111», «150» сенім телефондарына хабарласу қажет. Қазіргі уақытта тұрмыстық зорлық-зомбылық жағдайында қызметтермен байланыс арналары туралы хабардар ету мақсатында тұрғындар арасында ақпараттық жұмыстарды, әсіресе электронды билбордтар арқылы «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» деген ақпараттарды күшейттік. Бұл жұмыстар ары қарай да жалғасын табады», – дейді.

Полиция департаментінің мәліметінше, қазіргі таңда Алматы қаласының әр аудандары бойынша жергілікті полиция қызметінің желілері орналастырылған. Яғни агрессорлардан зардап шегушілер Алатау ауданы бойынша 2275554, Алмалы ауданы бойынша 2545302, Әуезов ауданы бойынша 2985333, Бостандық ауданы бойынша 2544732, Жетісу ауданы бойынша 2544943, Медеу ауданы бойынша 2544866, Наурызбай ауданы 2544462, Түрксіб ауданы 2985425 нөмірлеріне хабарласып, көмек сұрай алады.

Елімізде отбасылық зорлық-зомбылыққа қарсы жұмыстар атқарылып келе жатқанымен, күн сайын бір сұмдық орын алып отыратыны сөзсіз. Ал оның азаймауына не себеп деген сауалымызға психолог Маржан Ізтілеуова:

Жалпы, отбасында ата-ана мен баланың арасында жанжалдың туындау себептеріне келсек, ата-ананың тарапынан балаға гиперопека, гиперопека секілді қарым-қатынастың болуынан туындайды. Ал гиперопека дегеніміз, ата-ананың баланы қараусыз қалдыруы, балаға көңіл бөлмеуі не болмаса балаға шектен тыс көңіл бөлуі саналады. Соның салдарынан ата-ана мен баланың арасында түсініспеушілік орнап, жанжал туындап жатады. Ал ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжал олардың бір-біріне қарама-қарсы мотивтерінің болуынан, отбасы болуға дайын болмауы, мінездерінің жараспауынан туындайды. Яғни өзара ортақ рухани қызығушылықтары, қызғаныштың болуы да себеп болады. Не болмаса материалдық жағдайдың нашарлығынан, алкоголь, есірткі тұтынудың салдарынан да отбасында үлкен жанжалдар орын алып жатады.

Сонымен қатар ерлі-зайыптылар арасындағы жанжал 4 этапты кризистен өтеді. Олар:

І этапты кризис – жаңадан жұп болып, шаңырақ құрғанда;

ІІ этап – бала туғаннан кейінгі кризис;

ІІІ-ІV этап – 15-20 жыл бірге өмір сүргеннен кейін басталады.

Ал отбасындағы жанжалды тоқтатудың жолдарына келсек, ең бірінші отбасындағы микроклиматқа назар аудару қажет. Мысалға, жиналған мәселелерді өзара талқылап, оның ушықпауына жол бермеу қажет. Екіншіден, қандай мәселе болмасын, екі тарап та эмоцияға берілмей, бірін-бірі соңына дейін тыңдап үйренгені жөн. Ал егер де ол мүмкін болмай жатқан жағдайда, арнайы мамандардың көмегіне жүгінгендері жөн. Мәселен, тәулік бойы жұмыс істейтін 150 сенім телефонына хабарласып, психологтардан кеңес сұрауға болады. Сондай-ақ отбасындағы ұстанымдарды біріктіріп, қандай тірлік болсын, бірге ақылдасып, реттеуге дағдылану отбасының берік болуына әкеледі, – дейді психолог М. Ізтілеуова.

Бүгінде отбасындағы жанжалдан шаршаған жандар үшін елімізде арнайы дағдарыс орталықтары әр облыстан құрылуда. Онда отбасындағы жанжал ушығып, шешілмейтін жағдайға жеткенде, туған-туыстары жоқ, не болмаса шарасыз әйелдер мен балалар дағдарыс орталығына баруға болады. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарына 2 айдан 6 айға дейінгі мерзімде тегін орналаса алады. Дағдарыс орталықтарында барлық жағдай жасалған. Әрі онда әйелдер мен бала-шағасына жеке бөлме, жуынатын орын мен дәретхана, балалардың сабақ оқуына арналған арнайы бөлмелер қарастырылады. Дағдарыс орталығы арқылы жанжалдан шаршаған әйел өз-өзіне қайта келе алады. Және орталықтағы арнайы психологтар мен заңгерлерден кеңес алып, ары қарай өмірін мәнді сүруіне, өзін-өзі бағалауына, бала тәрбиесінде өзіне қажетті ақпараттарды алып, қайта жандануына мүмкіндік бар. Орталықтардың тағы бір ерекшелігі, жұмыссыз әйелдердің жұмысқа орналасуына, білімі жоқ болса, қысқа мерзімдік курстарға қатысып, нарықтағы сұранысқа ие мамандықтарға дайындалып, маман атануына да септігін тигізеді. Дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының шынайы көмек алатын орны болғаннан кейін онда кез келген әйел мен бала қауіпсіз баспанамен, ең қажетті тұрмыстық заттармен, бес мезгіл тегін тамақпен, қорғаныс, психолог және заңгердің көмегіне, белгілі мәселелерді шешуге көмектесетін әлеуметтік қызметкердің қолдауына, балаларды дамытуға және белсендіруге қатысты көмектерді ала алады.

Бифат Елтаева
Тегтер: Без Тега