Балалар суициді: біз байқамайтын қауіп қайдан?
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид мәселесі жыл өткен сайын қоғамды алаңдататын ең өзекті әлеуметтік мәселелердің біріне айналып отыр.
Мемлекет соңғы жылдары психикалық денсаулықты нығайтуға бағытталған бірқатар бағдарламаларды қабылдап, өңірлерде психологиялық қолдау орталықтарын ашып, мектептердегі психологтардың жұмысын күшейтуге күш салып келеді.
Алайда соған қарамастан, ресми статистика ахуалдың әлі де күрделі екенін көрсетеді. Мәселен, Finprom зерттеуіне сәйкес, 2025 жылы Қазақстанда 199 бала мен жасөспірім өзіне-өзі қол жұмсаған. Бұдан бөлек, 405 кәмелетке толмаған жас суицид жасауға әрекеттенген. Бұл көрсеткіш 2024 жылмен салыстырғанда 13,7 пайыз өскен. Алаңдатарлық жағдай ахуалдың биыл да өзгермегені байқалады. 2026 жылдың алғашқы үш айының өзінде 52 баланың суицид салдарынан өмірі қиылып, тағы 92 жасөспірім өзіне қол жұмсауға әрекет жасаған. Балалар мен жасөспірім психологы Бота Ергенқызының айтуынша, суицид – белгілі бір оқиғаның салдарынан тумайды, ұзақ уақыт бойы жиналған психологиялық ауыртпалықтың соңғы көрінісі.
«Балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидті көбіне бір ғана себеппен түсіндіруге тырысамыз. Бірі оны әлеуметтік желіден көреді, енді бірі ҰБТ-мен, мектептегі буллингпен немесе отбасыдағы жанжалмен байланыстырады. Алайда психология ғылымы бұл құбылыстың әлдеқайда күрделі екенін айтады. Көп жағдайда бала өлімді емес, өзіне төзгісіз болып көрінген психикалық азаптың аяқталғанын қалайды. Жасөспірім кезеңі – адамның миы мен психикасы ең қарқынды өзгеретін шақ. Бұл уақытта эмоцияны реттейтін жүйе толық қалыптаспағанымен, сезімталдық өте жоғары болады. Сондықтан ересек адам үшін уақытша қиындық болып көрінетін жағдай жасөспірімге өмірінің соңы сияқты әсер етуі мүмкін. Бір ғана сәтсіз емтихан, достарымен араздасу немесе алғашқы махаббаттағы көңілсіздік баланың өзін толықтай құнсыз сезінуіне алып келеді. Өйткені бала әлі өмірлік тәжірибе арқылы «бәрі өтеді» деген сенімді қалыптастырып үлгермеген.
Қазіргі қоғамда балалардың психологиялық қысымы бұрынғыдан әлдеқайда артқан. Бұған әлеуметтік желілердің ықпалы да себеп. Бұрын бала өзін тек өз сыныбындағы құрдастарымен салыстырса, бүгін ол тәулік бойы мыңдаған адамның «мінсіз өмірін» көреді. Әдемі сырт келбет, қымбат заттар, жоғары жетістіктер, танымалдық – мұның бәрі қалыпты өмірдің стандарты сияқты қабылданады. Соның салдарынан көптеген жасөспірім өз өмірін сәтсіз деп бағалай бастайды. Әсіресе өзін-өзі бағалау деңгейі төмен балалар үшін мұндай салыстырулар ауыр психологиялық салдарға әкелуі мүмкін», – деді.
Статистикадағы тағы бір маңызды ерекшелік – қайғылы жағдайлардың жыныстық айырмашылығы. 2025 жылы өзіне-өзі қол жұмсағандардың арасында ұлдар басым болды. Жалпы, 199 жағдайдың 136-сы ұл балаларға, 63-і қыздарға тиесілі. Яғни ұлдар арасындағы суицид көрсеткіші қыздарға қарағанда шамамен 2,2 есе жоғары.
Дегенмен ресми мәліметтер ең көп тараған түсініктердің бірін жоққа шығарады. Көпшілік суицидке көбіне толық емес немесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасында тәрбиеленген балалар барады деп есептейді. Алайда деректер басқаша көріністі байқатады. Суицид жасаған балалардың басым бөлігі толық отбасында өскен. Атап айтқанда, өмірімен қоштасқан 136 ұлдың 120-сы, ал 63 қыздың 53-і әкесі мен анасы бірге тұратын отбасында тәрбиеленген. Бұл толық отбасының болуы баланың психологиялық қауіпсіздігіне автоматты түрде кепілдік бермейтінін аңғартады. Отбасындағы қарым-қатынас сапасы, ата-ананың балаға эмоционалдық қолдау көрсетуі, өзара сенім мен ашық диалогтың болуы отбасының формасынан әлдеқайда маңызды факторға айналып отыр. Керісінше, толық емес отбасылардағы балалар арасында мұндай жағдайлар салыстырмалы түрде аз тіркелген. Ал жетім балаларға қатысты статистика тіпті төмен деңгейде қалыптасқан. Мұның бірнеше ықтимал себебі болуы мүмкін. Бір жағынан, балалар үйлері мен арнайы мекемелерде психологиялық бақылау мен әлеуметтік қолдау жүйесі тұрақты жүргізілетіндіктен, тәуекел белгілері ертерек анықталуы ықтимал. Екінші жағынан, бұл санаттағы деректердің толық қамтылмауы немесе тіркеу ерекшеліктері де көрсеткіштерге әсер етуі мүмкін.
«Көп жағдайда ата-аналар баланың мінезіндегі өзгерістерді жасөспірімдік кезеңнің ерекшелігі деп қабылдап, оған мән бермейді. Алайда психологтар мұндай өзгерістердің бірқатары дабыл белгісі болуы мүмкін екенін айтады. Бұрын жақсы көрген ісінен бас тарту, жалғыздықты жиі іздеу, ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, болашақ туралы үмітсіз пікірлер айту, өзінің ешкімге қажет еместігін қайталау немесе жақын адамдарымен қоштасқандай әрекет ету – мұның барлығы елеусіз қалмауы тиіс. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана бұл белгілердің маңызын қайғылы жағдайдан кейін ғана түсінеді. Тағы бір кең таралған қате түсінік – жақсы оқитын, тәртіпті немесе ауқатты отбасының баласы мұндай қауіпке ұшырамайды деген пікір. Психологиялық тәжірибе бұлай емес екенін дәлелдейді. Кейде дәл осындай балалар өз мәселесін жасыруға бейім келеді. Олар ата-анасының үмітін ақтау үшін эмоциясын көрсетпеуге тырысады, әлсіз болып көрінуден қорқады. Соның салдарынан олардың ішкі күйзелісі ұзақ уақыт бойы байқалмай қалады», – дейді Бота Ергенқызы.
Суицидке әрекет жасау көрсеткіштерінде мүлде басқа үрдіс байқалады. Бұл санатта қыздар айқын басымдыққа ие. 2025 жылы өзіне-өзі қол жұмсауға әрекеттенгендердің 288-і қыз болса, 117-сі ұл болған. Дегенмен мұнда да негізгі үлесті толық отбасында тәрбиеленген балалар құрайды. Ұлдардың шамамен үштен екісі, ал қыздардың 66 пайызға жуығы әкесі мен анасы бірге тұратын отбасында өскен. Бұл деректер мәселені тек отбасының толық немесе толық еместігімен түсіндіру жеткіліксіз екенін дәлелдейді. Баланың ішкі күйзелісін дер кезінде байқау, онымен сенімді қарым-қатынас орнату, мектеп пен отбасы арасындағы байланысты күшейту, сондай-ақ кәсіби психологиялық көмектің қолжетімділігін арттыру – балалар суицидінің алдын алуда шешуші рөл атқаратын негізгі факторлар болып қала береді.
С.Бақберген