Балаларға мейірім сыйлаған медбике
Балалардың денсаулығын қорғау – үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды іс. Бұл жолда балалармен жұмыс істейтін медбикелердің еңбегі ерекше.
Олар медициналық көмек көрсетіп қана қоймай, мейірім мен қамқорлық танытып, ата-аналарға да қолдау білдіреді. Солардың бірі – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келе жатқан медбике Қалдыбике Тыныштықбаева.
Балалардың денсаулығын қорғау және оларды сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету – қоғамның басты міндеті. Бұл маңызды істің жүзеге асуына балалар медбикелерінің қосатын үлесі зор. Балалар медбикесі – тек медициналық қызметкер ғана емес, сонымен қатар әрбір балаға жанашырлық танытатын, олардың жағдайын мұқият бақылап, дер кезінде көмек көрсететін мейірімді маман. Олар дәрігердің нұсқауын орындап қана қоймай, баланың жалпы жағдайын қадағалап, ата-аналарға пайдалы кеңестер беріп, аурудың алдын алу шараларын түсіндіреді. Демек, баламен жұмыс істеу, тілін табу – оңай шаруа емес. Оларға дұрыс күтім жасап, тез сауығып кетуіне ықпал ету – медбикелердің күнделікті міндеті. Сірә, бұл кәсібіне деген адалдық пен махаббаттан бастау алса керек.
Қалдыбике Баймағанбетқызы медбике мамандығын сонау Мәскеу қаласында оқыған. Әу баста педиатр болғысы келген ол арман қуып алып шаһарға келгенмен, қалаған оқуға түсе алмайды. Есесіне, жоғары балдық көрсеткішпен медициналық училищенің студенті атанады.
«Медициналық университетке қатарынан екі жыл құжат тапсырып, бағымды сынап көрдім. Бірақ екеуінде де сәті түспеді. Сосын 1979 жылы Мәскеу қаласындағы №7 медициналық училищесінің «Мейірбике» мамандығы бойынша оқуға түсіп, 1984 жылы жергілікті №15 қалалық ауруханада екі жыл жұмыс істедім. Сонда да жоғары білім алудан үмітімді үзбедім. Әрі қарай университетте оқуды жоспарладым. Бұл арманымды орындауға мүмкіндік болды. Ол кезде жұмыс факультеті, кешкі оқу бөлімі бар. Бірақ әкем ауырып, үйден қайта-қайта хат келе берген соң, қайтуыма тура келді. Одан кейін елге қайтып, еңбек жолымды Жамбыл облысы Меркі ауданындағы көппрофильді ауруханада жалғастырдым. Ал 2005 жылы Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына келіп, зарарсыздандыру бөлімшесінің мейірбикесі ретінде жұмысқа қабылдандым. Міне, содан бері мейірбике ісі мамандығы бойынша жоғары біліктілік санатына ие болып, табан аудармай еңбек етіп келемін», – дейді тәжірибелі медбике.
Алайда 40 жылдық еңбек өтілі бар Қалдыбике Тыныштықбаева өзі армандаған балалар дәрігері бола алмаса да, әр істің өз жауапкершілігі бар екенін айтады.
«Әрбір адам өз мамандығын сүйсе, еңбегі де жемісті, нәтижелі болады. Тіпті қиындығын да сезбейсің. Сенсеңіз, алғаш ақ халат кигенде қатты қуандым. Әр баланың тілін тауып, ата-анасының көңілін тапқаныма бақытты сезіндім. Жалақысы төмен бе, ол жағына да қарамадым», – деп жалғады пікірін.
Бүгінде зейнет жасына шықса да, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Диагностикалық кеңес беру бөліміндегі ем-шара кабинетінде жұмыс істейтін медбике аз уақытта бұл жұмыспен қоштасатын күннің туатынын ойласам, көңілі құлазитынын жеткізді.
«Жас кезіңде жалақы үшін жұмыс істейсің. Ал тәжірибе жинақтай келе, бүкіл жаныңды саласың. Менде қазір қимастық сезімі басым. Үнемі балалармен жұмыс істеген соң, жүрекке ерекше мейірім ұялайды. Ана мен баланың қабағын кірбің шалмаса екен дейсің. Әр баланың денсаулығы жақсы болса екен деп тілейсің. «Бала – бауыр етің» демей ме, сырқаттанып қалған баласы үшін бәріне дайын тұратын ананың көз жасын құрғатқың келеді, жылы сөзіңді айтқың келеді. Өйткені мына әлемді мейірім ғана құтқарады», – деген медбикенің жылы лебізі қаншама адамға ауадай қажет екені рас.
Қалдыбике Тыныштықбаева – заманауи медицинадағы барлық әдістемелерді меңгерген, кәсіби деңгейін арттыру үшін ізденуден шаршамайтын маман. Өзіне жүктелген міндетке асқан жауапкершілікпен, жоғары талаппен қарап, қашан да нәтижелі жұмыс көрсеткішіне үлес қосып келеді. Осы адал еңбегінің арқасында ұжымда құрметке ие медбике «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Балалармен жұмыс істеу үшін тек кәсіби білім ғана емес, үлкен сабырлылық, төзімділік және мейірім қажет. Әрбір баланың денсаулығы мен өмірі үлкен сенім жүктейтіндіктен, медбикелер өз міндеттерін жоғары жауапкершілікпен атқарады. Балалардың амандығы мен жарқын болашағы жолында балалар медбикелерінің еңбегі әрқашан бағалы әрі маңызы зор болып қала береді.
Жігер ӘШІМ