Оқиғалар

Балалықтың айнасы – Қожа. Балалық мінез бен өмір сабағы

Белгілі жазушы Бердібек Сопақбаевтың балалар әдебиетіне қосқан үлесі зор екені анық. Кеңестік замандағы балалардың өмірін бейнелей отырып жазған туындылары қазіргі театр сахналарында жиі сахналанып, кішкентай көрермендердің көңілінен шығуда.

Фото: ашық дереккөз

 Талантты режиссер Еркебұлан Кабдылдың жетекшілігімен қойылған “Менің атым Қожа” спектаклі мемлекеттік академиялық қуыршақ театр сахнасында жаңаша сипат алып, сүйікті көрермендерімен қауышты. Кішкентай Қожаның мектеп жасындағы бастан кешкен әр түрлі, қызықты оқиғалары сахналанды. Басты ролге талантты актер Тезекбай Ерсұлтан таңдалыпты. Өзінің актерлік шеберлігімен, харизмасымен,шынайы Қожаны көріп отырғандай әсер қалдыра алғандығын қуантады.

Оқиғада Қожаның балалық, пәк махаббаты да көрініс табады. Жанар есімді сыныптас қызына ғашық болып, ол жанға ұнау үшін өз тәртібін, мінезін түзеуге тырысады. Қанша бұзықтық жасаса да , жақсы адам болуға талпынады. Жалпы спектакльдің көркемдік шешімі өте үйлесімді әрі әсерлі шыққан. Актерлер костюмдері көрерменді бірден кеңестік кезеңнің атмосферасына жетелейді. Қарапайым мектеп парталары, ескі тақта, ауылдың иісі аңқыған декорациялар барлығы сол заманның шынайы бейнесін көз алдыңа әкеледі. Музыка мен жарық беру шешімдері де спектакльдің атмосферасын толықтырып, әр көріністің эмоциялық реңкін күшейтеді. Кей сәттерде көңілді, ойнақы әуендер Қожаның тентек мінезін айқындаса, кейбір тұстарда баяу, лирикалық музыка оның ішкі толғанысын, жүрек тазалығын сезіндіреді. Жарықтың жұмсақ ауысуы сахнадағы оқиғаларды әсерлі етіп, көрерменнің назарын өзіне баурап алады. Қойылым барысында көрермен тек күліп қана қоймай, терең ойға да шомады. Қожаның жасаған қателіктері, оның сол қателіктерін түсініп, түзелуге ұмтылысы әр балаға да, ересек адамға да таныс жағдай. Спектакль адам бойындағы мейірім, шынайылық, адалдық сияқты қасиеттердің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Қорытындылай келе, “Менің атым Қожа” спектаклі тек балаларға арналған жеңіл қойылым емес, тәрбиелік мәні зор, жүрекке жылы әсер қалдыратын туынды. Актерлердің шынайы ойыны, сәтті режиссерлік шешімдер, үйлесімді сценография мен костюмдер барлығы бірігіп, көрерменге ұмытылмас әсер сыйлайды. Бұл қойылым әрбір көрерменді балалық шаққа қайта оралып, өмірдің қарапайым, бірақ маңызды құндылықтарын қайта бағалауға шақырады.

Бақытжанұлы Әмір

Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА

«Театртану» бөлімі. 1 курс

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: театр