«Баламның өлімі әділ тергелсін»: Павлодарда катер апатынан қаза тапқан азаматтың анасы БАҚ-тан көмек сұрады
Павлодарда катер апатынан қаза тапқан азаматтың анасы БАҚ-тан көмек сұрады.
Павлодар облысында катер апатынан қаза тапқан 43 жастағы Икрам Нұрмашевтың анасы Светлана Хожаметова «Әділ сөз» халықаралық қорына және бірқатар тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде «Жас Алаш» редакциясына үндеу жолдады. Ол ұлының өліміне қатысты тергеудің әділ жүргізілгеніне күмән келтіріп, оқиғаға судьяның қатысы болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал судьяның адвокаты тағылған айыптауларды негізсіз деп атап, қылмыстық істің тоқтатылғанын хабарлады.
Марқұмның анасы Светлана Хожаметова «Жас Алаш» редакциясына жолдаған хатында Павлодар облысында болған катер апатының мән-жайын баяндап, құқық қорғау органдарының әрекетіне күмән келтіретінін жеткізді. Оның айтуынша, қайғылы оқиға кезінде катерді Павлодар облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаев басқарған.
Анасы тергеу барысында оқиғаның нақты мән-жайы бұрмалануы мүмкін деп қауіптенеді. Ол катерде болған өзге адамдардың марқұмның өзі рөлде отырғаны туралы жауап бергенін, алайда қолдарындағы бейнежазбалар мұндай нұсқаға қайшы келетінін айтады.
«Бізде бұлтартпас дәлел бар. Ұлымның суға кеткен телефонында бейнежазба сақталған. Онда ұлымның жолаушы орнында отырып, катерді басқарған адамға "Газуй, газуй!" деп айқайлағаны естіледі», – делінген Светлана Хожаметованың үндеуінде.
Отбасының мәліметінше, апат кезінде телефон марқұмның қалтасында болған. Құрылғы су астына кеткеннен кейін де шамамен үш сағат бойы бейнежазба жүргізілген. Сондай-ақ туыстары оқиғаға дейін түсірілген тағы екі бейнежазбада катерді Марат Мұсабаев басқарғаны көрінетінін алға тартады.
Марқұмның анасы судьяның қолында сыра болғанын және катердің жоғары жылдамдықпен жүргенін де мәлімдеді.
20 миллион теңге туралы мәлімдеме
Светлана Хожаметова үндеуінде 22 қазанда, ұлының қырық күндік асы қарсаңында, Марат Мұсабаевтың өзіне 20 миллион теңге ұсынғанын айтады.
Анасының сөзінше, ол бұл ұсынысты қабылдамай, ұлының өліміне қатысты бейнежазбаларды Бас прокуратураға тапсыратынын жеткізген.
«Енді мен сенің ұлымның өліміне қатысың бар екеніне толық көз жеткіздім. Қырқын өткізгеннен кейін Астанаға барып, барлық дәлелді материалдарды Бас прокуратураға тапсырамын. Бәрі әділ болуы керек», – деп келтіреді анасы сол кездегі сөзін.
Оның айтуынша, бұдан кейін судья екінші ұлын сыртқа шақырып, садақа ретінде пакет берген. Пакет үйге кіргізілген соң полиция қызметкерлері келгенін, олардың марқұмның телефоны мен үйдегі бейнебақылау жүйесінің жазбаларын талап еткенін мәлімдейді.
Сондай-ақ Хожаметова 31 қазан мен 1 қараша күндері түнгі сағат 22:00-ден кейін полиция қызметкерлері үйіне келіп, тінту жүргізуге әрекеттенгенін айтады. Оның сөзінше, қызметкерлер тиісті құжаттарды көрсетпеген.
Отбасы полиция тарапынан қысым жасалып жатқанын айтып, бұл әрекеттердің заңдылығын тексеруді сұрайды.
Марқұмның анасы «Әділ сөз» қоры мен тәуелсіз редакциялардан оқиғаны жария етуді, Бас прокуратураға, Ішкі істер министрлігіне және Жоғары сот кеңесіне ресми сауалдар жолдауды өтінді.
Судьяның адвокаты айыптауларды жоққа шығарды
Ал 4 қарашада Павлодар облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы Марат Мұсабаевтың адвокаты Рена Керимова бұқаралық ақпарат құралдарына мәлімдеме жасады. Бұл туралы ҚазТАГ хабарлады.
Адвокат марқұмның туыстары тарапынан таратылып жатқан мәліметтерді негізсіз деп санайтынын жеткізген.
«Қазіргі уақытта марқұм Нұрмашев И.Ж.-ның туыстары бұқаралық ақпарат құралдарына жаппай үндеу жолдап жатыр. Менің ойымша, бұл үндеуде Мұсабаев М.К.-ға қатысты көрінеу шындыққа жанаспайтын, негізсіз және оның беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер де бар», – делінген адвокаттың хабарламасында.
Рена Керимова қылмыс жасау, қылмыстық іс материалдарын бұрмалау, тергеуге қысым көрсету және қызметтік жағдайды пайдалану туралы айыптаулардың заңды күшіне енген сот актісімен расталмағанын атап өтті.
Сонымен қатар адвокат қылмыстық істің тоқтатылғанын мәлімдеді.
«Нұрмашев И.Ж.-ның өліміне байланысты тіркелген қылмыстық іс бойынша іс жүргізу тоқтатылды. Осылайша, марқұмның туыстарының үндеуінде Мұсабаев М.К.-ға қатысты айтылған айыптаулар қылмыстық іс аясында өз дәлелін тапқан жоқ», – деді Керимова.
Оның айтуынша, Марат Мұсабаев өзіне қатысты бопсалау дерегі бойынша құқық қорғау органдарына арыз түсірген.
Адвокат журналистерді ақпараттың шынайылығын тексеруге, кінәсіздік презумпциясын сақтауға және екінші тараптың да пікірін жариялауға шақырды.
«Жас Алаш» редакциясы тараптардың мәлімдемелерін назарға алып, оқиғаның мән-жайын анықтау үшін қосымша ақпарат жинауды көздеп отыр.