Саясат

Баласын шетелде оқытатындар неге Қазақстанда шенеунік болады?

Рас-ау. Сонда өзі сенбейтін жүйеге қай бетімен ант беріп, қалайша саясаткер болады бұлар?

Jasalash.kz

Асарын асап, жасарын жасағасын елді сатып, ақыр аяғында үйренген шетеліне тайып тұрудан тайынбайтындай көрінеді бұлар.

      Мәселен, соңғы күндері әлеуметтік желілерде Саясат Нұрбек «хит» болып жатыр.

«1 миллион доллар» деген дауға қалған Саясат Нұрбек – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, саясаттанушы, заңгер, геосаясат және халықаралық қауіпсіздік магистрі. Күні кеше «Nur Otan» партиясы атынан депутат креслосына үміткер атанды.Саясат «Жаңа кәсіптер мен біліктер атласы» деген мемлекеттік жобаны қолға алған екен. Бұл жобаның құны қанша екенін ресми түрде ешкім жариялауға батпаған, бірақ оған Дүниежүзілік банк 608 мың доллар және Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы 296 мың доллар салды деген сөз желіде желдей есуде. Ең сорақысы, тура осындай «Атлас» жобасы Ресейде 50 мың долларға жетер-жетпес ақшаға жасалған.

       «Үш баламды оқыту үшін шетелге кеттім», – дейді тағы Нұрбек. «Қазақстанда үш баланы мектепте оқыту үшін 15 млн теңгем кетеді, содан ақшамды үнемдеу үшін Кипрге апардым, ол жақта үшеуіне жылына 7 млн теңгем кетеді», – депті ол.

Әрине, бұған қара халық аң-таң. Ол болса мұны қалыпты жағдай сияқты айтады.

      Расында, ақшасы барлар баласын қазір Қазақстандағы қарапайым мектепте оқытпайды, бұл таптық бөліністің жаңа фазасының бір көрсеткіші. Депутат, министр мен оның балалары тіпті НИШ (Назарбаев зияткерлік мектебі) сияқты түрлі «ерекше мектептерді» де менсінбейді, тек шетелде ғана оқиды. Бұл қулар баласын шетелде оқытса, ендеше Қазақстанда неге шенеунік болып жүр деген қисынды сұрақ туындайды.

        «1 миллион доллар дегеннен еске түсіп жатыр: Саясат Нұрбектер қайта еңбекқор екен деймін (үш том кітап шығардық дейді, көрмесек те). Осыдан 13-14 жыл бұрын ақпарат министрі кезінде Ермұхамед Ертісбаев Чингиз Кабидин деген туған ұлының АҚШ-тағы шотына 1 миллион 111 мың 111 долларды «Қазақстан» телерадиокорпорациясы атынан гәу дегізген. Түсірілмеген фильм үшін! Сол кезде ұлттық арнаны басқарған Нұртілеу Иманғалиұлының қолы қойылған ол «платежкаға», – деп жазды желіде журналист Қасым Аманжол.

Әділ Ақылбай
Тегтер: Без Тега