Әлеумет

Балқаштағы кафеде болған жанжал атысқа ұласып, даяшы қыз жарақат алды

Балқаштағы кафелердің бірінде болған жанжал атысқа ұласып, даяшы қыз жарақат алды.

Фото: из открытых источников

Бұл ақпаратты Қарағанды облысы полиция департаменті растады.

 

Ведомство мәліметінше, қаладағы ойын-сауық орындарының бірінде таныс адамдар арасында ауызша жанжал туындаған. Артынша кикілжің төбелеске ұласып, оның барысында травматикалық қару қолданылған.

 

Оқиға салдарынан кафе даяшысы оқ тиіп жараланған. Полиция оның денесіне оқтың өтпегенін хабарлады. Әзірге зардап шеккен қыздың жағдайы туралы нақты ақпарат жарияланған жоқ.

 

Аталған факі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Полиция жанжалға қатысқан барлық азаматтардың жеке басы анықталғанын мәлімдеді.

 

Қазір күдіктілердің жүрген жерін анықтап, оларды ұстауға бағытталған жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.

 

«Тергеу барысы Қарағанды облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

 

Полиция тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жарияланбайтынын атап өтті.

Сайт Әкімшілігі