Балнұр Сыдықбаева: «Дүкен әкімшілігі заттардың сақталуына жауап бермейді» деген жазуға қарамастан, дүкен шығынды өтеуге міндетті
Егер сіз сапасыз тауар сатып алсаңыз, алдансаңыз немесе қызмет көрсету сапасына көңіліңіз толмаса, өз құқығыңызды бірнеше кезең бойынша қорғай аласыз.
Дегенмен біздің азаматтарымыз өз құқын толық қорғай алып жүр ме, олар заңды қаншалықты біледі. Осыған байланысты біз «Сапа» орталығының маманы сарапшы Балнұр Сыдықбаевамен сұхбаттастық.
– Балнұр ханым, қазір тұтынушылардың құқығы толық қорғалып жатыр ма?
– Жалпы, бізде тұтынушылардың құқын қорғайтын арнайы заң бар. Сол заң бойынша тауарды сатып алған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде егер ол пайдаланылмаса, тауарлық түрі, пломбалары, ярлыктары және чегі сақталса, айырбастауға немесе ақшасын қайтаруға құқығыңыз бар. Бір ескерте кететін дүние, дәрі-дәрмек, ішкиім, шұлық, ұялы телефондар, метрлеп сатылатын тауарлар мен жануарлар қайтарылмайды. Енді сіз сапасыз тауар сатып алдыңыз делік, егер тауардан ақау шықса, оны тегін жөндетуді, бағасын төмендетуді, ұқсас сапалы тауарға ауыстыруды немесе ақшаны толық қайтаруды талап ете аласыз. Тауардың бағасы, мерзімі, құрамы және өндірушісі туралы толық әрі шынайы ақпарат алуға құқылысыз. Дүкен сөресінде тұрған баға мен кассадағы баға сәйкес келмесе, сіз тауарды сөреде жазылған бағамен сатып алуға құқылысыз.
– Ал енді осы құқық бұзылса не істеу керек?
– Бұған қатысты сатушыға ресми кінәрат-талап (претензия) жаза аласыз. Шағымды жазбаша түрде 2 данада дайындаңыз. Бір данасын сатушыға беріп, екінші данасына қол қойғызып, күнін жазғызып, өзіңізде қалдырыңыз. Сатушы шағымға 10 күнтізбелік күн ішінде жауап беруге міндетті. Сондай-ақ е-Tutynushy платформасына жүгіне аласыз. Егер сатушы жауап бермесе немесе бас тартса, e-tutynushy.kz бірыңғай электрондық платформасы арқылы тікелей шағым түсіріңіз. Бұл жүйе шағымды автоматты түрде мемлекеттік органдарға немесе тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдарына жолдайды. Сондай-ақ сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне арыз түсіре аласыз. Егер мәселе түсіністікпен шешілмесе, сотқа талап-арыз бересіз. Тұтынушылар осы санаттағы істер бойынша сотта мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады.
– Жалпы, тұтынушыларға қандай кеңес бересіз?
– Әрқашан сауда жасаған соң чекті сақтап жүріңіз. Қызмет немесе тауар алмас бұрын оның сапасына көз жеткізіңіз. Өз құқығыңызды білу – ақшаңыз бен уақытыңызды үнемдеудің кепілі.
– Қазір жұрттың көбі сауданы онлайн жасайды. Осындай жағдайда тұтынушылардың құқы қалай қорғалады?
– Онлайн тапсырыс берген тауарды дәл кәдімгі дүкендегідей, 14 күн ішінде қайтаруға болады. Егер тауар суреттегідей болмаса немесе ақауы болса, жеткізу ақысын сатушы төлеуі тиіс. Сатушының «тауар қайтарылмайды және айырбасталмайды» деген ережесі заңсыз. Олар да заңға бағынуы керек.
– Сосын мынадай жайттар бар. Егер дүкеннің ішінде бір тауарды сындырып, бүлдіріп алса, оның құнын тұтынушы төлеу керек пе?
– Бұл көпшілік біле бермейтін, бірақ дүкендерде жиі кездесетін жағдайлар. Егер сіз дүкенде абайсызда сөреден бір затты, мысалы, шыны ыдысты құлатып алсаңыз және ол жерде өтуге тар, ыңғайсыз немесе еден тайғақ болса – сіз төлеуге міндетті емессіз. Дүкен тауардың қауіпсіз тұруын қамтамасыз етуі керек еді. Тек дүкен сіздің оны әдейі істегеніңізді дәлелдесе ғана сот арқылы өндіре алады. Бұдан соң дүкен күзетшілері сізді сөмкеңізді жәшікке қоюға мәжбүрлей алмайды. Ал егер қойсаңыз және ол жерден бірдеңе жоғалса, «Дүкен әкімшілігі заттардың сақталуына жауап бермейді» деген жазуға қарамастан, дүкен шығынды өтеуге міндетті
– Қызмет көрсету саласындағы құқықтар жайында не айтасыз?
– Тек тауар емес, қызметтер де заңмен қорғалады: егер шашыңызды дұрыс боямаса, зақымдаса немесе маникюр сапасыз жасалса, ақшаны төлемеуге немесе материалдық-моральдық шығынды талап етуге құқығыңыз бар. Сондай-ақ дәмханаларда егер тағамнан шаш, жәндік немесе бөтен зат шықса, сіз бұл тағам үшін төлемеуге және оны мәзірден алдырып тастауды талап етуге құқылысыз. Сондай-ақ «меньюде жазылмаған» міндетті сыйақы пайызы заңсыз болып саналады, егер ол мәзірде алдын ала ескертілмесе. Рейс кешіккенде жолаушының тегін сусын, ыстық тамақ, ал ұзақ кешіккенде қонақүй алуға құқығы бар.
Жалпы, мына төрт ережені есте сақтаған адам ұтылмайды. Бірінші, чекті әрқашан сақтау. Электрондық чекті өшірмеу, қағаз чектің фотосын түсіріп алу. Екінші – келісімшартты оқу: Жиһаз жасату, оқу курстарына жазылу, фитнес-клубқа тіркелу кезінде келісімшартты, әсіресе «ақшаны қайтару шарттарын» мұқият оқу. Үшінші, фото-видео бекіту. Қымбат тауарларды (техника, жиһаз) сатып алғанда немесе қорабын ашқанда міндетті түрде видеоға түсіру. Бұл сотта немесе шағым түсіргенде негізгі айғақ болады. Төртінші, эмоциясыз, заңмен сөйлесу. Дүкенде айқай шығармай, бірден «Шағымдар мен ұсыныстар кітабын» талап ету немесе заң баптарын көлденең тарту.
Қ.САЙЛАУОВА