Банктер тәуекелдерге дайын ба?
Өткен аптада Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алғаш рет елдегі әр банк бойынша қадағалау стресс-тестілеуінің (ҚСТ) қорытындыларын жария етті. 2025 жылғы есеп бойынша әр қаржы ұйымына тән тәуекелдер мен олардың капиталының ықпалы бөлек көрсетілген. Бұған дейін осы агенттік жалпы банк саласы бойынша жиынтық нәтижелерді ұсынатын. Ал бұл жолғы стресс-тестілеудің жөні басқа.
Осы жолы бұл бағдарламаға 11 ірі банк қатысқан. Бұл қаржы ұйымдарының үлесіне елдегі банк секторы активтерінің 86 пайызы және несие портфелінің 87 пайызы тиесілі. Стресс-тестілеу аясында несиелік және нарықтық тәуекелдердің ықпалы, сондай-ақ банктердің ықтимал шығындарды пайыздық және пайыздық емес кірістер арқылы жабу мүмкіндігі сараланыпты.
Тәуекел деңгейі қандай банктерде жоғары?
Қаржы нарығын реттеу агенттігі еліміздегі банктердің «төзімділігін» былай түзген: бұл ретте агенттік өкілдері банктердің ең негізгі байлығын, яғни халық пен бизнеске берілген 33 трлн теңге несиесін зерттеген. Бұл – бүкіл банк активтерінің тең жартысынан астамы (62,6 пайыз). Банктердің ең осал тұсы – кепілсіз несиелер (33,5 пайыз) және қарапайым адамдардың қарыздары (29,9 пайыз) болып шықты. Дағдарыс болса, адамдар бірінші кезекте осы қарыздарын төлей алмай қалады. Бүгінгі таңда банктер қайтарылмай қалуы мүмкін несиелер үшін 2,3 трлн теңге қор (резерв) жинап қойған. Бұл – жалпы несиенің шамамен 7 пайызы.
Бірақ жағдай күрт нашарласа, стресс-сценарий былай түзілмек: мұндайда шығын 2,5 есе өседі. Банктерге «күйіп кеткен» несиелерді жабу үшін резервтегі ақшаны 2,3 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін көбейтуге тура келеді. Төленбейтін несиелер күрт артады. Қайтарылуы қиын, өте проблемалық несиелердің көлемі 2,9 трлн теңгеден бірден 10,3 трлн теңгеге дейін бір-ақ секіреді. Дағдарыс бола қалса, «күйіп кететін» несиелерді жабу үшін өз қалтасынан, яғни резервінен төлеп, ең көп ақша шығаруға мәжбүр болатын банктерді қаржы нарығын реттеу агенттігі былай тізіп көрсетті: Alatau City Bank – 18,8 пайыз, «Еуразиялық банк» – 16,6 пайыз, ForteBank – 12,5 пайыз, «ЦентрКредит банкі» – 12,4 пайыз, Bank RBK – 11,3 пайыз. Бұл тексеріс банктердің банкрот болатынын білдірмейді. Бұл – экономикалық «дауыл» басталса, қай банктің көбірек зардап шегетінін алдын ала есептеп, сақтану үшін жасалған болжам.
Нарықтық тәуекелдің ықпалы қандай?
Ал егер дағдарыс бола қалса, банктердің бағалы қағаздары мен мүлкі қаншалықты арзандайды? Агенттік тексерістің бұл бөлімінде банктердің тек несиелерін ғана емес, олардың қолдарындағы облигациялары, акциялары мен ғимараттарының (жылжымайтын мүліктің) құнын да зерттеген. «Егер елде доллар бағамы секіріп, мүлік пен құжаттар арзандап кетсе, банктер қанша ақша жоғалтады?» деген сауалға жауап іздеген.
Тексеріс басталғанда банктердің осындай нарықтық қауіпке тез ілігетін активтері 12,9 трлн теңге болған. Бұл – олардың бүкіл байлығының 24 пайызы. Қазірде банктер бұл ақшаны мына жерлерде ұстап отыр: облигацияларда (бағалы қағаздарда) – ең үлкен үлес 87,3 пайыз. Басқа компанияларға салынған инвестицияларда – 5,4 пайыз. Жылжымайтын мүлікте (ғимараттар, кеңсе және т.б.) – 4,9 пайыз.
Ал енді дағдарыс орнаса, бұл байлық қалай азаяды деген сауалға жауап берген қаржыгер Арман Мусиннің сөзіне сүйенсек, егер экономикалық дағдарыс басталса және «Ұлттық банк» базалық мөлшерлемені көтерсе, бұл активтердің құны 11,5 трлн теңгеден бірден 10 трлн теңгеге дейін құлдырайды. Басқаша айтқанда, банктердің жинаған бағалы қағаздары нарықта өз-өзінен арзандап, банктер 1,5 трлн теңгесін жоғалтады. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, дағдарыс кезінде бағалы қағаздары мен мүлкі қатты арзандап, «стресс» алатын банктер: Freedom Bank құны 17,2 пайызға, ForteBank 11 пайызға, Bereke Bank 9,1 пайызға төмендейді.
Стресс-тестке сенуге бола ма?
Жалпы, агенттіктің ең басты қорытындысы көңіл көншітеді. Агенттік өкілдерінің пайымдауынша, Қазақстанның банк жүйесі кез келген ауыр дағдарысқа төтеп бере алады. Тіпті жағдай өте нашар болған күннің өзінде, банктер күйреп қалмайды. Бұл ведомство қаржы әлемінде банктердің өзін-өзі сақтап қалу қабілетін «капитал жеткіліктілігі» (к1) деп атайды. Бұл – қиын қыстау күнде шығындарды жабатын банктің өз қалтасындағы төл ақшасы. Заң талабы бойынша мемлекет банктерге «төл ақшаңның деңгейі ең кемі 5,5 пайыз болуы керек» деп талап қояды. Ал стресс-тест нәтижесі бойынша ең ауыр дағдарыс орнаған күннің өзінде, біздің банктердің бұл көрсеткіші 16,1 пайыз деңгейінде қалады. Бұл – заң талабынан 3 есе көп әрі өткен жылғы нәтижеден (15 пайыз) жоғары.
Агенттік өкілдерінің айтуынша, биылғы тексеріс банктер үшін әлдеқайда қатал болды. Себебі сарапшылар дағдарыстың ең ауыр соққысын кейінге қалдырмай, бірден алғашқы үш айда болады деп есептеді. Өткен жылы бұл соққы 1,5 жылдан кейін болады деп есептелген. Соққының қаттылығынан банктердің қауіпсіздік қоры 1,6 пайызға азайған. Банктердің ақшасын азайтқан негізгі себептер 2025 жылғы есеп бойынша төленбейтін несиелер кесірінен қауіпсіздік қоры 1,3 пайызға азайды. Бағалы қағаздардың арзандауынан қор 1,9 пайызға қысқарды. Банктердің табатын таза пайдасы азайып кетті. Агенттік бұл жолы тек тексеріп қана қойған жоқ, олар әр банкке жеке тапсырма берді. Тәуекелі жоғары банктер үшін 0 пайыздан 3 пайызға дейін арнайы «капитал буферін», яғни қосымша сақтық қорын бекітті. Енді банктер тапқан таза пайдасын бірден акционерлеріне-қожайындарына сыйақы (дивиденд) ретінде тарата алмайды. Бірінші кезекте осы мемлекет бекіткен сақтық қорын толтыруы тиіс. Бұл – банктегі қарапайым халықтың ақшасын қорғау үшін жасалған қадам.
Сарапшылар не дейді?
Сарапшылардың сөзінше, мемлекет банктерді еркелетуді тоқтатуы керек. Экономист-сарапшы Марал ТӨРТЕНОВАНЫҢ пікіріне сүйенсек, Қазақстан үкіметі осы уақытқа дейін банктерге тым көп жеңілдік жасап, оларды дағдарыстан үнемі бюджет есебінен құтқарып келді. Ал былтырдан бастап банк саласын реттейтін қатаң заң туралы айтыла бастады. Маманның ойынша, бұл заңды қазір емес, 15 жыл бұрын қабылдау керек еді.
«Елімізде 150 мың теңге жалақы алатын адамға 28 пайыз үстемеақымен 2 млн теңге несие беретін банктер бар. Бұған заңмен тыйым салу қажет. Банктердің төмен жалақысы бар адамдарға ойланбай несие үлестіріп, артынан банкрот болуы – сауатсыз схема. Мемлекет бұдан былай банктердің де, қарызға батқан азаматтардың да шығынын бюджет есебінен жабуды тоқтатып, несие беру талабын шұғыл қатайтуы тиіс», – дейді экономист-сарапшы.
Ал банк секторында басшылық қызмет атқарған, экономист-ғалым Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ пікірінше, біздің банктер халыққа тиімді әлемдік тәжірибені енгізбеді. Бұл ретте экономист Қаржы нарығын реттеу агенттігінің (ҚНДРА) жұмысын сынға алды. Оның пікірінше, қаржы нарығын реттеуші орган шетелдік озық банк технологияларын Қазақстанға әкеле алмады.
«Батыс елдерінде АҚШ, Германия, Францияда банктер клиентті қолдау үшін 10-15 пайыз жоғары кэшбэктер мен адамның шығынына қарай өсетін «динамикалық бонустар» ұсынады. Сондай-ақ Францияда жастар несие алар алдында кепіл ретінде депозит қояды, ал Үндістан мен Африкада тек шағын көлемде 100-150 доллар мөлшерінде мобильді несиелер беріледі. Қазақстан банктері тұтынушыға тиімді мұндай жүйелердің ешқайсысын енгізген жоқ, ал агенттік оларға талап қоя алмады. Енді келіп заңды қатайтқысы келеді. Бірақ осы уақытқа дейін мемлекеттің қолдауына үйреніп, «сүттің қаймағын ішіп» келген олигархтар басқаратын банктер қатаң заңға бағына қоюға оңай көне қоймайды. Сондықтан бізге ең алдымен банк жүйесіне түгелдей құрылымдық өзгерістер енгізу керек», – деді экономист.
Әбілқасымова ұсыныстарды ескере ме?
Сала мамандарының пайымдауынша, Қазақстанның банк саласын сауықтырудың бес басты қадамы бар. Осыны Қаржы нарығын реттеу және қадағалау агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова ескеруі тиіс.
Біріншіден, халықты жаппай қарызға батыруды заңмен шектеу керек. Банктердің табысы аз адамдарға үлкен несие үлестіруіне тосқауыл қою қажет.Несие төлемінің көлемі адамның ай сайынғы таза табысының 30-40 пайызынан аспауы тиіс деген ереже енгізу керек. Жалақысы төмен азаматтарға пайызы жоғары миллиондық несие беруге заң жүзінде тыйым салу қажет.Несие тарихы жоқ жастар немесе тәуекел тобындағы азаматтар үшін алдын ала кепілдік депозит қою жүйесін енгізу керек.
Екіншіден, банктерді мемлекет есебінен құтқаруды біржола тоқтатқан жөн. Бюджет ақшасы – банк иелерінің қателігін жабатын құрал болмауы тиіс. Егер банк сауатсыз саясат жүргізіп, шығынға батса, ол мемлекеттің емес, өз акционерлерінің ақшасы есебінен жабылуы керек. Стресс-тест қорытындысы көрсеткендей, тәуекелі жоғары банктер тапқан пайдасын акционерлеріне таратып әкетпей, бірінші кезекте «қауіпсіздік жастығын» (капитал буферін) толтыруға жұмсауын қатаң бақылауда ұстау қажет.
Үшіншіден, Қаржы нарығын реттеу агенттігі банктердің тек өз пайдасын ойламай, тұтынушыға тиімді жағдай жасауын міндеттеуі қажет. Карталар бойынша тек 1-2 пайыз емес, АҚШ пен Ұлыбританиядағыдай 10-15 пайыздық жоғары кэшбэк жүйесін енгізу керек. Тұтынушы ең көп ақша жұмсайтын категорияларға банк өздігінен бонусты көбейтіп отыратын тетіктерді іске қосу қажет.
Төртіншіден, несие нарығындағы бәсекелестікті арттырып,елімізге шетелдік ірі банктердің келуіне жағдай жасау керек. Нарықта тек санаулы ғана ірі отандық банк қожалық етсе, пайыздар жоғары, ал қызмет сапасы төмен болып қала береді. Шетелдік банктер кірсе, олар төмен пайызбен несие ұсынып, біздің банктерді де пайыздық мөлшерлемені түсіруге мәжбүр етеді.
Бесіншіден, шағын және мақсатты несиелерді дамыту керек. Халықты өмір бойы құтыла алмайтын үлкен қарызға батырғанша, нақты мұқтаждықтарға арналған қауіпсіз өнімдерді көбейту маңызды. Үндістан мен Африка елдеріндегідей, мобильді қосымша арқылы тек шұғыл жағдайларға арналған, шағын әрі қысқа мерзімді қауіпсіз қарыздар 100-150 доллар беру жүйесін дұрыс арнаға салу керек.
Міне, сала мамандарының пайымынша, банк саласын дамыту үшін мемлекет «банктерге жайлы болу» саясатынан «халыққа және экономикаға тиімді болу» саясатына көшуі тиіс. Сонда ғана банктер де жауапкершілікті сезінеді, халық та қарыз батпағына батпайды. Алдағы уақытта осы саланы дамытып, реттеп отыруы тиіс Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігі осыны ескергені жөн. Ал аталмыш ведомствоны басқарып отырған Мәдина Әбілқасымова ханымның мұндай ұсыныстарды мықтап есіне сақтап алғаны абзал.
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ