Кейіпкер

Бақытбек СМАҒҰЛ, әскери ардагер: Әскери реформа – техниканы жаңарту емес, жаңаша ойлау

Әскердегі әрбір қайғылы оқиғадан кейін жауаптылар жазаланып, жаңа міндеттер жүктеледі.

Фото ашық дереккөз

Бірақ сарбаздардың қауіпсіздігіне қатысты мәселе неге ескерілмейді? Әскери жүйені жаңғырту үшін нені өзгерту керек, ал жауапкершілік қай деңгейден басталуы тиіс? Біз "Qazaqstan Ardagerlerі" қауымдастығының төрағасы Бақытбек Смағұлмен әскердегі қордаланған мәселелер, командирлердің жауапкершілігі, сарбаз құқығын қорғау және қоғамның Қарулы күштерге сенімі туралы сөз қозғадық.

"Тергеудің алдына түсіп кетуге болмайды"

 – Кешегі қорғаныс саласы мен бүгінгі қорғаныс жүйесінің айырмашылығы неде? Әскердің жарақтануы, әскери дайындық, сарбаздардың тұрмыс жағдайы мен қызмет ету тәртібі тұрғысынан қандай өзгерістер болды? Қай мәселе әлі де шешімін таппаған?

– Бұл сұраққа мемлекет басшысының: "Біздің армия өткен ғасырда қалып қойған" деген сөзімен жауап беруге болады. Президенттің бұл пікірі армияда ештеңе өзгермеді дегенді білдірмейді. Қазақстанның Қарулы күштері тәуелсіздік жылдарында қалыптасты, әскери техника жаңарды, жаңа қару-жарақ пен цифрлық жүйе енгізіліп жатыр. Алайда мәселе техникада ғана емес, әскери ойлау мен басқару тәсілінің заман талабына қаншалықты сай екенінде.

Бұрын әскери жүйе қатаң басқару тәртібіне, орталықтандырылған шешім қабылдауға және дәстүрлі қару түрлеріне сүйенді. Қазір соғыс сипаты өзгерді. Бұрын "Қанша техникасы бар?" деген сұрақ маңызды болса, бүгін "Ақпаратты қаншалықты тез алады, талдайды және шешімге айналдырады?" деген мәселе алға шықты. Сондықтан армияны жаңғыртуды жаңа техника сатып алумен шектеуге болмайды. Техника жаңарғанымен, оны басқару тәсілі ескі күйінде қалса, одан қандай нәтиже күтуге болады? Қазіргі командир әскери тәртіпті білумен қатар, технологияны меңгеріп, ақпаратты саралап, күрделі жағдайда дербес шешім қабылдай алуы керек.

Алайда бұл өткеннің тәжірибесін жоққа шығару деген сөз емес. Әскери тәртіп, антқа адалдық, жауынгерлік рух пен Отанға қызмет ету ешқашан ескірмейді. Өзгеруі тиіс нәрсе – осы құндылықтарды жүзеге асыру тәсілдері. Президенттің сөзін әскери жүйені XXI ғасыр талаптарына бейімдеуге берілген саяси сигнал деп түсінемін. Ендігі міндет – бұрынғы тәжірибені сақтай отырып, жаңа әскери ойлау жүйесін қалыптастыру.

– Соңғы жылдары әскердегі сарбаздардың өлімі мен түрлі қайғылы оқиғалар қоғамның алаңдаушылығын күшейтті. Мұндай жағдайлар бұрын да болған. Алайда бүгін өлім-жітім шынымен көбейді ме, әлде ертеректе ақпараттық ашықтықтың аздығынан қоғамға толық жетпеді ме?

– Әскерде қайғылы жағдайлар бұрын да болған. Бірақ "бұрын интернет болмады, сондықтан халық білмеді" деп мәселені тек ақпараттың таралуымен түсіндіруге болмайды. Бұл – мәселенің бір жағы ғана.

Маңғыстаудағы әскери қызметшілердің қазасы қоғамды дүр сілкіндірді. Бұған дейін де әр жылдары әскерде түрлі қайғылы оқиғалар болды. Сондықтан қоғамның "Әскерде не болып жатыр?" деп сұрауын негізсіз алаңдаушылық дей алмаймыз. Интернет пен әлеуметтік желі ақпараттың жасырын қалуына жол бермейтін деңгейге жетті. Бұрын әскери бөлім ішінде қалған мәселе бүгінде бірнеше сағатта бүкіл елге тарайды. Бұл – мемлекеттік органдардың жауапкершілігін арттыратын фактор. Дегенмен эмоцияға беріліп, әрбір ақпаратты дәлелденген факт ретінде қабылдаудың да реті жоқ. Әскери салада тергеу мен құқықтық баға шешуші мәнге ие.

Сондықтан "бүгін бәрі жаман" деп те, "бұрын да болған, таңғалудың қажеті жоқ" деп те айта алмаймын. Әскердегі өлімге статистика ретінде ғана қарамайық. Мемлекет өз азаматын Отан қорғауға шақырған сәттен бастап оның өмірі мен қауіпсіздігіне жауапкершілік алады.

Ақпарат көбейген сайын жауапкершілік те артуы керек. Әрбір қайғылы оқиғадан кейін тек кінәлілерді анықтап, жазалаумен шектелу жеткіліксіз. "Мұндай жағдай қайталанбауы үшін не өзгерді?" деген сұраққа нақты жауап берілуі қажет.

Фото ашық дереккөз/Бақытбек СМАҒҰЛ

– Маңғыстаудағы 14 сарбаздың өлімі әскери саладағы қордаланған мәселелерді қайта күн тәртібіне шығарды. Сіздіңше, мұндай қайғылы жағдайға не себеп болды және осындай қасіреттің қайталанбауы үшін қандай сабақ алуымыз керек?

– Бұл қайғылы жағдайды бір ғана себеппен түсіндіре алмаймыз. Нақты себептерін тергеу анықтауы керек. Эмоцияға ермей, болған жағдайға толық әрі объективті құқықтық баға берілгенін күту қажет. Бұл мәселені әлеуметтік желіде де көтердім. Оқиғадан кейін Маңғыстауға арнайы барып, әскери нысандарды аралап, жағдайды көріп қайттым. Сондықтан мәселеге сырттай пікір айтып отырған жоқпын. Дегенмен "себебі мынау" деп тергеудің алдына түсіп кетуге болмайды.

Бұл оқиға әскери басқару жүйесіндегі тәуекелдерді бағалау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, командалық бақылау және шешім қабылдау тәртібін қайта қарауға мәжбүр етті. Әскерде кез келген тапсырманың қаупі болады. Әскери қызметтің табиғаты тәуекелмен байланысты. Бірақ кәсіби армияның міндеті – қауіп деңгейін алдын ала бағалап, оны басқару және адам өміріне төнетін негізсіз қатерге жол бермеу.

Тергеу "Кім кінәлі?" деген сұрақпен шектелмеуі керек. Заң бұзушылық анықталса, кінәлілер жауапқа тартылуға тиіс. Бірақ бір-екі адамды жазалаумен мәселе шешіле ме? Оқиғаға дейін қандай шешімдер қабылданды? Қандай бақылау тетігі жұмыс істемеді? Қай жерде қауіп ескерілмеді? Неліктен жоғары деңгейдегі командалық бақылау оны тоқтата алмады? Міне, негізгі назар осы сұрақтарға аударылуы қажет. Егер бұларға нақты жауап берілсе, қайғылы оқиға әскери саланың әлсіз тұстарын түзетуге түрткі бола алады. Ал мәселе тек кінәліні табумен аяқталса, мұндай жағдайдың басқа жерде қайталану қаупі сақталады. Сондықтан жауапкершіліктің бүкіл тізбегін күшейту маңызды.

Сарбаздың қауіпсіздігі – бөлім командирінен бастап жоғары әскери басқаруға дейінгі әр буынның міндеті мен жауапкершілігі. Мемлекет үшін ең қымбат ресурс – адам. Сондықтан әскери реформаның нәтижесі жауынгердің өмірі мен қауіпсіздігін қаншалықты қорғай алатынымен өлшенуі тиіс.

"Қазақта қаралы хабарды естірту – өнер әрі жауапкершілік"

– Қайғылы оқиғадан кейін сарбаздардың ата-анасы мен жақындарына қаралы хабарды жеткізу тәртібі де қоғамның сынына ұшырады. Ата-ана баласының қазасын ең алдымен кімнен, қалай естуі керек? Бұл мәселеде нақты бекітілген тәртіп бар ма? 

–Бұл мәселені әлеуметтік желідегі парақшамда да көтердім. Қаралы хабарды жеткізудің құқықтық тәртібімен қатар, адамдық жауапкершілігі бар. Ата-ана баласының қазасын әлеуметтік желіден, мессенджерден немесе біреудің телефон шалуынан естімеуі керек. Мемлекет азаматты әскерге шақырған соң, оның отбасына да ауыр сәтте жауапкершілікпен қарауға міндетті.

Меніңше, қаралы хабарды бірінші кезекте әскери қолбасшылық өкілдері мен тиісті мемлекеттік органдардың жауапты адамдары отбасыға тікелей жеткізуі керек. Бірақ мұнда "Қалай хабарлайды?" деген мәселе де маңызды. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Анасына, әкесіне, жарына немесе баласына айтылатын сөздің де салмағы бөлек.

Қаралы хабарды жеткізудің нақты тәртібі болғаны жөн. Алайда оның ішінде адам тағдырын ескеретін мәдениет те болуы қажет. Мұндай жағдайда әскери органдарға елдің жөн-жоралғысын, сөздің салмағын білетін тәжірибелі ардагерлер мен ел ағаларын тарту мүмкіндігін де қарастыруға болады.

Қазақта қаралы хабарды естірту – өнер әрі жауапкершілік. Естірткен адам суық хабарды жеткізіп қана қоймай, қаралы үйдің қайғысын бірге көтерген. Бүгінгі мемлекеттік жүйе заманауи болуы керек десек те, осы адамдық өлшемді жоғалтпауға тиіспіз. Қаралы хабар ресми рәсімнің біріне айналып кетпеуі керек. Оның артында адам тағдыры, ата-ананың жүрегі мен отбасының қайғысы тұр.

– Осы қайғылы оқиғадан кейін қорғаныс саласында бірқатар кадрлық өзгеріс болып, арнайы комиссия құрылды. Әскерді жаңғырту, әскери тәртіпті күшейту және сарбаздардың қауіпсіздігін жақсарту міндеті қойылды. Жалпы, әскери салада қандай жүйелі реформалар жүргізілуі керек? Мәселен, сарбаздардың құқығын қорғау, әлімжеттікке жол бермеу, командирлердің жауапкершілігін арттыру және әскери бөлімдердегі бақылауды күшейту бағытында нені өзгерткен жөн?

 – Әскери салаға реформа керек. Бірақ оны министрді ауыстырумен немесе бірнеше лауазымды тұлғаны жауапқа тартумен шектеу реформа емес. Бұл – басқару жүйесін қайта қарауды қажет ететін мәселе.Реформаның бірінші қағидасы – жауапкершілік тек төменгі буынға жүктелмеуі керек. Мәселен, оқиға болғанда тікелей орындаушының кінәсін іздеу жеткіліксіз. Шешімді кім қабылдады, кім бақыламады, кім қауіп пен тәуекел туралы ақпаратты білуге тиіс еді, осы жауапкершілік тізбегінің бәрі талдануы қажет.

Сонымен қатар әскери бөлімдердегі ішкі бақылауды да күшейткен жөн. Қауіпсіздік талаптары қағаз жүзінде орындалды деп есептелмеуі керек. Олардың іс жүзінде сақталуы тексеріліп, бағалау да осыған негізделсін. Ол үшін кәсіби инспекторлық бақылаудың рөлін арттыру қажет.

Сосынкомандирлерді бағалау жүйесіне де өзгеріс керек. Олардың жұмысы тек жауынгерлік дайындықпен немесе тәртіп көрсеткіштерімен өлшенбеуі тиіс. Қарамағындағы әскери қызметшілердің қауіпсіздігі, заң бұзушылықтың алдын алу және жеке құраммен жұмыс істеу сапасы да ескерілуі керек.

Біз де қауымдастық атынан тиісті мемлекеттік органдарға өз пікірімізді айтып келеміз. Ардагерлердің тәжірибесін жүйелі түрде пайдаланған жөн. Ардагер бүгінгі армияны тікелей басқармауы мүмкін, бірақ кеше кеткен қателіктердің қайталанбауына көмектесетін тәжірибесі бар. Менің түсінігімдегі әскери реформа – жауапкершілік мәдениетін өзгерту. Сарбаз бұйрықты орындайды, командир сарбаз үшін жауап береді, ал жоғары әскери басқару командирдің жұмысына жауап береді. Осы тізбек үзілмеген жерде армия да нығаяды, мықты болады.

Фото ашық дереккөз/Бақытбек СМАҒҰЛ

"Бізге күшті әскер ғана емес, сол әскерге сенетін қоғам да керек"

– Қазір ата-аналардың бір бөлігі балаларын әскерге жіберуге қорқады. Қоғамда әскерге шақыру жасын ұлғайту туралы ұсыныстар да айтылып жүр. Ал кейбіреулер әлімжеттіктің келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметшілер тарапынан болуы мүмкін екенін алға тартады. Бұл алаңдаушылықты қалай бағалайсыз? Ата-ананың әскерге деген сенімін қайтару үшін не істеу керек?

–Ең алдымен ата-аналардың алаңдаушылығын түсінуіміз керек. Баласын әскерге жіберуге қорқу – олар Отан алдындағы борышын өтеуге қарсы деген сөз емес. Бұл – баласының қауіпсіздігіне алаңдаған ата-ананың жан күйзелісі. Әскери қызметтің маңызын түсіндірумен қатар, ата-ананың сенімін ақтайтын жағдай жасауымыз керек. Сенім құр сөзбен емес, нақты тәртіппен, қауіпсіздікпен, заңдылықпен және әскери қызметшілерге деген әділ қарым-қатынаспен қалыптасады. Менің ойымша, бұл жерде үш мәселені бөлек қарастыру қажет.

Бірінші, әскерге шақыру жасын ұлғайту мәселесі. Бұл ұсынысты бірден қолдау немесе жоққа шығару дұрыс емес. Әскерге шақыру жасы әскери міндет, азаматтың физикалық және психологиялық дайындығы, білім алу мүмкіндігі, демографиялық жағдай және Қарулы күштердің кадрлық қажеттілігі сияқты факторларды ескере отырып қабылдануы керек. Жас мөлшерін өзгерту әскердегі әлімжеттікті немесе қауіпсіздік мәселелерін өздігінен шешпейді. Егер бөлімдегі тәртіп пен бақылау әлсіз болса, жасты ұлғайтқаннан кейін де мәселе сақталуы мүмкін.

Сондықтан алдымен әскери қызметке бейімдеу, медициналық және психологиялық іріктеу, сержанттар құрамының кәсібилігі, қауіпсіздік талаптары мен құқықтық бақылау мәселелерін жүйелі түрде қарастыру қажет. Әскерге шақыру жасын өзгерту жөніндегі шешім болса, ол осы талдауларға және нақты қажеттілікке сүйенуі керек.

Екіншісі – келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметшілердің жауапкершілігі. Әскери бөлімдегі әлімжеттік тек мерзімді қызметтегі сарбаздар арасындағы мәселе емес. Егер құқық бұзушылыққа келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметші немесе лауазымды тұлға қатысса, оның әрекетіне де заң аясында баға берілуі тиіс. Кәсіби әскери қызметші әскери тәртіпті, заң талаптарын және қызметтік әдепті сақтауға міндетті.

Әскери шен немесе қызметтік өкілеттік басқа адамға қысым көрсету құқығын бермейді. Керісінше, лауазым мен өкілеттік артқан сайын жауапкершілік те күшейе түседі. Егер командир немесе келісімшартпен қызмет ететін әскери қызметші әлімжеттікке жол берсе, оны жасыруға немесе "әскери тәртіптің бір бөлігі" деп ақтауға болмайды. Мұндай әрекеттердің алдын алу, шағымдарды объективті қарау және кінәлілерді заңға сәйкес жауапқа тарту қажет.

Үшіншісі – қоғамның әскерге деген сенімі. Әскер – мемлекеттің қорғаныс қабілетінің негізі. Сондықтан қоғам мен Қарулы күштерді бір-біріне қарсы қоюға болмайды. Бізге күшті әскер ғана емес, сол әскерге сенетін қоғам да керек. Бірақ қоғамнан сенім талап ету үшін мемлекеттік органдар да ашық әрі жауапты болуы тиіс. Әрбір қайғылы оқиға мұқият зерттеліп, себептері анықталып, алдын алу шаралары жүзеге асырылып, тиісті қорытынды жасалуы қажет. 

– Демек, басты мәселе жаста емес, әскери бөлімдердегі тәртіпте, бақылауда және сарбаздың құқығын қорғау тетіктерінде ғой?

– Ата-ана баласының әскери бөлімдегі жағдайы туралы заңда белгіленген тәртіппен ақпарат ала алатынын, оның құқықтары қорғалатынын және заң бұзылған жағдайда шағымы қараусыз қалмайтынын білуі керек. Сонымен қатар әскери қызметшілердің өздері де құқықтық сауатты болуы қажет. Сарбаз өз құқықтарын, кімге жүгінуге болатынын және қандай әрекеттерге жол берілмейтінін білуі тиіс.

Біз жастарға Отанды қорғаудың абыройлы міндет екенін түсіндіруіміз керек. Бірақ сол міндеттің қауіпсіз жағдайда орындалуын қамтамасыз ету – мемлекеттің жауапкершілігі. Әскерге деген сенім нақты іспен қайтарылады. Егер әскери бөлімдерде заңдылық сақталып, командирлер жауапкершілікті сезінсе, әлімжеттікке жол берілмесе, қайғылы оқиғалардың себептері объективті анықталып, оның алдын алуға бағытталған шаралар тиісті деңгейде жүзеге асса, қоғамның сенімі де нығаяды.

Әскерге баласын жіберген ата-ана оның ертең елін қорғайтын азамат болып қалыптасатынына сенуі керек. Ал сарбаз әскери бөлімге келген сәттен бастап өзінің қадір-қасиеті қорғалатынын, заң алдында бәрі тең екенін және өз өмірі мемлекет үшін маңызды екенін сезінуі қажет. Отанды қорғау – үлкен абырой. Сол абыройға лайық жағдай жасау да – үлкен жауапкершілік. Меніңше, бүгінгі реформаның басты мақсаты – осы.

Сұхбаттасқан Динара Мыңжасарқызы  

Сайт Әкімшілігі