Бас прокуратура Яндекс сервистеріндегі ақау мен оқушылардың жеке деректерінің таралуын тексеріп жатыр
Қазақстанның Бас прокуратурасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне қарасты Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің қызметіне кешенді тексеру жүргізіп жатыр.
Тексеру аясында азаматтардың жеке деректерін жинау, сақтау және беру заңдылығы, сондай-ақ олардың құпиялығын қорғау шараларының жеткіліктілігі зерделенеді.
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, тексеру Құрылтай депутаты, "Әділет" партиясының өкілі Ләззат Жылқыбаеваның депутаттық сауалында көтерілген мәселелерге байланысты басталған. Оның сөзінше, жеке деректерді қорғау саласында мемлекеттік бақылау жүргізетін комитеттің жұмысына құқықтық баға беріледі.
Бұдан бөлек, комитетке "Яндекс" компаниясының сервистеріндегі ақауларға қатысты тексеру жүргізу туралы талап жолданған. Сондай-ақ Қызылорда облысының Шиелі ауданындағы білім беру ұйымдары қызметкерлерінің, Семей қаласындағы мектеп мұғалімдері мен оқушыларының жеке деректерінің ашық таралу деректері де тексерілмек.
Берік Асылов аталған тексерулердің барысы Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.
Еске салайық, 11 қазанда Қазақстанда "Яндекс" сервистерінің жұмысында іркілістер басталған. Компанияның түсіндіруінше, технологиялық қызметтердің жұмысы әртүрлі елдерде орналасқан таратылған есептеу инфрақұрылымына тәуелді. Ақауларға Uber сервисінің қазақстандық пайдаланушылары да шағымданған.