Қоғам

Бас қаламызда құрылыс қарқыны қуатты

Сарыарқаның төрінен орын теп­кен, бар қазақтың бас қаласы Елордамыз жыл санап өзгеріп, құлпырып келеді.

Jasalash.kz

Тұтас елдің астанасының санаулы жылда бой көтеруі оңай емес. Осы орайда, еліміздің барлық өңірін бірдей дамытуды мақсат еткен, өңірлер мәселесін шешуді көздеген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жоба аясында астанамызда да қыруар жұмыстар атқарылуда.

Атап өтер бір жайт, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының бір мақсаты тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту әрі тұрғын үй құрылысын дамыту екенін ескерсек, бас қаламыздағы құрылыстың қарқыны да, сапасы да көңіл қуантатындай дей аламыз.

Жедел дамып келе жатқан Нұр-Сұлтан қаласында жұмыс көздері көп екені белгілі. Сондықтан еліміздің барлық өңірінен Бас қалаға түрлі мақсатта келетін халық көп. Олардың басым бөлігі Елордада тұрақтап қалуды мақсат етеді. Сондықтан Бас қаламызда қарқынды жүргізіліп жатқан құрылыстың бір бөлігі халықты баспанамен қамтуды көздейді. Яғни бүгінгі күні астанамыздағы қарқынды құрылыс қаланың қуаттылығының бір көрінісі болып отыр десек қателеспейміз. Ұлттық жобаның бір міндеті еліміздегі өткір мәселелерді шешу екеніне сай атап өтер жайт, құрылыс қарқыны туралы айтқан кезде оның сапасына да тоқтала кеткен дұрыс. Осы орайда бүгінде қаладағы құрылыстарды Сарыарқаның сары аязына шыдамды, халықтың тұрмысына қолайлы етудің барлық талаптары қарастырылуда. Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарына қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында қазір халықтың демалуына, өмір сүруіне барлық жағдай жасалып жатыр. Осы орайда жақында ғана қала әкімі Алтай Көлгінов «Кіші Талдыкөл көлінде ешқандай құрылыс жүрмейді. Айналасы абаттандырылады. Жасыл орамға қарама-қарсы 20 гектар жерде экосаябақ пайда болады. Қазір бұл нысанда су жоқ, буланып кеткен. Біз абаттандыру жұмыстарын жүргіземіз. Бұл ауданға саябақ керек. Жасыл желек отырғызамыз, жоба дайындалып жатыр, ақша бөлінеді» – деп, қанша уақыттан бері тұрғындардың уайымына айналған мәселеге нүкте қойып, қаланы тұрғындарға жайлы қала етудің барлық шаралары жасалатынын атап өтті. Демек қаладағы әрбір мәселе ең алдымен тұрғындардың мүддесіне сай бейімделуде.

Халық бүгінгі күні ұлттық жобадан үлкен үміт күтіп отыр. Өйткені қаржыландыруда басымдыққа ие нақты міндеттемесі бар, нақты іс-шаралар мен жобалар жинақталған құжаттың діттеген міндетіне жететініне сенім мол! Өңірлердегі өзекті мәселені шешуді мақсат еткен ұлттық жобаның белгіленген мерзімде нақтылы нәтижеге қол жеткізуге жауапкершілік те  жүктелгенін ескерсек жоба аясындағы барлық мәселелер шешімін табады деп күтілуде.

Осы орайда бас қаладағы басты мәселенің бірі кәріз жүйесі деуге болады. Көбірек жауын жауса көлкіп шыға келетін шалшық сулардың жиналмай, дұрыс ағып кетуін бағыттау жұмыстарын ұлттық жоба аясында шешуді мақсат етуде. Суағарлардың барын жөндеу, ал жетпегенін жаңадан салу арқылы жаңбыр суының кедергісіз ағып кетуін қамтамасыз етуде. Ұлттық жоба аясында бұл мәселе шешімін тапса деген тұрғындардың да тілегі орындалуда. Сарапшылардың «Ең бірінші кезекте ұлттық жобалар есебінен өңір тұрғындары үшін барынша өзекті мәселе шешілетіні» айтқанын ескерсек жоғарыдағы мәселенің де шешімін табатыны анық.

Санаулы жылдар ішінде астана атына сай көркейіп, заманауи қалаға айналып әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымның кеңейіп, тұрғын үй құрылысының көлемі өсіп келеді. 2023 жылға қарай аталмыш қалада 10 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады деп жоспарланып отырғанын ескерсек, қала тұрғындарының саны да көбейіп, олардың тұрмысына қолайлы жағдай жасала бермек. Бүгінде қала құрылысына орай сарапшы мамандар қалада – 121 км жол, 2 жол айрық, 3 көпір, 1 жол өткелі және 1 айналма жол салынады деп болжауда. Өйткені қалада тұрғындардың көбеюімен бірге көлік тығыны да артпасы үшін қаладағы негізгі магистральдардағы жүктемені төмендету мақсатында осындай жоспарлар жасалуда. Яғни жаппай зәулім үйлер ғана емес, халықтың еркін қозғалысы да қамтамасыз етілуде.

«Қуатты өңір» дегенде қала маңындағы ауылдарды да ұмытып кетуге болмайды. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы ауылдарды әлеуметтік-экономикалық дамыту жобалары жасалуда. Атап айтсақ, ауылдардың жолдарын жөндеу, су жүйесін тарту, мектеп пен балабақша, емхана салу секілді жобалар қамтылған. Осылайша қуатты өңірдің бір талабы өңірлердегі теңсіздікті жою мақсаты орындалуда.

Жалпы «Қуатты өңір» ұлттық жобасын іске асыра отырып, халықты толғандырған өзекті мәселелерді шешіп, тұрғындардың тұруына қолайлы жағдай жасау мақсаты жоспарлы түрде орындалуда. Қуатты мемлекеттің – қуатты өңірлер арқылы қалыптасатынын ескерсек діттеген меженің дұрыстығы көңілді жайландырады!

Ерзия Ерсұңқар
Тегтер: Без Тега