Әлеумет

Басшысы ұсталған "Самұрық-Қазына" қоры мәлімдеме жасады

Басшысы ұсталған "Самұрық-Қазына" қоры мәлімдеме жасады

Фото ашық дереккөз

"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың ұсталуына байланысты мәлімдеме жасады. Қор басшылығына қатысты тергеу жүріп жатқанына қарамастан, ұйым жұмысын қалыпты режимде жалғастыратынын хабарлады.

Қордың мәліметінше, инвесторлар, кредиторлар және іскерлік серіктестер алдындағы барлық міндеттемелер өзгеріссіз қалады. Инвестициялық жобалар мен стратегиялық бағдарламалар да бұрын бекітілген жоспарға сәйкес жүзеге асырылады.

"Самұрық-Қазына" қаржылық тұрақтылығын сақтап отырғанын және қазақстандық әрі шетелдік серіктестермен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті екенін мәлімдеді.

Ұлттық компаниялардың басшылары ұсталды

Еске салайық, 12 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "Самұрық-Қазына" қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің ұсталғанын растады.

ҰҚК мәліметінше, олар 11 қарашада сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен ұсталған. Қылмыстық іс бойынша өзге де тұлғалар тергеліп жатыр.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Астанадағы "Атлант" тұрғын үй кешенінің маңында түсірілгені айтылған бейнежазба тараған. Кадрларда жерге шашылған АҚШ долларына ұқсас купюралар көрінеді. Журналист Михаил Козачков белгісіз адамдар ақша салынған чемоданды терезеден лақтырған болуы мүмкін екенін жазған.

Бұған қоса, Shyndyk.kz басылымы аталған қылмыстық іс бойынша 6 миллион доллар көлеміндегі пара туралы ақпарат жариялады. Алайда ҰҚК бұл соманы ресми түрде растаған жоқ. Комитет әзірге күдіктілердің ұсталғанын ғана хабарлап, тергеудің өзге мәліметтері жарияланбайтынын мәлімдеді. 

"Самұрық-Қазына" қоры құқық қорғау органдарына қажетті ақпарат пен құжаттарды беріп, тергеуге жан-жақты жәрдемдесіп жатқанын хабарлады. 

Сайт Әкімшілігі