Аймақ

Батыс Қазақстан облысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері өтті

Батыс Қазақстан облысында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері өтті

Фото Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері өңір жұртшылығымен кездесіп, Мемлекет басшысының 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген негізгі міндеттер мен басым бағыттарды талқылады.

11 қарашада Батыс Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері" атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі ережелері мен басым бағыттарын түсіндіруге арналған республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының кездесулері өтті.

Топ құрамында Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Мұқаев, Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаты Снежанна Имашева және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков болды.

Алғашқы кездесулердің бірі Қазақ инновациялық-телекоммуникациялық жүйелер университетінде өтіп, оған оқу орнының оқытушылары мен студенттері қатысты. Ашық диалог барысында Мемлекет басшысы айқындаған негізгі міндеттер, білім беру жүйесін дамыту, білікті мамандар даярлау және жастардың елдің қоғамдық-экономикалық дамуына қосатын үлесін арттыру мәселелері сөз болды.

Әсіресе білім сапасын арттыру, білім беру бағдарламаларын еңбек нарығының заманауи талаптарына бейімдеу, кәсіби құзыреттілікті дамыту және жас мамандардың әлеуетін жүзеге асыруына жағдай жасау мәселелеріне назар аударылды. Сонымен қатар жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыру, қоғамдық өмірге белсенді араласуы және ел болашағына деген жауапкершілігін қалыптастырудың маңыздылығы атап өтілді.

Бұдан кейін топ мүшелері "Ozge Epic" креативті хабында мәдениет саласының өкілдерімен кездесті. Кездесу барысында мәдениет саласын дамыту, шығармашылық бастамаларды қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау және креативті индустриялардың әлеуетін арттыру мәселелері талқыланды.

Қатысушылар мәдениеттің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы, тарихи-мәдени мұраны сақтаудағы және қоғамдық сананы қалыптастырудағы рөлі жөнінде пікір алмасты. Сондай-ақ шығармашылықпен айналысатын азаматтарға қолдау көрсету, талантты жастардың бастамаларын ілгерілету және отандық мәдени өнімдерді кеңінен насихаттау қажеттігі айтылды.

Келесі кездесу мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт кешенінде спортшылармен өтті. Онда бұқаралық және кәсіби спортты дамыту, спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз ету, параспортты қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері қарастырылды.

Кездесу барысында дене шынықтырумен және спортпен айналысуға тең мүмкіндік жасау, спорт нысандарының материалдық-техникалық базасын жетілдіру, сондай-ақ республикалық және халықаралық жарыстарда өңір намысын қорғап жүрген спортшыларды қолдау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Спорттың адам денсаулығын нығайтудағы ғана емес, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың әлеуетін ашуға және олардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал ететін маңызды құрал екені атап өтілді.

Кездесулер ашық диалог форматында өтіп, қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері Жолдауда белгіленген басымдықтарға тоқталып, мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттары мен алдағы міндеттер жөнінде түсінік берді.

Мұндай кездесулер орталық мемлекеттік органдар мен өңір жұртшылығы арасындағы өзара байланысты нығайтуға, қоғамның түрлі салаларындағы өзекті мәселелерді талқылауға және азаматтардың ел дамуының стратегиялық бағыттары туралы хабардарлығын арттыруға мүмкіндік береді.

Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген бастамаларды кеңінен түсіндіруге, қоғаммен ашық диалог орнатуға және азаматтарды елдің даму үдерістеріне белсенді қатыстыруға бағытталған.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: БҚО