Қоғам

Байланыс сапасына бес айда 11 мың шағым түскен

ҚР Үкімет басшысы Олжас Бектенов интернеттің сапасы туралы ауыз толтырып айта алмайтынын жеткізді.

Фото: ҚР Үкіметі

Оның айтуынша, байланыс сапасына шағымдар уақыт өткен сайын көбейген.

Жұртшылық бұл мәселеге үнемі шағымданып келеді. Тек былтырдың өзінде байланыс сапасына шамамен 21 мың шағым келіп түсті, биыл 5 айда мұндай шағымдар саны 11 мыңға жуықтады. Мәселе тек шалғай елді мекендерде интернеттің нашар болуында ғана емес. Қалаларда да мобильді байланыс пен интернет сигналының көңілден шықпауы байқалады, – деді Бектенов.

Сонымен қатар, ол былтыр «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы қабылданғанын айтты. Ал, оны уақтылы іске асыру цифрлық даму министрлігіне жүктелген.

Барлық іс-шараларды орындау нәтижесінде 2027 жылға қарай елдімекендер мен жолдарды байланыс желілерімен қамту 100%-ға жетеді. Осы орайда тұрғындар жылдам, 100 Мбит/секундтан кем болмайтын интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Республикалық және негізгі облыстық жолдарда сапалы ұялы байланыс пен мобильді интернет болуы тиіс, – деді Олжас Бектенов.
Nurbike Beksultan
Тегтер: Интернет