Оқиғалар

«Байтақ» партиясы Құрылтайға не үшін баруы керек?

Қазақстан тарихындағы алғашқы Құрылтай сайлауы қарсаңындағы теледебаттар сериясы аяқталды. 24KZ телеарнасында өткен екі сағаттық қорытынды пікірталаста «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев партияның Құрылтайдағы рөліне тоқталды.

Фото: ашық дереккөз

Партия төрағасы «Байтақтың» Құрылтайға не үшін қажет екенін экологиялық мәселелердің маңызымен байланыстырды. Оның айтуынша, өнеркәсіп пен технология қарқынды дамып жатқан қазіргі кезеңде қоршаған ортаны қорғау мәселесі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін өзекті болып отыр.

Азаматхан Әміртаев елде шешімін күткен экологиялық түйткілдердің аз емес екенін атап өтті. Оның пікірінше, экономикалық және өндірістік даму қоршаған ортаны қорғау талаптарымен қатар жүруі қажет.

«Болашағымыз жарқын, келер ұрпақтың денсаулығы мықты болсын десек, қоршаған ортаны қорғау ісіне жұмылуымыз керек», – деді партия төрағасы.

«Байтақ» партиясы сайлауалды науқан барысында экология, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мәселелерін негізгі бағыттарының бірі ретінде көтеріп келеді.

Азаматхан Әміртаевтың сөзінше, осы мәселелерді заң шығару деңгейінде көтеру үшін жасылдар партиясының Құрылтайда өкілдік етуі маңызды.

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Байтақ