Базалық мөлшерлеме төмендегенмен несие пайызы неге бірден арзандамайды?
Қазақстанда базалық мөлшерлеме өзгергенімен, несие пайызы бірден төмендемейді.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мұның себебін түсіндіріп, реттеуші қабылдаған шешімнің әсері экономикада шамамен 9–12 айдан кейін байқалатынын айтты.
Оның сөзінше, банктер қолданыстағы несие шарттарын өз бетінше өзгерте алмайды. Келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін клиент бұрын бекітілген мөлшерлеме бойынша төлем жасайды.
Дегенмен Сүлейменов несие құнының төмендеуі басталғанын атап өтті. Жыл басынан бері экономикадағы несиелер бойынша орташа мөлшерлеме 1 пайыздық тармаққа азайған.
Ұлттық банк төрағасы алдағы уақытта несие пайызы әрі қарай төмендейді деп күтеді. Алайда оның нақты деңгейі қарыз алушының несие тарихына, кепіл мүлкінің болуына және өзге де жағдайларға байланысты болады.
Сондықтан банктер барлық клиентке бірдей мөлшерлеме ұсынбайды. Несие пайызы базалық мөлшерлемемен де теңеспейді.