Бейсембаевтың өзі хиджаб киіп кете жаздады
Дауға басы шатылған адамға қатысты елдің гу-гуін сырттай «көк есекке теріс мінгізді» деп сипаттап жататын.
Ал өткен аптадан бері қазақ қоғамы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа хиджаб кигізіп жібере жаздады.
Бейсембаев министр болғанда мұғалімнен министр лауазымына дейін көтерілген деп мақтағандар болған. Ондағысы, мектептегі жағдайды, ел ішіндегі әлеуметтік психологияны жақсы біледі деген үміті болса керек. Солардың аузына құм құйылған шығар. Бас мұғалім дәл сабақ басталар тұста екі сөйлеп, аузынан «авария» болды.
Өткен аптада бір видео тараған. Сол бейнекөріністе министр ешкімді шақырмай, жабық жиналыс жасап, оқушылардың орамал дауына қатысты «ортақ мәмілеге келуіміз керек» деп, хиджабтың әңгімесін өршіте алмай жүргендердің аузына сөз салып беріпті. Осы аптада алдыңғы айтқан сөзін қайта жұтып, ақ тер, көк тер болып жатыр енді.
Бейсембаев деген көлденең көк атты емес, білдей министр. Қазақстан балаларының тағдыры қолында тұрған билік өкілі. Сондай ірі лауазым иесі өткен аптада өткізген жабық жиналыста діншілдердің құқайынан қаймықса керек, мәймөңкелеп, мәселені мәмілемен шешкісі келгендей сыңай танытыпты. Сондағы сөзі мынау:
«Барынша мәселені шешуге күш салып жатырмыз, ортақ бір келісімге келеміз деп үміттенеміз. Мүфтиятпен осы мәселе туралы жиі-жиі кездесіп, ақылдасудамыз. Маған хиджаб киетін балалардың тізімі керек. Соны ұсыныңыздар».
Айтылған сөз – атылған оқ. Бұл – бір. Екінші, министр дүмшелерге ілік тауып беріп, сөзін шегелей алмай, солқылдақ мінез көрсетіп отыр. Үшінші, мүфтиятпен қайта-қайта кездесіп талқылайтындай күмәнді, басы ашылмаған тақырып па бұл? Заңда бәрі анық жазылған жоқ па? Зайырлы мемлекет екеніміз, Конституцияда оқушылар мектепке ортақ мектеп формасымен ғана баратынын Бейсембаев біліп тұрып, қандай мәміле туралы айтып отыр?
Министр екі сөйледі дедік қой. Осы аптада «Біз зайырлы мемлекетпіз. Оқушы мектеп формасымен ғана баруы керек» деп, біреу ту сыртынан қабырғасына ине қадап тұрғандай именіп, әрең сөйлеп тұр. Өткен аптағы сөзінен «секірген» министрдің бұл аптадағы аптағы мынау:
«Конституция бойынша Қазақстан – зайырлы мемлекет. Мектеп те зайырлы болып саналады. 2016 жылы бекітілген оқушылардың формасы мен киіміне қатысты бұйрық бар. Ол өзгерген жоқ. Сондықтан балалар мектепке оқушы формасымен келуі керек. Бұл балалардың бірдей білім алуы үшін жасалып отыр. Сондықтан бұл бағытта өзгеріс жоқ. Бәрі заң аясында әрі балалар мектепке белгіленген тәртіп бойынша келуі керек».
Осы сөзін өткенде неге айтпады? Әлде жабық жиналыстағы Бейсембаев басқа, жұрт алдындағы министр бейнесі бөлек пе? Орамал дауы өте нәзік тақырып екенін Бейсембаевтың білмеуі мүмкін емес. Өзі сабақ беріп жүрген кезінде алдынан талай кездескен проблема. Бүгін орамалға рұқсат берсек, ертең ата-аналар мектептен намазхана ашып беруді, қыздар мен ұлдарды бөлек оқытуды, қыздарға ер мұғалімдердің сабақ беруіне болмайды деген «пәтуа» талап етпесіне кім кепіл? Бейсембаев осының бәрін білмейді емес, біледі. Біліп тұрып бүлдіріп отыр.
Ұмыта қалатындай уақыт емес, екі айдың алдында ғана Түркістанда өткен ұлттық құрылтайда мектептегі тәрбие мен әлеуметтік теңсіздік туралы айтқан. Керек болса, жат діни ағымдар туралы айтып та нақтылаған.
«Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз», – деген.
Әдетте президенттің әр сөзін қағазға түртіп алып, бойтұмарындай жанынан тастамайтын, қай уақытта, қай жерде сөйлесе де ләмін «президенттің тапсырмасына сәйкес», деп бастайтын шенеуніктің күтпеген жерден күйісінен жаңылғаны қалай? Конституцияны, заңды көзіне ілмейтін, ұлттық құндылықтарға қырын қарайтын жат ағым өкілдерінің балаларын мектепке жібермей қойғаны күні кеше ғана еді ғой. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу, мектепте ұлттық тәрбие беру мәселесі отыз жылда енді-енді көтеріле бастаған тұста, келгеніне жыл толмаған бас мұғалімнің шикілігін көрсетеді.
Жалпы, мектептегі хиджаб мәселесі қаншама жылдан бері шешімін таппай келе жатқан түйін. Аймағамбетовтің кезінде баласын мектепке жібермей қойған ата-аналар көп болды. Онда да қоғам дай-дай болған. Аймағамбетов те орамал дауына қатысты екіұшты пікір білдіріп, ата-аналардың қарсылығына қалған болатын. Ол да есін тез жиып, «2016 жылы қабылданған бұйрық пен талаптар бар» екені есіне түскен. Аймағамбетов «инклюзивті қоғам болуымыз керек» дегенмен, оған оңай жете алмайтынын білді, білді де, бұл тақырыпты енді қайта қозғамастай болып, орамал тақырыбына нүкте қоя алмаған күйі кетті. Бар бітіргені – «хиджаб киетін қыздар онлайн білім алуы мүмкін» деген көңілжықпастық қана. Мектептегі бірегей форма туралы айта-айта жалыққан болса керек, кейін министрліктен кетерінде тілшілердің хиджаб туралы сұрағына да жауап бермей қойды.
Айтпақшы, 2018 жылдары дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «қыздары орамал тағып, хиджаб киетін ата-аналар демеуші тауып, жеке мектеп аша алады» деп, мәселені жеңілдеткісі келген. Бұл да діни топтар тарапынан қолдау тапса да, қоғам тарапынан қарсылыққа тап болды. Ол кезде білім және ғылым министрі атышулы Ерлан Сағадиев болатын. Ол «Қандай оқыту жүйесі болсын, мектеп бағдарламасы бәріне ортақ», деп жалпылама айтып жүріп, бас жаққа барыса қойған жоқ. Иә, хиджаб дауының асқынуы Аймағамбетовтен басталды, Бейсембаев бұл эстафетаны іліп алып кетті. Егер, Бейсембаев дауды осылай қоздата берсе, министрліктен – мәжіліске деген эстафетаны жалғастыруға мәжбүр болуы бек мүмкін. Әрине, Аймағамбетов сияқты сүйкім жинап үлгермей қалып, депутаттықтың өзіне зар болып қалмаса...
Орамал дауы ТМД елдерінде ғана емес, Еуропа мемлекеттерінде де өзекті. Мектепке орамал тағып келген оқушыларға айыппұл салып, әртүрлі тәртіптік шара қолданылады. Тек 2017 жылы Ұлыбритания тарихында тұңғыш рет хиджаб ресми түрде мектеп формасы ретінде бекітілді. Бұл қадамды Ланкаширдегі Джон Серсби атындағы мектеп басшылығы жасаған көрінеді. Еуропада адамның таңдау құқығы барын ескерсек, ата-аналар баламен санасады. Ал бізде ше? Қазақстанда қыздарын мектепке орамалмен бару керек деп даурығып жүргендердің ешқайсысы баланың қалауымен санаспайды. Өйткені жылда қыркүйекте осы дау басталғанда, ең бірінші болып ата-аналар байбалам салады. Ал оқушыдан «Өз еркіңмен хиджаб кигің келе ме? Мектеп формасынан бас тартып, орамал тағып жүру ыңғайлы ма?» деген әлеуметтік сауалнама жүргізген психологты немесе министрді көрген емеспіз. Қазақстанда баланың таңдау құқығы деген ұғым жоқ. Әке-шешесі оран десе, оранады, мектеп формасын ки дей ме, киеді (бұл да отбасылық зорлық-зомбылықты еске түсіреді). Ешбір бала жұрттан өзгеше киініп, көзге түскенді қаламайды. Бұл қалыпты жағдай. Балаға өз еркінен тыс бөлек киіндіру, бір жағынан оның психологиясына да кері әсер етуі мүмкін. Оны біздің қоғам ескермейтін сияқты. Жылдағы дау оқушыдан емес, ата-аналардан туады, министрмен аяқталады. Ал Бейсембаев мәселенің күрделі екенін біле тұра жынды көбелек сияқты отқа жүгіргені қызық болып тұр.
Бейсембаевтың мүфтиятпен кеңесіп жатырмыз деген сарындағы сөзі бар емес пе. Бірегей мектеп формасы туралы заңда анық жазылған. Бейсембаев сонда Мүфтиятпен не сөйлесіп, қандай мәмілеге келіп жүр? Осы сұраққа жауап алу үшін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының баспасөз қызметіне хабарластық. Олар арнайы мәлімдеме дайындап жатыр екен. Әрине, мынадай дауды көрген соң, олар да 2016 жылғы бұйрық пен талаптарды еске алатын шығар. Бізге берген жауабында «Мәлімдеме жуық уақытта дайын болып қалуы керек» деп, қысқа қайырды.
Айтпақшы, қоғамдағы қызу талқы кезінде «Бейсембаев хиджаб дауын әдейі қозғады», деген пікірлер көзге жиі түсті. Оның себебі – хиджабтың алдында орыс мектебі, қазақ мектебі туралы дау қоздап жатқан (бұл да жылдағы байбалам). Қазақ-орыс тақырыбы өте нәзік тақырыпқа айналып тұрған уақытта, «мектептер қазақ сыныбына бала қабылдамай, орыс сыныбына мәжбүрлеп тіркеп жатыр» деген әңгіменің шығуы Бейсембаевқа жақсы ат әпермейтіні анық. Сондықтан тілге қатысты нақты мәселеден қашқақтап, хиджабтың жауабы жеңілдеу болар деп топшылаған сияқты. Әйтпесе, Түркістандағы Ұлттық құрылтайдан кейін өзінің жеке парақшасында «президентіміз былай деді» деп аталатын бірнеше циклдан тұратын көлдей жазба жариялаған. Одан кейін қабылдауына кіргенде де бәрін қатырып жатырмын деп шыққан. Ал қазақ сыныптарындағы орын жетіспеушілігі, орыс сыныптарға сұраныстың азайғаны жайлы елдің сөзіне ләм-мим деп жауап берген жоқ...
Әлқисса. Сонымен, оқу-ағарту министрі алғашқы сөзін әлдебіреулерден қаймығып айтып қойған жоқ па, хиджабқа рұқсат берсек, мұның соңы қайда апаруы мүмкін деген сұрағымызды «Зияткер-Ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмір Шыныбекұлына қойдық.
–Әлеуметтік желіні дүрліктірген бұл хиджаб дауына қатысты менде екі түрлі болжам бар. Біріншісі, әлдебір ықпалды діни күштер оқу-ағарту министрі арқылы қоғамның әсіре дінге деген көзқарасын зерттеп көргісі келгенге ұқсайды. Оны министрдің алғашқы сұхбатынан байқап қалдық: күмілжіп, екіұшты пікір білдірді. Кейін бұл әңгіме әлеуметтік желіде өршіп, баспасөзді дүрліктіріп кеткен соң бірыңғай мектеп формасы сақталады деп кесіп-пішіп айтқан болды. Бейсембаев қалғып кетсе де, қазақ қалғымайды бұл тақырыпта. Бейсембаевтың аумалы-төкпелі әңгімесін өзім солай түсіндім.
Хиджаб – өте нәзік тақырып. Біздің зайырлы мемлекет екеніміз Конституциямызда анық жазылған. Егер қыз балаларға мектепке хиджаб киіп келуге рұқсат етсек, мұның соңы күрделеніп кетеді. Қыздарға хиджабпен жүруге рұқсат берсек, ұл балаларға жұма намазға баруға қарсы болмауымызға тура келеді дегендей. Мектеп ішінде намазхана ашып беруге міндетті болып қалуымыз мүмкін. Мектепте ислам дініне артықшылық беріп қойсақ, православтарға да бір бұрыштан орын беруге, буддистердің қолдан жасалған «құдайын» мектеп ішіне кіргізуге рұқсат беруіміз керек болмай ма? Католиктер мен иудаизм өкілдерін қайтеміз? Сондықтан дін мәселесінде өте абай болғанымыз абзал, мектепте ешқандай дінге артықшылық бермеуіміз керек!