Экономика

Бектенов: "Байларға жәрдемақы берілмеуі керек"

2027 жылдан бастап Қазақстанда әлеуметтік көмек алудың тәртібі өзгереді.

Фото: Akorda.kz

Енді мемлекеттік қолдау азаматтардың жеңілдік санатына жатуына ғана емес, олардың нақты мұқтаждығына қарай көрсетіледі. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Наталья Годунованың сауалына жауап беру кезінде мәлімдеді.

Үкімет басшысының айтуынша, мемлекет табысы жоғары және аз қамтылған отбасыларға бірдей мөлшерде қолдау көрсетуден бас тартуды жоспарлап отыр. Оның ішінде көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар да бар.

Жаңа жүйе бойынша мемлекет өз күнін өзі көре алмайтын азаматтарға көмек көрсетіп, қиын жағдайдан шығуына және қайтадан өз бетінше табыс табуына жағдай жасауды көздейді.

Үкіметтің есебінше, атаулы әлеуметтік көмек көрсету жүйесіне көшу 2027 жылы бюджетке 700 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал үш жыл ішінде үнем көлемі шамамен 2,5 трлн теңгеге жетуі мүмкін.

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап өзгерістер жәрдемақының 10 түріне қатысты енгізіледі. Алайда азаматтардың әл-ауқатын бағалау барлық төлемге бірдей қолданылмайды. Көмек алу үшін жеке деректерді, банктік және кредиттік мәліметтерді өңдеуге келісім беру қажет болады.

 

Сайт Әкімшілігі