Әлеумет

Бектенов науқастардың дәріні өз ақшасына сатып алуына жол бермеуді тапсырды

Премьер-министр Олжас Бектенов Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілік заттардың емделушілерге берілгенге дейінгі қозғалысын толық цифрлық бақылауға алуды тапсырды.

Фото: Pixabay

Оның айтуынша, мемлекет сатып алған дәріні науқастардың уақытында ала алмауы немесе оны өз қаражатына сатып алуға мәжбүр болуы жол беруге болмайтын жағдай.

Үкімет отырысында Премьер-министр дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін цифрландыруды одан әрі жетілдіру қажеттігін айтты. Қазір электрондық рецептілер мен дәрілердің берілгенін цифрлық растау аясы кеңейіп келеді. "Әлеуметтік әмиян" арқылы дәрімен қамту үлесі 80 пайыздан асқан.

Бектенов бұл тетік дәрілік заттардың есебін жүргізіп қана қоймай, науқастың өзіне тиесілі препаратты нақты алуына кепілдік беруі керектігін атап өтті. Сондай-ақ дәрі тапшылығын алдын ала анықтап, медициналық ұйымдар арасында препараттарды жедел қайта бөлу арқылы емдеудегі үзілістердің алдын алу маңызды екенін жеткізді.

2024 жылдан бастап енгізілген дәрілік заттарды таңбалау жүйесі препараттардың қозғалысын қадағалауға, қоймадағы қалдықты бақылауға, заңбұзушылықтар мен жекелеген дәрілердің тапшылығын анықтауға мүмкіндік беріп отыр.

Премьер-министр Денсаулық сақтау министрлігіне дәрілердің қозғалысын науқасқа берілгенге дейін цифрлық бақылауды қамтамасыз етуді, шекті бағалардың сақталуын қадағалауды күшейтуді және қаржы жымқыруға жол бермеуді тапсырды. Сонымен қатар тегін берілетін дәрілерді заңсыз сатудың алдын алу үшін таңбалау тетігін пайдалануды міндеттеді.

Бектеновтің айтуынша, жұмыстың басты нәтижесі – науқастардың қажетті дәрі-дәрмекті толық әрі уақытында алуы және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуы.

Сайт Әкімшілігі