Оқиғалар

Бектенов "Самұрық-Қазына" қорының стратегиялық басқаруын жүзеге асырады

Бектенов "Самұрық-Қазына" қорының стратегиялық басқаруын жүзеге асырады

Фото: primeminister.kz

Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектенов "Самұрық-Қазына" АҚ директорлар кеңесінің төрағасы ретінде қор қызметіне қатысты стратегиялық мәселелер бойынша шешім қабылдайды. Бұл туралы Қазақстан үкіметінің баспасөз қызметі БАҚ өкілдерінің қордың қазіргі жұмысына қатысты сауалдарына берген ресми жауабында мәлімдеді.

Үкімет өкілдері "Самұрық-Қазына" қоры мен оның құрамына кіретін компаниялар қалыпты режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.

Өндірістік процестер, инвестициялық жобалар мен әлеуметтік бағдарламалар белгіленген тәртіппен жүзеге асырылып жатыр. Инвесторлармен, кредиторлармен және серіктестермен өзара байланыс та өзгеріссіз жалғасуда.

"Инвестициялық келісімдер, кредиттік шарттар, шығарылған бағалы қағаздар бойынша міндеттемелер және өзге де келісімшарттар заңды күшін сақтайды әрі олардың талаптарына сәйкес орындалуға тиіс", – делінген үкімет мәлімдемесінде.

Сонымен қатар қордың күнделікті қызметіне басшылықты өз өкілеттіктері шегінде басқарма мүшелері жүзеге асырады.

Ал стратегиялық сипаттағы мәселелер бойынша шешімдерді директорлар кеңесінің төрағасы – премьер-министр Олжас Бектенов қабылдайды.

Үкімет қор құрамындағы компаниялардың тұрақты жұмыс істеуі мен қаржылық орнықтылығын қамтамасыз етуге ерекше назар аударылып отырғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, "Самұрық-Қазына" қорында заңнама талаптарының сақталуын бақылауды күшейту және ықтимал құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын жетілдіру жоспарланып отыр.

Сайт Әкімшілігі