Қоғам

Бектенов жол ережесін қасақана бұзатын жүргізушілерге айыппұл төлеу кезінде жеңілдік бермеуді тапсырды

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жол-көлік оқиғаларының негізгі көрсеткіштері төмендегенімен, жол ережелерін жүйелі түрде бұзу мәселесі сақталып отырғанын атап өтті.

Фото: иашық дереккөзден

«Жалпы ахуалдың жақсарғанына қарамастан, елімізде жол апаттарының деңгейі жоғары болып тұр. Көлік жүргізушілері тиісті ережелер мен талаптарға және жол қозғалысы мәдениетіне немқұрайлы қарайды. Қоғамдық көлікке арналған жолақпен жүретін, қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағытқа шығып кететін, сондай-ақ жылдамдықты шамадан тыс асыратын жауапсыз жүргізушілер де бар. Мұндай фактілерге міндетті түрде тосқауыл қойып, тиісті шаралар қабылдау қажет», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Премьер-министр жол ережелерін жүйелі түрде бұзатын көлік жүргізушілерінің жауапкершілігіне қатысты қолданыстағы тәсілдерді қайта қарауды және балдық жүйе енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

«Жалпы, жол ережелерін қасақана бұзушыларға қатысты тәсілдерді қайта қарау керек. Мұндай адамдарға айыппұл төлеу кезінде жеңілдіктер берілмеуі тиіс. Керісінше, бұзушылықтар санына қарай айыппұл мөлшерін еселеп арттыру қажет. Ішкі істер министрлігі көптеген елдерде тиімді қолданылып жүрген балдық жүйені енгізу тәжірибесін зерделеп, оны елімізде іске қосуға тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік апаттарын тұрақты түрде төмендету және адам өлімін азайту», – деді Премьер-министр.

Сайт Әкімшілігі