Бектеновтің ашуы шенділерді қаймықтыра ма?
Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралған Үкімет отырысы әдеттегіден өзгешелеу болған сияқты.
Өзгешелеу болатыны, Премьер-министр Олжас Бектеновтің қабағы қату көрінді. Түн тыныштығын бұзатын мото-авто иелеріне қатысты Ішкі істер министріне «қамау керек» деген тапсырма берді. Ал «ҚазАвтоЖол» басшысына қатысты сыни пікірін «Ұқтыңыз ба?» деген сауалмен тамамдады. Дархан Иманашев «қабылданды» деп жауап берді. Мұнысы, «ұқтым» дегені болса керек. Бір қызығы, Үкімет басшысының ашу шақырғаны алғаш рет емес. Бірақ оны кімнің «ұғып», кімнің «ұқпай» қалатыны әлі белгісіз боп тұр.
Алдымен көлігін дарылдатып-барылдатып түн тыныштығын бұзатын «жүгірмектерге» келейік. «Біз қатты шу шығаратын мотоциклдер мен автокөліктер мәселесін сізбен бірге бірнеше рет талқыладық. Оларға қатысты қатаң шара қабылдау қажет. Әйтпесе, түн ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» – деді Бектенов Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке. Министрдің есебі дайын екен, заулата жөнелді. Сөзіне қарағанда, жыл басынан бері осындай 372 факт тіркеліпті. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал 55 жүргізушінің көлігі мен мотоциклі айып тұрағына қойылып, өздері қамаққа алынған. Бірақ бұл мәліметтерге Премьер-министрдің көңілі көншімеген сияқты. «Айыппұл емес, оларды қамау керек», – деді Бектенов.
Бір қарағанда, мұның еш әбестігі жоқ секілді. Қағынып, қара түннің тыныштығын бұзғандар жазасын алса, құба-құп. Себебі олар, көбіне, қарапайым жұрттың емес, бай-бағлан, шенді-шекпендінің балалары болып шығады. Сондықтан көлігін бақыртып, елдің мазасын алғандарды бас салып ұстап, көздерін көкшитіп, біраз күнге қамап қойса, тәубелеріне түсер еді.
Байқайсыз ба, әдетте шенділер есеп бергенде, статистикалары өте әдемі шығады. «ҚазАвтоЖол» басшысы Дархан Иманашевтің де есеп-қисабы кісі қызығарлықтай екен. Мысалы, жыл басынан бергі сегіз айда жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 пайызға азайыпты. Ал жол апатынан қайтыс болғандар саны 14 пайызға төмендеп, зардап шеккендер 11 пайызға кеміген. Бастысы, мұндай тәуірлеу көрсеткіш көлік қозғалысының қарқыны артқан жағдайда тіркелген. Өйткені аталған кезеңде республикалық маңызы бар жолдардағы көлік ағыны шамамен 30 пайызға өскен екен. Яғни көлік көбейген, бірақ апат азайған. Рас болса, шынымен де тәп-тәуір көрсеткіш.
Бірақ Дархан Иманашевтің статистикасы Олжас Бектеновтің қабағындағы «тоңды» жібіте алмады. «Баяндама жақсы, бірақ шешілмей жатқан проблемалық мәселелер көп. Оны айтқан жоқсыз. Президент айтқан олқылықтардың бәрі сіздің де жұмысыңызға тікелей қатысты. Сондықтан жолдардың сапасы бойынша жағдайды түзеу керек. Түзетіңіз! Немесе басқа адамдар бұл жұмыспен айналысады. Ұқтыңыз ба?».
Салыстырмалы түрде қарағанда, ауыр сын. «ҚазАвтоЖол» басшысының екі көзі алақтап, «қабылданды» дегені – осы кез. «Қабылданды» – қазақ тілінің қабырғасын сөккендей өрескел естіледі. Орыстың «принял» сөзінің тікелей аудармасы. Ал қазақтың ұғымында тапсырма қабылданбайды, орындалады. Ал егер мәселе тапсырма беріліп тұрған сәтте болса, ең дұрыс жауап – «ұқтым», «түсіндім», «орындалады».
Бірақ мұны кімге түсіндіріп отырғандайсыз? Екі тілді қабаттап сөйлей беретін жоғары билікте «ондай-ондай» бола береді. Енді негізгі мәселеге көшейік.
«ҚазАвтоЖол» басшысына ауыр сын айтқан Бектенов жағдай түзелмесе, «басқа адамдардың» қашан келетінін жұмбақ қалдырды. Демек, Дархан Иманашевтің кемшілікті түзеу мерзімі белгісіз. Ал биыл шілде айында «Самұрық-Энерго» АҚ басшысы Қайрат Мақсұтовты сынға алғанда, кемшілікті түзету мерзімін көрсеткен: «Алматыдағы үшінші ЖЭО бойынша жағдай мәз емес, жұмыс қарқыны төмен. Егер жылдың аяғына дейін бітірмесеңіздер, сіздің жеке жауапкершілігіңіз қатаң түрде қаралады» деген.
Осындай оқиғалар еске түскенде, «Бектеновтен біреу-міреу ыға ма, осы?» деген сұрақ алға шығады. Деректерге қарасақ, Үкімет басшысының сынынан кейін қызметінен кеткендер де бар. Мысалы – ҚТЖ-ның бұрынғы басшысы Талғат Алдыбергенов. Бектенов оны маусымда сынаған, Алдыбергенов шілдеде кетті. Дегенмен ҚТЖ басшысының майлы жерден қозғалуы жалғыз Премьер-министрдің сынынан кейін болды деуге болмас. Өйткені Алдыбергенов журналистер үшін ең күлкілі кейіпкерге айналды. Қазақша қойылған сұраққа не өзі, не өзге түсінбейтін тілде жауап бергені – Алдыбергеновпен «тілдескісі» келетін журналистердің санын көбейтті. Әйелінің, бауырлары мен балаларының ҚТЖ-ға қатысы болуы ықтимал компанияларына қатысты сұрақтарға да мандытып жауап бере алмады. Экс-басшының мұндай әрекеттері жұмыстан кетуіне қосымша себеп болмады деп ешкім де айта алмаса керек.
Үкімет басшысы сынаған тағы бір шенді – бұрынғы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев. 2025 жылдың наурыз айында Бектенов министрге қоқыс мәселесіне қатысты сын айтып, ескерту жасаған. Бірақ Нысанбаев қызметінен кеткен жоқ. Күні кешеге дейін жұмыс істеді. Құрылтай сайлауынан кейін Үкімет қайта жасақталғанда, «жағаға шығып қалған» төрт министрдің бірі болды. Есесіне, өзін сынаған премьер-министрдің штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Яғни кеше Бектенов Нысанбаевқа сын айтса, бүгін Нысанбаев Бектеновке кеңес айтады...
Үкімет басшысының қатқылдау көрінген тағы бір тұсы – Алматы облысының кешегі әкімі Марат Сұлтанғазиевті «соққан» кезі. Үкімет отырысында энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту бойынша ұлттық жобаны орындау барысы қаралған. Сол кезде қаржыландыру рәсімін созып жіберген аймақтар қатарында Алматы облысы да аталды. Сұлтанғазиев ақтала бастағанда, қабағын түйген Үкімет басшысы: «Сізді тыңдасақ, сізден басқаның бәрі кінәлі, тездетіңіздер!», – деген.
«Сұлтанғазиев енді тездете ме, әлде тез кете ме?» деген сауал сол тұста қылаң берді. Себебі санаулы уақыттан соң: «Alatau Smart-City салу міндеттері мен өңірдегі нақты әлеуметтік-экономикалық жағдай арасында қарама-қайшылық айқын байқалады. Мұны ашық айтайық. Бұл жағдайды Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің тарапынан жіберілген олқылық деп санаймын», – деген еді президенттің өзі.
Сондықтан Сұлтанғазиевті де облыс әкімі қызметінен кетіру себептерінің қатарынан «Бектеновтің ашуын» алып тастаған әділетті болатын секілді. Өйткені министрлер мен облыс әкімдерін өзі тағайындайтын президент Сұлтанғазиевті де өзі тағайындап, өзі босатқанын білесіз.
Сонда Үкімет басшысының әйт-бүйт деп ашумен айтқан әлгіндей тапсырмалары лауазымды шенділерге қалай әсер етеді? Дұрысы, әсер ете ме? Бұл сұрақтардың жауабы көп ұзамай белгілі болатын сияқты.
Сансызбай НҰРБАБА