Саясат

Беларусь Еуропаның соғысқа дайындалып жатқанын байқап отыр – Қорғаныс министрі

Беларусь Қорғаныс министрі Виктор Хренин Еуропа елдері ықтимал соғысқа дайындықты күшейтіп жатқанын мәлімдеді.

Фото ашық дереккөз

 Оның айтуынша, Еуропа елдерінде әскери инфрақұрылым жаңартылып, логистика жүйесі жетілдіріліп жатыр. Атап айтқанда, әскери аэродромдар, қару-жарақ пен техника сақтайтын қоймалар және басқару пункттері дайындалуда.

"Біз инфрақұрылымның қалай жетілдіріліп жатқанын, логистиканың қалай пысықталып жатқанын көріп отырмыз. Әскери аэродромдар, қоймалар, басқару пункттері. Бұған қоса, жедел және жауынгерлік дайындық шараларының саны бірнеше есе артты. Беларусь пен Ресейге қарсы барлау қызметі де жүргізіліп жатыр", – деді Виктор Хренин.

Сонымен қатар министр Ресей мен Беларусьтің Еуропаға шабуыл жасауы мүмкін деген мәлімдемелерді "ақымақтық" деп атады.

Осылайша, Беларусь қорғаныс ведомствосының басшысы Еуропадағы әскери белсенділіктің артуына алаңдаушылық білдіріп, оны екі елдің қауіпсіздігіне төнетін қатер ретінде бағалады.

Айта кетейік, Беларусь пен Ресей әскери салада тығыз ынтымақтастық орнатқан. Екі ел одақтас мемлекет аясында қорғаныс саласындағы бірлескен іс-қимылдарын үйлестіріп келеді.

Сайт Әкімшілігі