Белгородқа дрондар шабуыл жасады: 13 адам жараланды
9 тамызға қараған түні Украинамен шекаралас Ресейдің Белгород қаласына дронмен шабуыл жасалды.
Қалада бірнеше жарылыс болған. Жергілікті биліктің мәліметінше, 13 адам жараланған, олардың екеуі – бала.
Белгород облысы губернаторының міндетін атқарушы Александр Шуваев жексенбі күні Мәскеу уақытымен шамамен сағат 02:00-де шабуыл салдарынан зардап шеккендер туралы ақпарат түскенін хабарлады.
Алдын ала мәлімет бойынша, төрттен астам көпқабатты тұрғын үй, әкімшілік ғимарат, сондай-ақ әлеуметтік және коммерциялық нысандар зақымданған. Билік шабуылдың басқа да салдарын анықтап жатыр.
Белгородтағы өрттердің фото-видеоларын украиналық Exilenova+ OSINT-арнасы жариялады. Материал жарияланған сәтте Украина Қарулы күштерінің Бас штабы мен Ресей Қорғаныс министрлігі шабуылға қатысты ресми түсініктеме бермеген.
Шабуыл нысанасы ЖЭО мен ФСБ ғимараты болуы мүмкін
Astra басылымының OSINT-сарапшысы «Пепел Белгород» арнасы жариялаған куәгерлердің суреттерін талдап, зақымданған үш көпқабатты үйдің арасында Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің Белгород облысы бойынша басқармасына қарасты бөлімше орналасқанын хабарлады.
Бұдан бөлек, шабуыл кезінде зақымданған тағы бір көпқабатты тұрғын үй Белгород жылу электр орталығынан шамамен 600 метр жерде орналасқан. Astra қолындағы суреттерге қарағанда, ғимараттың жоғарғы екі қабатына зақым келген.
Куәгерлер Белгород аспанында ондаған соққы жасаушы дрон болғанын айтады. Жергілікті Telegram-арналар өрт, ұшып жүрген дрондар, жарылыстар мен қала үстіне көтерілген қою түтін түсірілген видеоларды жариялаған.