Әлеумет

Белсенді Құрал Сейітханұлы үш жылға бас бостандығынан айырылды

Шымкенттік белсенді, «С-ИНФОРМ» газетінің Түркістан қаласындағы өкілі Құрал Сейітханұлы үш жылға бас бостандығынан айырылды.

Фото: ашық дереккөз

 

 Бұл туралы журналист Амангелді Батырбеков әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады. Оның жазуынша, үкімді 8 қыркүйекте Түркістан қалалық сотының судьясы Батырхан Әлшеров шығарған.

«Кеше, 8 қыркүйекте Түркістан қалалық сотының судьясы Батырхан Әлшеров Қазақстан Республикасының атынан біздің «С-ИНФОРМ» газетінің Түркістан қаласындағы өкілі Құрал  Исмановты үш жылға бас бостандығынан айырды», – деп жазды Батырбеков.

Құрал Сейітханұлы биыл мамыр айында қамауға алынған. Оған қатысты іс блогер, бұған дейін «Аймақ тынысы KZ» газетінің редакторы болған Ләззат Асанованың полицияға берген арызынан кейін қозғалған. Ол белсендіні өзінің жеке өміріне қатысты деректерді келісімінсіз таратты деп айыптаған.

Амангелді Батырбековтің айтуынша, Құрал Сейітханұлы жариялаған мәлімет құпия ақпарат болмаған және бұған дейін әлеуметтік желілерде ашық жарияланған. Журналист сот шешімімен келіспейтінін білдірді.

Ал Ләззат Асанова үкім шыққаннан кейін Facebook парақшасында сот шешіміне қатысты пікір білдірген.

Оның сөзінше, бұл іс тек жеке адамдар арасындағы дау емес, адамның жеке өмірі мен дербес деректерін қорғауға қатысты маңызды құқықтық мәселе.

«Адамның жеке өміріне қатысты ақпаратты оның келісімінсіз жариялау немесе таратуға әлеуметтік желідегі қарапайым әрекет ретінде қарауға болмайды. Әр азаматтың жеке өмірі мен дербес деректерін қорғауға құқығы бар», – деп жазды Асанова.

Құрал Сейітханұлы бірнеше жылдан бері елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге қатысты пікір білдіріп, азаматтық белсенділігімен танылған.

2024 жылы атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өткен республикалық референдум кезінде ол Түркістан қаласындағы сайлау учаскелерінің бірінде бақылаушы болған. Учаскедегі заңбұзушылықтар туралы ақпарат жариялағаннан кейін полицияға түсініктеме беруге шақырылған.

Сайт Әкімшілігі