Қоғам

Белсенді Марат Тұрымбетовті қамауға алу туралы сот шешімі өзгеріссіз қалды

Алматы қалалық соты азаматтық белсенді Марат Тұрымбетовке қатысты қамауда ұстау туралы сот қаулысын өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы оның адвокаты Айнара Айдарханова мәлімдеді.

Фото: ашық дереккөзден

«Алматы қалалық соты Марат Тұрымбетовке қатысты санкция бойынша шағымды өзгеріссіз қалдырды. Бірінші топтағы мүгедек қамауда отырады», – деп жазды қорғаушы.

Адвокаттың айтуынша, ол тергеу құпиясын жария етпеу туралы қолхат бергендіктен, қылмыстық іс бойынша қосымша мәлімет бере алмайды.

Бұған дейін қыркүйек айының басында белсендінің үйінде арнайы жасақ тінту жүргізіп, кейін Тұрымбетов ұсталған. Қорғаушы оның Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы – «Алаяқтық» бойынша күдікке ілінгенін айтқан.

Істі Қазақстанның Бас прокуратурасы жүргізіп жатқаны хабарланды. Қазір қылмыстық істің нақты мән-жайлары жарияланған жоқ.

Бұған дейін Тұрымбетов Құрылтай сайлауы кезінде Алматыдағы сайлау учаскелерінің бірінде бақылаушы болған. Ол әлеуметтік желідегі жазбасында сайлаушылар тізіміндегі 1225 адамның 158-і ғана бюллетень алғанын көрсетіп, дауыс беру хаттамасын жариялаған. Алайда бұл жазбаның белсендінің қазіргі қылмыстық ісіне қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Сайт Әкімшілігі