Берлин сайлауында Солшылдар партиясы жеңіске жетті
Германия астанасы Берлинде 20 қыркүйекте өткен Депутаттар палатасы сайлауында Солшылдар партиясы (Die Linke) жеңіске жетті.
Ресми алдын ала қорытынды бойынша, партия сайлаушылардың 25,7 пайыз дауысын жинаған.
Екінші орынға Германия канцлері Фридрих Мерцтің Христиан-демократиялық одағы (ХДС) шықты — 18,8 пайыз. Үшінші орында «Германия үшін альтернатив» (АдГ) партиясы — 16,3 пайыз. «Жасылдар» 14,3 пайыз, ал Социал-демократиялық партия (СДПГ) 12,1 пайыз дауыс алды.
Сара Вагенкнехт одағы 4,7 пайыз, Еркін демократиялық партия 2,5 пайыз жинап, бес пайыздық межеден өте алмады.
Алдын ала есеп бойынша, жаңа шақырылымдағы Берлин Депутаттар палатасында Солшылдар партиясы 47 мандат, ХДС — 35, АдГ — 29, «Жасылдар» — 26, СДПГ 22 мандат алады. Сайлаушылардың дауыс беруге қатысу көрсеткіші 74,2 пайыз болды.
Элиф Эральп Берлин мэрі болуға ниетті
Берлиндегі Солшылдар партиясының жетекшісі Элиф Эральп сайлаудан кейін қаланың билеуші бургомистрі қызметіне үміткер екенін мәлімдеді.
Ол сайлау нәтижесін Берлин тұрғындарының қаланы басқаруға берген мандаты деп бағалады. Солшылдардың ықтимал коалициялық серіктестері ретінде «Жасылдар» мен СДПГ қарастырылып отыр. Қазіргі ХДС–СДПГ коалициясы сайлау нәтижесінде парламенттегі көпшілігінен айырылды.
Алайда жаңа коалиция құру жөніндегі келіссөздер оңай болмауы мүмкін. Негізгі келіспеушіліктердің бірі — тұрғын үй мәселесі. Солшылдар мен «Жасылдар» 2021 жылғы қалалық референдум шешімін жүзеге асырып, ірі тұрғын үй компанияларына тиесілі 200 мыңнан астам пәтерді қоғамдық меншікке өткізуді қолдайды. СДПГ бұл бастамаға қарсы.
Тағы бір даулы мәселе — антисемитизм тақырыбы. Эральп Берлиндегі еврей қауымын қолдайтынын бірнеше рет айтқанымен, партия бұл мәселеге қатысты сынға ұшырап жүр. «Жасылдар» жетекшілерінің бірі Феликс Банашак Солшылдармен коалиция құру мүмкін екенін, бірақ партия антисемитизмге қарсы нақты ұстаным көрсетуі керегін мәлімдеді.
Солшылдардың кешіне Реммо кланының өкілі келді
Дауыс беру аяқталғаннан кейін Берлиннің Нойкёльн ауданында өткен Солшылдар партиясының кешінде неміс БАҚ-тары араб текті Реммо кланының жетекшісі деп атайтын Исса Реммоның жүргені байқалған.
Партия өкілдері бұл адамнан алшақ екенін айтып, кештің ашық форматта өткенін және оған кез келген адамның келе алғанын мәлімдеді. Элиф Эральп ZDF телеарнасына партиясының ұйымдасқан қылмысқа ешқандай қатысы жоқ екенін айтты.
Соған қарамастан, оқиға басқа партиялардың сынына ұшырады. Нойкёльндегі «Жасылдар» бөлімшесінің жетекшісі Нина Штар ықтимал коалициялық серіктестерден түсініктеме талап етті.