Бес партия да билікшіл. Ал қазақ кімге дауыс береді?
Сауалды бұлай қоюымыздың жөні бар. Өйткені сайлаудың дүбірі барған сайын таяп келеді.
Бес партия қалды. Біреуі қатардан шықты. Қатардан шықты ма, жоқ әлде шығарды ма, ол жағы өздеріне ғана аян. Бірақ...
ЖСДП еліміздегі тіркелген оппозициялық жалғыз партия болғандықтан, билікке қарсы халықтың бірсыпырасы «ЖСДП-ға дауыс береміз» деген сенімде болды. Жеме-жемге келгенде, ЖСДП оппозиция емес, позициясы жоқ партия болып шықты. Бұл әрекеттен кейін аталған партияға қатысты күмән күшейді. Болашағының берік болуы енді неғайбіл. ЖСДП-ның сайлауға қатысудан бас тартуының астарында не жатыр? Біріншіден, бұл партияның жігерсіздігін көрсетті. Екіншіден, Әблязовтің Көше партиясы мен бұрынғы ДВК жақтастарын сайлауда осы партияға дауыс беруге шақырғаны қателік болды. Әблязов саясатта ойнайтын шахматшы емес, көрегендігін көрсете алмады. Ол ЖСДП сайлауға орталық сайлау комиссиясына үміткерлерін ұсынып, сайлау додасына қатысуға бел буғаннан кейін ғана барып, жақтастарын осы партияға дауыс беруге шақыруы керек еді. Ақымақтық жасады. Ерте жасалған мәлімдеменің ертеңі болмайды. Әблязов осы әрекеті арқылы ЖСДП-ның көрін қазды. Оппозицияны парламенттен айырды. Бұл пікір оны қолдау емес. Бізге қызықты, бәсекелестігі мықты сайлау керек еді. Бірақ шахматшы қасқа жігіт билікке қателік жасамайтын қадам жасап берді.
Билік неден қорықты? Әрине, митингіден! 10 қаңтар күні мыңдаған адамға еріп, халықтың тағы басқа наразы тобы орталық алаңда тұрса, жақсы емес. Билік осылай жалғыз оппозициялық партияны қысым арқылы аламан додадан әдейі шығарды. Бірақ бұл жақсы емес. Енді билікке бұқараның сенімі, тіпті, азая түседі. Қуыршақ бес партия қалды. Алдымен, сайлаушыларға обал болды. Нақты айтқанда, сайлау бар, таңдау жоқ. Қызықсыз бәсекелестік. Қоғам абдырады. Қазақ енді кімге дауыс береді? Біздің ұлтты бөлектеп алып отырғанымыздың жөні бар. Әрине, басқа этнос өкілдері өздеріне ыңғайлы саясат жүргізетін «Nur Otan»партиясына дауыс береді. Онда қазаққа жақын қай партия? Бірақ бәрі де билікшіл. Ал билікшіл партиялар бұқараны ойлай ма?
Қалай болғанда да, Ақорда парламенттегі оппозицияны қолдан жасайтын болды. Ал қолдан жасалған оппозиция парламентті пікірталас алаңына айналдыра алмайды. Бұл жолы «Nur Otan»партиясының тізімінде соңғы екі сайлауда мәжіліс төрағасы болып келе жатқан Нұрлан Нығматулин бар. «Парламенттің қожасы» болып, депутаттарға айтқанын істететін ол енді мәжілістегі азаматтардың еркін ойын тежейді. Енді алдағы парламентте баяғыдай, Төлен Тоқтасынов сияқты камикадзе депутаттар болмайды. Тіпті, Нығматулин мәжіліс төрағасы болмағанның өзінде, бұл орынға Дариға Назарбаева мен Бауыржан Байбек келуі мүмкін. Ал олар мәжілісті еркінсітіп қоятын бос белбеу тұлғалар емес. Сондықтан біздің парламент тағы да қолмен ойнайтын қуыршақтардың киелі емес сахнасына айналайын деп тұр.
Ал оларға тапсырыс беріп, ойнататын – билік. Мұндай жағдайда үкіметті парламент сахнасында бақылай алмайтын үндемес партиялар кімге керек? Амалдың жоғынан Ақорда «Ақ жолды» оппозициялық партияға айналдырады. «Ауылға» да мәжілістен орын тиеді. Негізі, партиялық тұғырнамасын сараптап қарағанда, қазаққа жақын осы екі партия ғана. Осы екі партияның «Nur Otan»-нан кейін мәжілісте жұлдызы жануы мүмкін.
Өткелде атын ауыстырған «Адал» мен қой терісін жамылған коммунистердің халықтық партиясына елдің сенімі аз. Бірақ есте сақтайтын бір мәселе бар. Тарихта, саясатта жасалған сатқындық адамның өзіне таяқ болып тиеді. Биліктің арандатуымен Серікболсын Әбділдиннен кезінде өз жақтастарын бөліп алып, парламентке келген Косаревтің өзі де далада қалды. Партияластары оны сатып кетті. «Біреуге ор қазба – өзің түсесің» деген осы.
Сонымен, алдағы парламенттік сайлауда кім ұтады? Басқа емес, қазірдің өзінде билік ұтты. Бірақ соған қарамастан, халық сайлауға баруы керек. Кейбіреулер «Таңдау – «Nur Otan»-ға емес, басқаға!» саясатын ұстанайық» деп жатыр. Бірақ Қосановты позициясынан тайдырған билік бұл жолы да білгенін істейді. Өздері сценарий сызады, сызып та қойған. Қойылым биліктің сценарийі арқылы өрбиді. Билік бұқара халыққа басқа балама жол қалдырмады. Бірақ халық сайлауға баруы керек. Өйткені авторитарлық жүйеде халықтың саясаттағы белсенділігі төмендесе, онда биліктің гегемондығы күшейеді. Бойкот ешқандай пайда бермейді. Дауысты басқа партияға беріп, билікті састыру керек. Басқа жол жоқ.