Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шыққан қыз жауапқа тартылды
Астанада жазушы Бейімбет Майлиннің ескерткішіне шығып, суретке түскен қыздың кім екені анықталды.
Астана тұрғыны Қаламгерлер аллеясындағы Үш бәйтерек монументі маңында демалып отырып, ескерткіштің үстіне шығып алған қыздарды байқап қалған. Куәгер олардың мәдени нысанға құрметсіздік танытып жатқанын айтып, ескерту жасаған. Сондай-ақ болған жағдайды ұялы телефонына түсіріп, видеоны әлеуметтік желіге жариялаған.
Желі қолданушылары бұл әрекетті сынға алып, тарихи және мәдени ескерткіштерге ұқыптылықпен қарау керектігін жазды.
Полиция мәліметінше, оның Елорданың 18 жастағы тұрғыны екені белгілі болды. Қазір бойжеткенге қатысты әкімшілік іс қозғалған. Ол Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Ұсақ бұзақылық» бабы бойынша жауапқа тартылмақ.
Аталған бапқа сәйкес, құқық бұзушыға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамау жазасы тағайындалуы мүмкін.