Сараптама

Бейнеті – халықтыкі, зейнеті кімдікі?

Қазір зейнетақы жинағының жаңа шегі туралы пікірлер легі қызып тұр. Жаңа ереже бойынша 20 жастағы студенттің зейнетақы шотында 6,67 млн теңге болуы керек.

Фото: из открытых источников

 Жиырмадағы адам есепшотындағы осы сомадан асқан қаражатты ғана қажетіне жарата алады. 30 жастағы азамат үшін бұл меже 9,75 млн теңгеге, ал 40 жастағылар үшін 13,37 млн теңгеге дейін жетеді. Әрі қарай жас мөлшеріне байланысты жинақталуы тиіс сома өсе береді. Оның барлығын есептеуге тіпті жұрттың жүйкесі де шыдамай жүр. Бірқатар қоғам белсенділері мен сарапшылар «бұл ережені қайта қарау керек» дегенді де айтуда. Себебі қазіргі жалақы деңгейімен мұндай соманы жинау мүмкін емес. 

Үкімет кедейліктен құтқара ала ма?

Қазір әлеумет түсінбей отырған негізгі сұрақтың бірі мынау: егер 20 жастағы студенттің шотында 6,6 млн теңге болуы тиіс болса, онда бұл шек шын мәнінде кім үшін есептелген? Еңбек жолын енді бастаған, кейде тіпті тұрақты табысы жоқ жастар бұл соманы қалай жинайды? Сондықтан көпшілік арасында «бұл жолғы жеткілікті шек азаматтардың нақты мүмкіндігіне емес, зейнетақы ақшасын алуды күрделендіруге бағытталған» деген күмән күшейіп барады.

Ал Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл қадамды «халықты шошыту немесе таңғалдыру» емес, «зейнетақы жүйесін алдағы үлкен дағдарыстан құтқарудың жалғыз жолы» деп түсіндіреді. Олардың уәжінше, бұл шешімнің артында таза экономикалық және демографиялық есеп жатыр. Министрлік мұндай шешімдерді қабылдауға мәжбүр болуының негізгі себептерін былай түсіндірді: Біріншіден, бұрынғы есептің қателігі мен инфляцияның салдары осындай шешімдер қабылдауға ықпал еткен. Бұрынғы шекті межелермен есептелген сома қазіргі қымбатшылық пен инфляция жағдайында болашақ зейнеткерді асырай алмайды. Халықаралық стандарт бойынша зейнетақы адамның жұмыс істеп жүргендегі табысының кемінде 40 пайызына жетуі тиіс. Жаңа есептеу әдістемесі осы деңгейге жету үшін әдейі қатаңдатылды.

Екіншіден, қордың ортайып қалу қаупі бар. Соңғы жылдары қордан үлкен сомалар шығарылды. Тіпті алғашқы жылдары халық БЖЗҚ-дан триллиондаған теңгені баспана мен емделуге жаппай алды. Нәтижесінде миллиондаған азаматтың шотында алдағы қарттығына жететін ақша қалмады. Үкімет «бүгін үй алғанмен, ертең азаматтар зейнет жасына жеткенде тақырға отыра ма» деп қауіптенеді.

Үшіншіден, демографиялық қысым және өмір сүру ұзақтығын да ойлау керек. Енді шекті меже тек жалақыға емес, еліміздегі орташа өмір сүру ұзақтығының өсуіне және инвестициялық кіріске (жылдық 9 пайыз деңгейінде) тікелей байланысты болады. Болашақта елімізде зейнеткерлер үлесі артады, ал оларды асырайтын жастар азаяды. Сондықтан мемлекет әркімнің өз жинағы барынша көп болуын талап етеді. Үкіметтің бұл қадамы халық арасында реніш, күмән тудырғанымен, шенеуніктер мұны «кедейліктің алдын алу» деп ақтап алмақ.

Қарапайым халықтың айтатын уәжі көп. Тіпті «зейнетақы шегін өсірді екен, онда жалақыны да өсірсін!» деген талап қоятындар баршылық. Ал атқарушы биліктің уәжіне сүйенсек, жалақыны жаппай және күрт өсіру кедейлікті жоймайды, керісінше, инфляцияны одан сайын ушықтырып, ақшаны құнсыздандырады. Егер мемлекет жалақыны тез арада екі-үш есе өсірсе, нарықтағы ақша массасы күрт көбейеді. Дүкендер мен қызмет көрсету орындары сұраныстың артқанын көріп, азық-түлік, киім-кешек және баспана бағасын бірден көтереді. Нәтижесінде, жоғары жалақыны қымбатшылық жұтып қояды. Бұдан соң мемлекет ең төменгі жалақыны өсіргенде жеке кәсіпкерлер де өз жұмысшыларының жалақысын көбейтуге мәжбүр болады. Өйткені ең төменгі жалақы өссе, кәсіпорындар міндетті түрде жұмысшыларына жалақыны көбейтуі тиіс. Ал жұмысшыларының жалақысын жаппай өсіру – бизнеске салмақ. Шағын және орта бизнес бұл шығынды көтере алмай, тауар бағасын қымбаттатады немесе жұмысшыларды қысқартып, жұмыссыздықты арттырады. Үкіметтің бекіткен ережесі бойынша, жалақы тек еңбек өнімділігімен, шығарылатын өнім көлемімен және сапасымен бірге өсуі керек. Егер зауыт-фабрикалар жаңа өнім шығармай, тек бюджеттен ақша бөлінсе, ол экономиканы құлдыратады.

Міне, жалақыны өсіруге қатысты үкіметтің айтатын уәжі – осы. Ал сала маманы экономист-ғалым «Жас Алаштың» тұрақты спикері Бейсенбек ЗИЯБЕКОВТІҢ пікіріне сүйенсек, біздегі табыс теңсіздігі мәселені осыған әкеліп отыр.

Фото: ашық дереккөз

«Бүгінде елдегі ең төменгі жалақы 85 мың теңге деңгейінде болса, министрлердің жалақысы 1,5 млн теңгеге дейін жетеді. Яғни айырмашылық 20 еседен асады. Мұндай алшақтық қоғамда әділеттілікке қатысты сұрақтардың туындауына себеп болады. Отыз жылдан астам уақытта түрлі реформалар жүргізілді, бірақ олардың барлығы халықтың тұрмысын түбегейлі жақсартты деп айту қиын. Сондықтан үкіметтің ендігі басты міндеті статистиканы емес, қарапайым азаматтың жағдайын жақсарту болуы тиіс. Халық пен шенеуніктер арасындағы табыс алшақтығы азаймайынша, әлеуметтік әділеттілік, зейнетақы жинағының артуы, қордағы қаражаттың көбейуі туралы айту қиын», – деді экономист-ғалым.

Маманның ойынша, халықтың жалақысын өсіріп, министрлердің, әкімдердің, депутаттардың жалақысын қысқарту керек. Сол кезде табыс теңсіздігі орнайды да, нарықта ақша массасы артпайды. Инфляция да сақталады. Зейнетақы қорындағы халықтың қаражаты да жыл сайын құнсызданбайды.

Шекті көтеру байларды ойландыра ма?

Ал экономист-ғалым Сапарбай ЖОБАЕВТЫҢ сөзіне сүйенсек, зейнетақы қоры сақтандыру қоры болған. Оның ақшасын тек қана сақтандыру оқиғасы болған кезде ғана алу керек, яғни зейнетке шыққан кезде ғана алынғаны дұрыс. Маманның ойынша, үкімет 2021 жылы дұрыс шешім қабылдамаған. Кезінде экономистер мен қаржыгерлер «зейнетақы қорына тимеу керек, бұл біздің еліміздің инвестициялық әлеуеті» деген болатын. Алайда атқарушы биліктегілер бұған құлақ аспады.

Фото: qazradio

«Енді жаңа жеткілікті шек туралы жастар ойланбаса да болады. Мәселен, 20 жастағы балаға 6 млн теңге белгіленіпті. Ол енді бір олигархтың баласы болмаса, қарапайым адам шекті бұл сомаға жеткізе алмайды. Ал енді 35-40 жасқа барған кезде биліктегілердің ақшасы көбейе бастайды да, бұл шек бай адамдардың одан да байып кетуіне сәл шектеу қояды. Зейнетке жақын адамдар үшін, әрине, аздап қиыншылық болады. Сондықтан бұл шешім байлардың одан сайын байып кетуін шектейді, ал енді жастарға, қарапайым адамдарға мұның ешқандай әсері жоқ. Егер шақалағынан жұмысқа берсең де, бәрібір 20 жасқа дейін 6 млн теңге жинай алмайсың», – деді Сапарбай Жобаев.

Сөйтіп, маманның пайымдауынша, шекті бұлайша көтерудің астарында байлардың одан әрі байып кетпеуіне жол бермеу жатыр. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл шешім байлардың қалтасына салмақ түсірмейді, бірақ олардың зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алып, активтерін, жылжымайтын мүліктерін бұрынғыдан да көбейту мүмкіндігін шектейді. Мәселен, ең төменгі жеткілікті шек шамамен екі есеге жуық өсті, 30 жастағылар үшін 9,7 млн теңге болса, 40 жастағылар үшін 13,3 млн теңге. Тіпті бай азаматтардың өзіне бұл сомадан асырып, «артық» бөлігін шығарып алу бұрынғыға қарағанда қиын болады. Бұған дейін ауқатты адамдар БЖЗҚ-дан ақша алып, оны қосымша пәтер сатып алуға немесе элиталық емделуге жұмсап, байлығын еселей түсетін. Енді олардың бұл дайын капиталға қол жеткізуі азаяды.

Жинақты неге ұқсата алмай қойдық?

Жалпы, зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі енгізілген алғашқы жылы-ақ қордан рекордтық көлемде қаражат шығарылды. Тек 2021 жылдың өзінде қазақстандықтар БЖЗҚ-дан шамамен 2,6 трлн теңге алған. Кейінгі екі жылда бұл қарқын біршама бәсеңдегенімен, соңғы уақытта үрдіс қайта жанданып, 2025 жылы алынған қаражат көлемі тағы да 1 трлн теңгеден асып түсті.

Алайда дамыған мемлекеттерде зейнетақы жинағы тек азаматтардың болашақтағы табысын қамтамасыз ететін қор ғана емес, сонымен бірге экономиканың ұзақ мерзімді инвестициялық тірегі саналады. Сондықтан көптеген елдерде зейнетақы активтерінің көлемі ішкі жалпы өнімнің 100 пайызына тең. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш ЖІӨ-нің небәрі 16 пайызы шамасында қалып отыр. Зейнетақы жинағын тиімді басқарып, оны инвестициялық нарықта сәтті «ұқсатып» отырған елдерді талдағанда Сингапур ойымызға оралады.

Әлемде зейнетақы активтерін аса табысты басқарып, «А» деген ең жоғары бағаға ие болған және озық үлгі көрсеткен негізгі мемлекеттер арасында қазақстандық шенеуніктер «біз екінші Сингапур боламыз» деп жиі сөз ететін осы Сингапур елі бар. Бұл елдің зейнетақы жүйесі Азияда алғашқы болып ең жоғары «А» деңгейлі деп танылды. Салымшылардың ақшасы мемлекет кепілдік берген арнайы бағалы қағаздарға салынады, ал ол қаражатты Сингапурдың ең ірі тәуелсіз қорлары (GIC және Temasek) бүкіл әлем бойынша жоғары технологиялық және инфрақұрылымдық жобаларға бағыттайды. Салымшыларға нарықтағы құбылмалылықтан қорғалған, тұрақты жоғары пайыздар төленіп тұрады. Бұдан соң Норвегияның Мемлекеттік зейнетақы қоры ресми түрде Жапонияны басып озып, 1,77 трлн доллар активімен әлемдегі ең ірі қорға айналған. Дания мен Исландия – Скандинавия елдері ішінде бұл екі мемлекет те тұрақты түрде ТОП-5 зейнетақы жүйесінің қатарынан түспейді.

Қаржыгер Арман Мусиннің айтуынша, бұл елдердің зейнетақы қорының табыстылығы ақшаны тек өз елдерінде ұстамайды, бүкіл әлем нарығына АҚШ, Еуропа, Азия акцияларына бөліп орналастырады. Олар қысқа мерзімді пайданы емес, 20-30 жылдан кейін жемісін беретін ірі жобаларды – көпірлерді, дата-орталықтарды және логистиканы таңдайды. Сондай-ақ тұрақты жүйесі бар елдерде пандемия немесе дағдарыс кезінде зейнетақы ақшасын жаппай шешіп алуға рұқсат берілмеді. Бұл қорларға нарық құлдыраған сәтте де шығынға батпай, қаржыны сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Үлгі аламыз, бірақ табысымыз нөл...

Біз қазір осы елдерден үлгі алған болып, зейнетақы қорының қаражатын шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздарына, отандық компаниялардың шығарған бағалы қағаздарына, тағы басқа салаларға салудай-ақ салып жатырмыз. Бірақ қордың табысы артпады. Тіпті биыл жыл басынан бері зейнетақы қоры ешқандай табыс та таппады. Мұны біз «Жас Алашта» бұдан бұрын да тәптіштеп жаздық. Бұл ретте зейнетақы қорындағы активтердің 99 пайызын басқарып отырған Ұлттық банк салымшылар шотына 2,78 млрд теңге инвестициялық табысесептеген. Алайда жалпы портфель көлемімен салыстырғанда табыстылық 0,00 пайыз болған. БЖЗҚ-ның түсіндіруінше, мұндай төмен нәтиженің басты себептері – теңгенің құбылуы, валюталық активтердің қайта бағалануы және халықаралық нарықтағы жағдай. Сондай-ақ АҚШ-Израиль-Иран бағытындағы геосаяси шиеленіс пен энергия тасымалдаушылар нарығындағы өзгерістер де қордың инвестициялық табысының азаюына ықпал еткен.

Әйтеуір, қалай десек те, қордағы қаражатты ұқсата алмай қойдық. 2026 жылдың ортасындағы мәлімет бойынша қазір қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы шамамен 26,7 трлн теңгеге жетті. Оның ішінде негізгі бөлігі – 25,71 трлн теңгесі салымшылардың жинақтары.

Түптеп келгенде, зейнетақы қорының айналасындағы дау тек жеткілікті шектің өсуіне ғана тіреліп тұрған жоқ. Негізгі мәселе – азаматтардың жинағы қаншалықты тиімді басқарылуда деген сұрақта. Бүгінде БЖЗҚ активтерінің басым бөлігі мемлекеттік бағалы қағаздарға және квазимемлекеттік сектор облигацияларына орналастырылған. Бұл мемлекетке бюджет тапшылығын қаржыландыруға мүмкіндік бергенімен, салымшылар үшін жоғары инвестициялық табыс әкеліп отырған жоқ.

Екінші жағынан, Қазақстанның қор нарығы әлі де терең әрі әртараптандырылған инвестициялық мүмкіндіктер ұсына алмай отыр. Соның салдарынан триллиондаған теңге көлеміндегі зейнетақы активтері экономиканың нақты секторына толыққанды жұмыс істемейді. Ал шетелдік активтерге инвестициялау валюта бағамының құбылуына тәуелді болғандықтан, оның да өз тәуекелі бар. Сондықтан жеткіліктілік шегінің күрт көтерілуі мен қаражатты пайдалану талаптарының қатаюы халықтың мүмкіндігін шектеуден гөрі, болашақтағы зейнетақы көлемін сақтап қалуға бағытталған шара ретінде түсіндірілуде. Алайда бұл шешім тағы бір маңызды сұрақты күн тәртібіне шығарды: егер азаматтарға өз жинағын пайдалануға шектеу қойылса, онда сол қаражаттың тиімділігі мен табыстылығын арттыру үшін мемлекет нақты қандай қадамдарға барады? Өйткені қазақстандықтарды алаңдататын мәселе – жинақты сақтау ғана емес, оның жылдар өте келе нақты өсім беруі. Зейнетақы жүйесінің болашағы да дәл осы сұрақтың жауабына байланысты болмақ.

Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ

Сайт Әкімшілігі