BI Group салған тұрғын үйде лифт үшінші қабаттан төменге жылдам түсіп кеткен
Астанадағы «Поколение Бизнеса» тұрғын үй кешенінің тұрғыны лифт ішінде келе жатқанда кабина үшінші қабаттан төменге жылдам түскенін айтып, Threads әлеуметтік желісінде шағымданды.
Оның сөзінше, осы сәтте лифтегі жарық өшіп, басқару батырмалары мен көмек шақыру жүйесі жұмыс істемей қалған.
«Бүгін мен мінген лифт кенеттен үшінші қабаттан төменге түсті. Сол сәтте электр қуаты толық өшті. Жарық сөнді, батырмалар жұмыс істемеді. Қараңғыда жалғыз қалдым. Не болып жатқанын да, әрі қарай не боларын да түсінбедім», – деп жазды molya.2211 есімді қолданушы.
Тұрғын оқиға кезінде қатты қорыққанын, лифт шахтаға құлап кетуі мүмкін деп ойлағанын айтты.
Оның сөзінше, бұл аталған тұрғын үй кешеніндегі лифт мәселесіне қатысты алғашқы жағдай емес. Тұрғындар шамамен екі жылдан бері лифттердің жиі істен шығатынын айтып келеді.
«Адамдар лифтте екі жылдан бері қалып қояды. Бүгін жарық өшкенде тіпті көмек шақыру батырмасы да істемеді. Мұндай жағдайда не істеу керек? Қараңғыда үнсіз көмек күту керек пе?» – деп жазды ол.
BI Group не дейді?
Желіде BI Service өкілі де жағдайға қатысты пікір білдірді. Компанияның түсіндіруінше, электр желісіндегі кернеудің ауытқуына байланысты жабдық уақытша ажырап, лифт тоқтаған.
Электр қуаты қайта берілгеннен кейін лифт жүйесі өзінің орналасқан жерін қайта анықтау үшін төмен жылдамдықпен G деңгейіне түскен. Компания мұны лифттің штаттық жұмыс алгоритмі деп түсіндірді.
BI Service өкілі кабина үшінші қабаттан «құлады» деген белгілер тіркелмегенін мәлімдеді.
«Бұл жағдайда жабдық қалыпты алгоритм бойынша жұмыс істеді. Бақылаусыз жылдам түсу белгілері тіркелген жоқ», – делінген жауапта.
Сонымен қатар компания арнайы ұйым лифтке қосымша техникалық тексеру жүргізіп жатқанын, оның қорытындысы тұрғындардың ортақ чатына жарияланатынын хабарлады.
«Мәселе екі жылдан бері шешілмеді»
Алайда шағым авторы бұл түсініктемемен келіспейді. Оның айтуынша, лифт мәселесі бұрын да электр желісіндегі ақаумен байланыстырылған.
«Алғашында мәселе электр қуатынан деді. Электрмен жабдықтау жүйесін жөндеді, бірақ адамдар әлі де лифтте қалып қояды. Лифт шайқалады, кенет секіреді, кейде басқа қабатқа кетеді. Кейін ұсақ құрылыс қоқысы себеп деді. Бірақ үй толық қоныстанған, құрылыс қоқысы жоқ», – деді тұрғын.
Threads-тегі пікірлерде өзін осы тұрғын үй кешенінің тұрғынымын деп таныстырған басқа қолданушылар да лифттердің жиі бұзылатынын жазған.
Тағы бір қолданушы BI Group салған басқа тұрғын үй кешенінде де тұрғындар мен балалардың лифтте бірнеше рет қалып қойғанын айтып, осы жағдайлардан кейін пәтерін сатқанын мәлімдеді.
Әзірге лифттің техникалық жағдайына қатысты тәуелсіз сараптама немесе уәкілетті мемлекеттік органның ресми қорытындысы жарияланған жоқ.
"Жас Алаш" аталған мәселеге байланысты BI Group компаниясына сауал жолдады.