Биыл ауыл халқының тұрмысын жақсарту үшін қандай жобалар жүзеге асырылып жатыр?
Халықтың негізгі қызметтерге тең қолжетімділігін қамтам асыз ету, тұрғын үй-коммуналдық жағдайын жақсарту арқылы азаматтар үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және тұрғын үй құрылысын дамыту, сондай-ақ көлік байланысын қамтамасыз ету мақсатында елімізде ұлттық жобалардың бірі – "Қуатты аймақтар – ел дамуының драйвері" жобасы бекітілген болатын.
Бұл жобаның маңызды бағдарламасының бірі – "Ауыл – Ел бесігі" жобасы. Аталған жоба арқылы ірі қалалардың шеткі аймақтарын, моно және шағын қалаларды дамыту бағдарламалары жүзеге асырылып келеді. Биыл бұлбағдарламаны жүзеге асыру үшін 179 млрд теңге бөлінген.
Аталмыш бағдарламаға 2019-2022 жылдар аралығында 326 миллиард теңге бөлініп, 3,7 мыңнан астам жоба жүзеге асырылған еді. Соның арқасында 334 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілері, 1,2 мың әлеуметтік инфрақұрылым объектілері, көлік инфрақұрылымының 2,2 мыңнан астам жобасы жаңартылды. Ал, 2023 жылы 800-ге жуық ауылда 200 миллиард теңгеге жуық 1,8 мың жоба жүзеге асырылды. Оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 222 жоба, әлеуметтік салада инфрақұрылым – 421, көлік инфрақұрылымында – 1 182.
2024 жылғы бөлініп отырған 179 млрд теңгеге 500-ге жуық ауылдық елді мекенді қамту, сондай-ақ 1,4 мың инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
“Ауыл – ел бесігі” жобасы жыл сайын қарқын алып, оған бөлінетін қаражатта артып келеді. Мысалы, бір Ақмола облысында осы жоба арқылы кейінгі төрт жылда 85 ауылда 222 жоба жүзеге асырылып, 200 мыңнан астам ауыл тұрғындарының тұрмысы жақсарған.
Бұл жоба арқылы 2027 жылға қарай даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдың барлығын өңірлік стандарттар жүйесінің параметрлеріне келтіру жоспарланып отыр. Қазіргі күнде аулдық жерлерді дамыту Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облыстарында жақсы серпін байқалып отыр.
Айта кетейік, Премьер-министр Олжас Бектенов сенат депуттарына берген жауабында үкімет ауыл халқының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша шараларды іске асыру арқылы ауылдарды жүйелі дамытуға ерекше назар аударатынын айтқан болатын.
Соның аясында ауыл халқының табысын арттыруға қатысты Үкімет "Жайлы мектеп", "Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту", Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы, "Бір ауыл – бір өнім", "Ауыл – Ел бесігі" және т.б. бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр.
Бұдан бөлек үкімет басшысы 2024 жылға 16,7 мың микрокредит беру жоспарымен 100 млрд теңге бөлу көзделгенін мәлімдеді. Бұл ауылда 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, ауыл халқының табысын арттыру үшін "Ауыл аманаты" бағдарламасы жүзеге асырылуда.