Қоғам

Білім министрлігі мойындамаған Гарвард университеті қазақ ғалымының жобасына неге қызықты?

Ресей мен Украина соғысының қайдан, қалай тұтанғанын айтып түсіндірудің қажеті шамалы.

Jasalash.kz

Тарихтағы үлкен-кіші қақтығыстардың көбі жерге талас-тартыстан туған. Бетін аулақ қылсын, егер ІІІ дүниежүзілік  соғыс тұтанар болса, пәле тағы да қара жер үшін қан төгілетіні айдан анық. Мұны тарихшылар мен саясаттанушылар әлмисақтан мысал келтіріп, қазіргі қоғамдық-саяси қақтығыстарды сараптап, үнемі айтып жүр.

Тарихты бұрмалап, жоқты бар, барды жоқ қылып, халықтың санасын улап жүргендер де баршылық. Олардың мақсаты – таза тарих жасау емес, өтірік арқылы жаңа тарих жасау, бейбітшілікті шайқалту, соғыс ашу. Оның астарында тойымсыз империалистік пиғыл жатыр. Сол үшін де шынайы тарих қажет. Ал шынайы тарихты шынайы ғылым ғана жасайды. Қазақтың ежелден көшпенді халық болғаны, көшпенділердің жаз жайлауы, қыс қыстауы – ұланғайыр даланы мекендегені дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Мәселен, шығыста Қытай қорғанынан, батыста Қара теңізге, теріскейі Сібірге, күнгейі Үнді жеріне дейін созылып жатқан алып аймақ түбі бір түркінің атақонысы. Бірақ қазір осыны 14-15-ғасырдан кейін ғана мемлекет құрған кейбір көршілеріміз мойындағысы келмейді. Керісінше, Ресей теріскейдегі облыстарымызға көз алартса, Қытай Балқашқа дейінгі жерді меншіктегісі келіп, оқтын-оқтын оқшау мінез көрсетіп қояды.

АҚШ-тың Гарвард университетінде ғылыми зерттеуші болып қызмет ететін қандасымыз Нұрлан Кенжеахметұлы Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалар мен өркениет ошақтары, өзен-көл, жер-су атаулары туралы өте құнды картаның бар екенін, сол карта бойынша ғылыми жұмыс жасап жатқанын айтты. Оның келтірген дәлел-дәйектеріне сенсек, бұл еңбек Орталық Азияның географиялық саясаты үшін өте құнды құжат болмақ. Ойы оқшау, пікір-пайымы бөлек тарихшыны біз де әлеуметтік желіден тауып алып, әңгіме-сұхбат құрдық.

– Қытайда туып, сонда өстім, – деген ол бірнеше шет тілін жетік біледі екен. Қытайдың атақты Бейжің университетінде оқып, одан кейін арнайы шақыртумен Жапонияға барыпты. Сонда жүріп ғылыми жұмыс жасаған. Одан кейін, Еуропа елдерінде болып, білімін жетілдірген. Қазір АҚШ-та зерттеумен айналысуда. – Менің қазір жасап жатқан жұмысым қазақ тарихына тікелей қатысты және елге пайдалы білім екеніне сенімдімін. Бұл жобаға өмірімді беруге бармын – дейді ол. Нұрлан 2008 жылы Жапониядан Қазақстанға көшіп келеді. Бірақ бұл жақта ол ғылыми жұмыспен айналыса алмайды. Қазақстанға оралған соң Бердібек Сапарбаев, Нәбижан Мұқаметжан сынды азаматтар қолдау көрсетіпті. Келе сала азаматтық алады. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында жұмыс істейді. Жарты жылдан кейін бір ғылыми жобаны ұтып алады. Ол 3 жылға жоспарланған жоба екен, бюджеті де аз емес: 10 миллион теңгеден көп.

– Ғылыми жобаның жетекшісі болып қызмет еттім. Бірақ жобаға 10 миллион теңгеден көп қаржы бөлінсе де, мен жобаның бастамашысы және жетекшісі болсам да, қолыма 70 мың теңге айлық алып жүрдім. «Жоба қымбат, бірақ неге менің жалақым аз?» деген сұрағыма түсініксіздеу жауап алдым. Екі балам бар, әйелім жұмыс істемейтін. Институтта кабинетім де жоқ еді. Жұмысты үйде істей беретін едім. Сөйтіп жүргенде елордадағы Еуразия ұлттық университеті қызметке шақырды. Оған қосымша жұмыс істейін деп, ұсынысты қабылдадым. Сөйтіп едім, әлгі өз жұмысымдағы жалақымды Шығыстану институты 70 мың теңгеден 25 мыңға бірден қысқартып тастады. «Бұларыңыз не?» – дедім, «Сіз басқа жерде де істейді екенсіз, бізде заң осылай», – деді. Еуразия университеті мені доцент ретінде қызметке алған. Екінші маусымға келгенде университет ректоры мені Отырар кітапханасына барып жұмыс істеуге жіберді. Кітапхана директоры Тұрсын Жұртбай ағам «кіші ғылыми қызметкер болсаң ғана жұмысқа алайық», – деді. Оған да «жарайды», – дедім. Бірақ көңілім түсе бастады. Өйткені мен доцент атыммен кіші ғылыми қызметкермін де, менен ғылыми дәрежесі төмендер аға ғылыми қызметкер болып жүрді. Жалақының аздығы бар, өзімнің іштей көңілім толмағаны бар, артынан Еуразия университетінің ректоры Бақытжан Әбдірайымға барып, жасалған жағдайға қанағаттанбайтынымды айттым. Сонда естіген жауабым не дейсіз ғой? «Үндемей жүре бер. Бұл жерден кетсең, жұмыс таба алмай, қаңғып қаласың», – деді. Оның сөзі ауыр тиді. Өйткені өз біліміме сенетін адаммын ғой. Қытайда Бейжің университетінде оқығанмын. Оған екі қазақтың бірі, тіпті екі ханзудың бірі түсе алмайды. Ондай университетті бітірсең, қайткенде де саған қалаған жеріңде қызмет етуге мүмкіндік беріледі. Жапонияда қызмет еттім. Қытай мен Жапонияда ғылымға көзқарас қандай болатынын жақсы білемін. Соның бәрін тастап еліме оралғанда көрген күнім анау. Мен қаңғып жүрген біреу емес едім ғой. Ректормен сөйлескен соң «қаңғысам, қаңғиын» деп, университеттегі жұмысымды тастап, кетіп қалдым – дейді ғалым. Өкпе-реніш емес, білімі бағаланбағанына ашынып отыр.

Содан Алматыға келіп Германияға хабарласады. Гумбольдт қорына өз жобасын ұсынады. Олар бірден қабылдапты. Ғалым өзінің Гумбольдт сыйлығын алған Қазақстан бойынша 14-адам екенін айтып отыр. Ал өз саласы бойынша 1-адам. Солай Германияға кетіпті. Германияда жасаған жұмысы қазіргі АҚШ-тағы жобасының алғашқы бөлімі екен.

– Қазақстанда ғалымдардың жалақысы аз, табысы өте төмен. Олар алаңсыз жұмыс істей алмайды. Ғылыми жобаларға бөлінген қаражат ғалымдардың қолына тимейді. Сонда да ғалымдар арасындағы конкурста бәсеке көп. Жобасын өткізу үшін басшылардың тілін табуға тырысады… Қазақстанда ғалымның, профессордың деңгейінен бухгалтердің деңгейі жоғары. 2008 жылы Бердібек Мәшбекұлының көмегімен АГУ-ге жұмысқа қабылданғанмын. Сол кездегі АГУ-дың ректоры Серік Пірәлиев маған өтініш жаздырып, қол қойдырып, доцент ретінде жұмысқа алды. Бірер ай өткен соң кадрлар бөліміндегі бір қыз университетке шақырды. Барып едім, менің құжаттарымды алып шығып: «мына жерде атыңыздың жанындағы доцент деген сөзді өшіріп, орнына ассистент деп жазыңыз», – дейді. «Не үшін, ол менің жалақыма қалай әсер етеді?» – дедім. Ал ана қыз «оның мұнда не қатысы бар?» – деп дікеңдеп тұр. Сонда саған аз жалақы қою үшін сені өз дәрежеңнен бас тартуға үгіттейді екен ғой. Ол қызға осындай билікті кім берген? Әрине, ректордың тапсырмасы болмаса, ол қыз олай істей алмаушы еді. Осындай жағдайлардың бәрі ғалымдардың еңсесін түсірмегенде қайтсін? – дейді, құрлық асып кеткен қандасымыз.

— Қазір Америкада қандай ғылыми жобамен жұмыс жасап жатырсыз? – деп сұрадық.

— Ол қазіргі жұмысы Орта Азиядағы, оның ішінде – Қазақстандағы тарихи жер-су аттарын анықтап, географиялық картада көрсету екенін айтты. Оның айтуынша, біз көп жағдайда көне жер-су аттарын білмейміз, оны білмеген соң бұрын шекарамыз қалай бекітіліп, қалай шегенделген, қай кезде, кімдердің белгілегенінен де бейхабар екенбіз. – Мысалы, өткен ғасырларда орыстар батыстан шығысқа созылған тауды Тянь-Шянь деп атай салды. Бұл үлкен қателік еді. Қазақтар оны Алатау, Қаратау деген. Таудың бір шеті Талас Алатауы, бір шеті Қырғыз Алатауы деп бөлінеді. Ол таудың бұрынғы аты – Алатау. Одан бұрынғы аты – Тәңіртау. Оны орыс ғалымдары қытай тіліндегі атымен Тянь-Шянь деді. Бұл ертең қытайлардың «мына жердің аты қытай сөзі, бұл жер тарихтан біздікі еді» деп шығуына негіз бола алады. Сондықтан көне тарихи атауларды қалыпқа келтіру қажет. Жалпы қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалу бойынша тарихи географияның қазақ тағдырына үлкен ықпалы бар – деді.

Орталық Азия, оның ішінде қазақтың тарихи географиясына қатысты тақырыпқа АҚШ неге мүдделі? Гарвард университеті бұл жобаға неге қызығып отыр? Ғалым біздің бұл сұрағымызға «Гарвардта «Географиялық ақпараттық жүйе» деп аталатын халықаралық бағдарлама бар. Олар тарихи жер аттарын соған енгізбекші. Бұл жоба Жапониямен, Франциямен  және Қытаймен бірлесіп жасалған, 2001 жылдан бастап қолға алынған. Қытай өз жағын, Жапония өз жерін зерттеп ұсынып үлгерді. Мәселе Орталық Азияға келгенде маман табылмапты. Орталық Азия – тарих ғылымында өте күрделі аумақ. Қытай тілін ғана біліп, оны зерттей алмайсың. Тарихи географияны ашу үшін көп тіл білуің қажет. Мысалы, көне түркі тілін, көне қытай тілін білуің қажет. Парсы, араб тілін және қазіргі қазақ, өзбек, қырғыз тілдерін де білу міндетті. Еуропа, АҚШ ғалымдарының бұл тақырыпқа тісі батпай келгені содан. Гарвард университеті бұрыннан тиянақты негіз болмаса, ғылыми зерттеуді қабылдамайды – деп түсіндірді.

Нұрлан Кенжеахметұлы карталарды зерттеуге Бейжің университетінде оқып жүргенде араласа бастаған. Қытайдың бір бай-кәсіпкері Жапониядан көне Қытайдың картасын қомақты қаражатқа сатып алып, Бейжіңге алып келіпті. Нұрланның жетекшісі көне тілдерді білетін білікті ғалым екен. Соған әлгі картаны «сараптап беріңізші» деп тапсырыпты. Ол жанына Нұрланды көмекшілікке алып, зерттеуді бастайды. Әлгі құнды, көне картаның ұзындығы 35 метр болатын Жібек жолы картасы екен. Оны ұстаз бен шәкірт екі жыл бірге зерттейді.

– Көп жер аттары Жібек жолының оңтүстік бағыты бойынша кеткен, Стамбұлға дейінгі жер аттары еді. Зерттеу аяқталғанда, Линь Мэйцунь ұстазым өз атымен үлкен монография жариялады. Еңбек жарияланысымен карта туралы талас-тартыс басталсын. Картаны Қытай олигархы бір жапоннан сатып алады. Ал ол жапонның әкесі картаны 1923 жылы Қытайдан күншығыс еліне алып өтіпті. Баласы кейін ешкімге көрсетпей қытайларға қайта сата салған ғой. Ол карта жайлы тіпті жапон ғалымдары да білмей қалады. Карта Қытайға өтіп кеткеннен кейін ғана жапон ғалымдары дүрлігіпті. Ол ғылыми әрі дәлелденген карта еді. Қазір Қытайдың тарихи музейінде тұр. Менің тарихи карталарды зерттеуім осылай 2004 жылы басталды – дейді ғалым.

Нұрлан Кенжеахметұлы қазіргі жобасын Назарбаев университетінде жұмыс істеп жүргенде білім және ғылым министрлігінің конкурсына ұсынған екен. Үш рет ұсынып, үшеуінде де өтпей қалыпты. Есесіне, жоба Гарвард университеті қолға алған ғылыми зерттеу бағдарламасы үшін өте құнды болып шығады.

–Қазір Қытай геосаясатқа қатысты өз мүддесін негізінен тарих арқылы шешуге тырысып жатыр. Олар ғалымдардның еңбектеріне сүйеніп, Үндістан жерінің шетін, оңтүстік теңіз жағалауындағы елдердің жерін тартып алуға әрекет етуде. Бұл тарихты өз мүдделері тұрғысынан көрсетуден шығып отыр. Қазіргі қазақ жері дүниежүзі бойынша тоғызыншы орында, ал халқы 19 миллион ғана. Не үшін? Егер тарихты білмесек, мұның себебін қалай ұғамыз? Тарихты білмесек, осы ұлан-байтақ жерімізді қалай сақтап қаламыз!? Көрші елдер жерімізге көз алартып отырса, не істеуіміз керек? Қазақ жерінің осынша кең болу себебі көшпенділік мәдениет, көшпелілік өмір салты екенін ғылыми негізбен түсіндіріп, дәлелдеуіміз қажет! Тарихты білу қазаққа өзін-өзі сақтап қалу үшін, елінің амандығы мен жерінің тұтастығын сақтау үшін керек. Менің мақсатым – қазақ жерінің бұрынғы территориясын, бұрынғы серілік-ақсүйектік қоғамын әлемге оң жағынан таныту. Оны жайдан-жай ешкім мойындамайды. Оны мойындату үшін ағылшын тілінде монография шығаруың керек. Оған азулы елдердің мықты-мықты ғалымдары пікір жазуы қажет. Сол жарияланған соң ғана бүкіл дүниежүзі назар аудара бастайды. Қазір халықаралық ғылыми айналымда Қазақстан жайлы тарихи ақпараттар өте аз. Сондықтан қайта бізге қазақ тарихы жайлы көбірек зерттеу жұмыстарын жасап, халықаралық деңгейде жариялау керек – деп, әңгімесін аяқтады құрлықтың арғы жағындағы қандасымыз.

Жарас Шөке
Тегтер: Без Тега