Саясат

Білім саласына араша қажет

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген бұрынғылар ойы күн тәртібінен түскен емес, түспейді де.

Jasalash.kz

Сондықтан болар білім саласындағы атқарылған жұмыстарға баға берушілер де жеткілікті. Оқулық сапасы, оқу бағдарламасы, оқыту әдістері және т.б. мәселелер ұзақ жылдар талас-тартысқа толы пікірлер қалыптастырды. Ең бастысы – білімді ұрпақөсірген білікті елге уақыт оздырмай қалай жетеміз? Өзім осы салада 50 жыл еңбек етіп, зейнеткерлікке шықтым. Маған білім беру саласының кешегісі мен бүгінгісі таныс. «Өзім илескен пұшпақтан» бүгінде қол үзгенім жоқ, қоғамдық шараларға араласамын.

Мен басты кемшіліктерді басқару жүйесінен көремін. Тәуелсіздік кезеңінде 16 оқу министрлері қызмет атқарыпты. Мына министр жақсы іс тындырды деуге аузым бармайды. Рас, жұмысты жақсы бастағандар болды(Беркімбаев Ш.К., Күләш Шамшадинова). Алайда, олардың бастаған ойларын іске асыруға мүмкіндік берілмеді. Мысалы, Күләш Шамшадинова неге келіп, не үшін кеткені әбден түсініксіз. Білімді елге айналу үшін орта білім жүйесі сапалы болуы шарт. Жақсы деп бағаланған оқулық, оқу жоспары өз нәтижесін беру үшін оны іске асыратын мамандар мен лауазым иелері дұрыс таңдалуы керек. «Балық басынан шіриді» дегендей, тікесін айтсақ, әңгіме министрліктің, министрдің жұмысына байланысты. «Жас Алаш» газетінің 28-шілдедегі №60 санында Дос Көшім інім «Асхатқа араша қажет пе?» депті. Егер бір сөзбен айтар болсам «аса қажет!». Асхат Қанатұлы туралы да алуан пікірлер бой көрсетуде. Атқарылмақ жұмысқа кез-келген пікір пайдалы. Жаңа министрге оған да қорытынды шығаруға тура келеді.

Министрліктің тізгінін Асхат ұстағалы орта білім мамандары ертеңіне үлкен үмітпен қарай бастады, сенім пайда болды. Оқу бағдарламасы, оқулық туралы жандана бастаған министрліктің тірлігі ұстаздар ойынан шыға бастады. Ұстаздар беделін қорғайтын «Педагог мәртебесі туралы» заң қолға тиді. Жергілікті атқарушы органдардың ұстаздарды «қолбала күйін кешкен»жағдайға дүшар еткен әс-әрекеттері тиісті бағасын алатын болды. Әйтпесе, атқарушы билік мектептің, ұстаздардың беделін қоғам алдында әбден түсіріп болғанды. Әкімшіліктің ұйымдастырған жиналыстарына (ортаң қол ақынның кітабының тұсаукесері, білімге қатысы жоқ маманның лекциясын тыңдауға, әр түрлі құнсыз концерттерге, т.б.) мұғалімдер сабақтарын тастап амалсыз қатысатын. Көше тазалау, сайлау науқанын жүргізу, оқушылардың үйлерін аралау мұғалімдерге міндеттелетін. Үй иесі тарапынан көрген дөрекіліктен ұстаздардың жылап еңірегендерін көзіміз көрген. Білім саласында қызмет атқарған кезімде келеңсіз жәйттермен талай арпалысқа түскенмін. Оған куәгерлер жеткілікті.

Асхатты көзім көріп, кездеспесем де адамгершілік иесі екеніне сенімдімін, айтар ойлары нақты. Жаңа министр ел басындағы кейбір қиын сәттерде нақты шешім қабылдауда. Мысалы, қашықтықтан оқыту, уақытша шара және т.б. ата-аналардың, ұстаздардың қолдана білгені болашақ үшін аса пайдалы. Бұл бағыттағы пікір білдірушілерге сабырлы болу қажет.

Баспасөз беттерінде бой көрсететін «үкіметтің отставкасы туралы» пікірлер шынға айналар заман болса, ғылым мен білімнің ойы-қырын түсінетін Қасым-Жомарт Кемелұлының Асхат Қанатұлы кем дегенде 5-7 жыл министрліктің қызметін алаңсыз атқарса, білім саласы ойдағыдай дамитынына көзін жеткізетініне де сенімдімін.

Бұл салады атқарылар жұмыс шаш-етектен. «Білім туралы» заңды да қайта қарау қажет-ақ. Бұл заңды атқарушы биліктің білгені дұрыс. Әдетте атқарушы биліктің басым көпшілігі аталған Заңмен таныспайды. «Білім туралы» заңда міндеттері көрсетілсе де билік өкілдері жұмыс барысында заңнан хабарсыз екені талай байқалған. Атқарушы билікке келушілер арнайы сынақтан өтеді. «Білім туралы» заңды сынақ заңдарымен қоса жергілікті билікке келем деушілердің білуі міндеттелсе.

Министрліктің алдындағы үлкен саясат-кадр мәселесі. Саланың барлық баспалдағында да жұмыста ысылған, жақсы менеджер ретінде қызмет атқара алатын білімді орта білім саласының мамандығының иесі жұмыс атқаруы керек. Яғни, мектеп басшылары мен жоғарғы басшылықта жұмыс атқаратын лауазым иелері дұрыс таңдалуы тиіс.

Өз аймағымыздан мысал келтірейін. Бір кезде Ақтау қалалық оқу бөлімін ұзақ жылдар ЖШС да еңбек еткен азамат басқарды, қасына бөлім басшысы болып мемлекеттік автоинспекторы жайғасты. Бір кездері облыстық білім басқармасына еш жерде өнімді жұмыс атқармаған, уақытында мұғалім дәрежесінде оң пікір қалыптастыра алмаған ханымды тағайындады. Оның мектеп директорларын жөнсіз қудалағаны үшін (жұмыстары оң баға алып жүрген мектеп басшылары) облыс әкімі бірнеше мектеп директорларынан кешірім сұрап мәселені заң аясында шешкен болатынды. Кездейсоқ, тіпті орта білім саласына қатынасы жоқ өндіріс мамандарын тағайындау, білім саласына тағайындау біздің өңірде әлі кездеседі. Осы айтылған мәселелер жөнінде облыс әкімі Ералы Тоқжанов мырзаға ұсыныс хатта жазғанмын. Хатыма жауап болмады, мәселені Е.Тоқжанов «өзінше» шешті.

Мен орта білім беру жүйесінің сапасын қалыптастыруға, дамытуға бағыт алатын жұмыс жүргізілуі керек деген ой төңірегінде жаздым.

Білім және ғылым Министрі Асхат Қанатұлы жобаларды аяғына дейін жеткізуге баршамыз тілекші болайық! Асхатқа арашашы болсақ, білім саласына араша болғанымыз

                                                       

Сайт Әкімшілігі
Тегтер: Без Тега