Әлеумет

Біртанов ауқатты қазақстандықтардың жәрдемақысын қысқарту идеясын сынға алды

Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қазақстандықтарды тұрмыстық жағдайына қарай әлеуметтік төлемдерді отбасының табысына байланысты тағайындау идеясын сынға алды.

Фото: ашық дереккөз

Ол бұл туралы журналист Тамара Ваальдің Facebook-тегі жазбасына қалдырған пікірінде жазды. Біртановтың пікірінше, әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі жәрдемақының түріне байланысты болуы керек. Мәселен, бала тууына байланысты төлемдер, әсіресе көпбалалы отбасыларға берілетін көмек, ата-ананың табысына қарамастан төленуі қажет.

"Бұл – мемлекет атынан бүкіл халыққа беретін өзіндік сыйақысы", – деп жазды ол.

Бұрынғы министр денсаулығына байланысты жұмыс істей алмайтын адамдар мен ауыр науқас балаларға тұрақты күтім жасайтын ата-аналарға қолдау көрсету маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл адамдардың жағдайы – таңдау емес, мәжбүрлі әрі кейде өмір бойына созылатын қиындық. Сонымен қатар Біртанов еңбекке қабілетті бола тұра, саналы түрде жұмыс істегісі келмейтін адамдарға берілетін жәрдемақылар жүйесін қайта қарауды ұсынды.

"Егер адам дені сау болса, елде жұмыс жеткілікті!", – деді ол.

Сондай-ақ экс-министр қазіргі және бұрынғы судьяларға берілетін жеңілдіктерге назар аударды. Оның сөзінше, өмір бойы төленетін қаражат пен Президент Іс басқармасының медициналық орталығында отбасы мүшелеріне тегін қызмет көрсету секілді артықшылықтар жоғары табысы мен зейнетақы жинақтары бар адамдарға берілгенде, балалар тәрбиелеп отырған отбасылар мен еңбекке қабілетсіз азаматтарға төленетін көмектен гөрі күмәнді көрінеді.

Сайт Әкімшілігі